Еңбек ардагерлерін, егде тартқан қарияларды құрмет тұтып, оларға ерекше көңіл бөліп, барынша сый-құрмет көрсетуге мүмкіндік беретін дәстүрлі мереке – Қарттар күні Көкпекті ауданының ұйымдары мен жеке бөлімдерінде айрықша аталып өтті.
«Қарттарым – асыл қазынам» тақырыбындағы осындай кездесу «Шуақты шұғыла» бала-бақшасында, алдыңғы толқын өкілдеріне деген үлкен құрметпен, аса жоғары деңгейде өткізілді десек қателеспегеніміз. Балабақша меңгерушісі Гүлнар Жұмашеваның ұйымдастыруымен жүзеге асқан кездесуге жарты ғасырлық тарихы бар бұл ұжымда тер төгіп, бүкіл жастық жігерлері мен күштерін, білімі мен білігін арнаған жандар қонаққа шақырылыпты. Кішкентай ғана бөбектерге барлық жағдайды жасап, олардың бойына тәрбие мен білімнің нәрін құйған ардақты тәрбиешілер мен аспаздар, медбикелер және басқа қызметкерлер егде тартса да әлі сергек көрінеді.
Шақырылған қонақтар ең алдымен акт залында ұжым қызметкерлері мен балбөбектердің күшімен дайындалған концерттік бағдарламаны тамашалап, түрлі ойындар мен билерге қатысып бір жасап қалды. Сондай-ақ, көптен бірін-бірі көрмеген ардагерлер өзара қауқылдасып, қал сұрасып та үлгеруде.
Бұл күні «Айгөлек», «Ромашка» тобының бүлдіршіндері өздерінің бал тілімен екі тілде әжелерге, аталарға арналған өлең-тақпақтарын мәнерлей оқып, әсем әндері мен қызықты билерін ұсынды. Ата-әжелермен жарысып шар лақтыру, «Наши бабушки - Золушки» ойындарын ойнау балғындарға қатты ұнағанын көрмеу мүмкін емес. Әрине, бұндай кездесулер өскелең ұрпақ бойына үлкенге деген сыйластық сезімін дарытатыны да рас.
Мерекелік шараның екінші бөлімі ұжымның кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен жайыл-ған берекелі ақ дастарқан басында жалғасты. Бұл жерде дәмнен ауыз тие отырып, қариялар өздерінің еңбек тәжірибесін, бастарынан өткен қызықты сәттерін еске алысып, ұжым мүшелеріне ыстық ықыластарын жеткізе отырды. Аза Федоровна алдынан қаншама жүздеген шәкірттерді мектепке дейінгі тәрбие жолынан баптап шығарған, бұрын медбикеден бастап, меңгерушілік қызметін ұзақ уақыт атқарған аяулы қария. Ол құттықтау сөзінде қатарластарына әлі де ұзақ өмір, денсаулық, ұжымдағы жастарға табысты еңбек пен алдындағы бүлдіршіндерінің амандығын тілей келе, үлкендерді ұмытпай, құрметтегендері үшін алғысын арнады.
Өз кезегінде балабақша меңгерушісі Гүлнар Жұмашқызы шақыртуды қабыл алып келген қонақтарға жылы лебізін білдірді: - Сіздердің ерен еңбектеріңіз ешқашан ұмытылмайды. Кейінгі жастар өздеріңізге қарап бой түзейді. Біз балабақшаның намысы, осындағы тәрби-еленушілердің аман-саулығы үшін аянбай еңбектеніп, елімізді келешекте алға апаратын азаматтардың санасына бойымыздағы бар абзал қасиеттерді сіңіретін боламыз, - деді.
Балабақша ұжымы ұсынған сыйлықтарын алған қонақтар, көтеріңкі көңілмен шексіз алғыстарын жеткізіп, тарасып жатты.
Бақыт МҮЛІКОВА, ардагер ұстаз
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.