Абайдың даналығы, Әуезовтың ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана.
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласынан Туған халқын төрткүл дүниеге мәшһүр еткен үлкен суреткер, кемел ойдың кеніші, кенен сөздің өрісі, ұлы жазушы, ғұлама ғалым асыл азамат Мұхтар Омарханұлы Әуезов 121 жасқа толды. Осы орайда Әуезов атын құрметпен иеленіп жүрген орта мектепте аудандық «Әуезов оқулары» өтті. Тоғыз мектептен 11 оқушы қатысты. Сайысқа түскен білім алушылар М.Әуезовтың шығармасынан үзінді оқып, эссе жазып, сайысты. Іс- шараны аталмыш мектептің жас әуезовтанушылары ашып, ұлы тұлғаның өмірі мен шығармашылығы бойынша ой бөлісті.
Дүниеге қазақ перзенті болып туып, адамзат перзенті болып аттанған Әуезовтың тағдыры- талай ақиқатқа қапысыз көз жеткізетін тағылым мектебі. Заманмен бірге тебіреніп, мәңгілікпен үндесе білудің айқын өнегесі. М.Әуезов ұлт әдебиетінің алтын ғасырында тұр. Абайдың ұлылығы мен данагөйлігін ашқан қазақ әдебиетінің алыбы. Осылайша ой өрбіткен жас өрендер Әуезовтың ұлылығын ұлықтады десек те болады. Сайысқа түскендер арасында бәйгенің алдын бермей, дара шапқандар да, киелі сахнаның төрін еркін меңгере алмай, жүрісі баяу тартқандар да болды. Дегенмен, ұлылықтан үлгі алуға ұмтылған жас таланттар таңдай қақтырды.
Мәнерлеп оқудан 1- орынды Әуезов атындағы орта мектебінің 9 – сынып оқушысы Бақытгүл Төкенова (Г.Мұхаметқалиева), 2 - орын Көкжота орта мектебінен Нұргүл Какенова (Сарбасова И), 3 - орынды Гүлім Құмарбекова Абай атындағы «Мектеп бала – бақша» кешенінен (Т.Әмиева) иеленді. Эссе жазуға 15 тақырып ұсынылды. Өрелі ой қозғап, ұтымды тіркес құрап, ойшыл - даналардың сөзінен үзінді келтіріп, қаламы жүрдек тартқан Ж.Шайжүнісов орта мектебінен Зарема Сембекова 1- орынды (А.Сағнаева), 2- орынды Абай атындағы орта мектебінен Орынгүл Талғатбекова (М.Қабдиева), 3 - орынды Айдана Ерғазы Көкпекті орта мектебінің 9 - сынып оқушысы (Т.Мазыбаева) қанжығасына ілді. Әділқазы төрайымы ардагер - ұстаз С.Чалова қатысушылардың жұмысына талдау жасап, табыс тіледі.
Аудандық білім бөлімінің әдіскері Раушан Қанапиянова «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілген аталған шараның маңыздылығына тоқталды. Әділқазы алқасының мүшелері К Байжұманов, М.Қапасова орамды пікір қосып,ұлы қаламгердің рухына тағзым елдігіміздің еншісі, рухымыздың бастауы екендігін айтты. Сайыс мәресіне жетті.
Маңдайы жарқырап, қазақтың үмітін жалғаған, қоламтадан жалын болып лаулап, суыған жүректі шоқтай жылытқан алып бейне көз алдымызға келіп, санамызда жаңғырды. Халқым менен де биік деп, ата-баба рухын аспанға шығарған, жүз жылда, тіпті мың жылда бір рет өмірге келетін өлшемі бөлек, өнегесін айтып тауыса алмайтын, қазақтың сорын баққа, қасіретін бақытқа алмастырған тұлпар тұяқ, қыран қанаттылардың бірегейі еді – ау...! Екі тұлғаны үндестірген осы шара ұлттық рухымызды селт еткізген, тәлімі мол басқосу болды.
М.Садыкова, Әуезов атындағы орта мектебі директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.