Тәрбие - тал бесіктен. Есте жоқ ерте замандардан бері қазақ халқының берік ұстанымына айналған осы нақылдың бұл күндегі маңызы қандай? Қазіргі қазақ отбасылары ұл-қыздарын қалай тәрбиелеуде? Ата-ананың ізгі парызына бала тәрбиесі кірсе, сол парызды кім қалай орындауда?
Бізді қоршаған орта соншалықты шулы, толассыз ақпарат, өсек-аяң, ақтау мен даттау, бірін-бірі аңду, кім қайда жүр, не ішіп, не киді... Мүмкін осы шудан болар, отбасындағы баланың қалауы, жылауы біз үшін артық болып көрінетіні анық. Көңіл бөлуді ақшамен алмастырып, мейірімді сыйлыққа айырбастадық, қолына құлтемірді ұстатсаң балаңыз жылауды қояды, болды! Бұл өте оңай.
Ал өз балаңызды осылай тәрбиелеп отыр-ғаныңызға қарамастан, ғаламтордағы жастарды сөгіп отырасыз: “Ата-анасы қайда қарап жүр?”, “Қоғам бұзылып барады”, - деп. Қит еткен дүниеге қоғамды кінәлаймыз. Қоғам адамдардан тұрады, құрушысы да бұзушысы да біз, адамдар. Сонда біз кінәлі болмағанда, басқа кім?!
Ақ-қарасын ажыратып, оң-солын тани алатын, ұлтжанды, саналы ұрпақты тәрбиелеуде біз қай жерден қателестік? «Алдымен әкеңе барып амандас!», - дейтін Ұлжандай аналардың жоқытығы ма, әлде өзі түзде жүрсе де айбаты отбасын ұстай алатын Құнанбайдай әкелердің болмауынан ба екен? Құнанбайдың сол абырой-айбатын асырып отырған да Ұлжан емес пе? Немесе Абай үйге келгенде балаларын дәл әкесіндей өнер-білімге жақын алғыр етіп тәрбиелеп ризашылығына бөленетін Әйгерімдей асыл жардың тек әңгіме кейіпкеріне айналғаны ма? Дей тұрғанмен, көпке топырақ шашудан аулақпын. Бала-шағасын жақсы жаққа баулып барын салатын аналарымыз жоқ емес. Бірақ мені қынжылтатыны сол кісілердің бар міндетті өз мойындарына алып жалғыз көтеруі. Ал бұл жағдай өз кезегінде отбасында ер азамат, отағасы, әке деген ұғымдардың дәрежесі түсіп, маңыздылығын жоғалтуға әкелетіні анық. Біз күнделікті өмірімізде аналарымыздың бір ақылын қайталап айтып, күйгелектікке, ашу-ызаға тез берілгіш екенін жақсы білеміз. Әрі біздің психологиямыз үнемі қайталанған нәрсені ескермей, жалығып, тыңдамауға жететінімізді көрсетеді. Демек, ақырындап ана ақылы да елеусіз қалды. Осылайша тәрбиенің екі күші де әлсіздікке, тығырыққа тірелді. Міне осыдан келіп бірбеткей, тілазар, тәрбиесіз ұрпақ қоғамды өзгертуге кіріседі. Одан ары қарай айтып жатудың өзі артық.
Проблема айқын, ал меніңше шешімі біреу ғана! Әрбір ана «Еркек – басшы, әйел – бағынышты үйден, ержүрек ұлдар мен ибалы қыздар шығады.Әйел – би, ері – жасық үйден ынжық ұлдар мен көкбет қыздар шығады» дегенді естен шығармаса екен. Әкесінен именген бала ұятты да, обалды да жақсы біледі және анасын, әпке-қарындастарын сыйлайтын текті ұрпақ боп ержетері сөзсіз. Ұлы Абай: «Адамның жақсы болуы тегінде емес, тәрбиесінде, ақылында, өнер-білімінде. Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-анадан, ұстазынан, құрбысынан. Әсіресе, олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады» деп бекер айтпаған екен. Ата-анамыз өтірік айтса, алдауды, жақсылық жасаса, мейірімді болуды бойымызға сіңіретініміз ақиқат. Демек, жас ұрпақтың үлкенге құрметпен қарап, өзгелерді сыйлай алуы әйел адамның ерін қадірлеп, еңсесін көтеріп, балалары алдында бетінен алмай әдеп сақатуынан басталса керек.
Мейіргүл Камет
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.