Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Жыл сайынғы қалыптасқан дәстүр бойынша Көкпекті ауданында ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасынан шыққан балаларға арналған жазғы сауықтыру лагері өз жұмысына кірісіп кеткеніне де біраз уақыт болып қалды. Бір жағынан, жазғы балажай – жасы әр түрлі балалардың бос уақытын ұйымдастыру формасы, екінші жағынан бұл баланы сауықтыру, дамыту кеңістігі. Балажай демалыс уақытындағы балалардың толық демалуларына, танымдық қызмет түрлеріндегі білім мен іскерліктерін арттыруға жағдай жасайды. Жазғы үлкен үзіліс ұзақ оқу жылынан кейін мектеп оқушыларының денсаулығын нығайту, денесін шынықтыруы, күш жинауы үшін беріледі. Бұл - олардың рухани баю, өз күштерін тексеру және байқап көру, қоршаған ортаны игеру және түсіну уақыты.

 

Біздің ауданда оқушылардың жазғы демалыстарын тиімді өткізулеріне білім беру бөлімі мен әкімшілік тарапынан ұдайы көңіл бөлініп, жыл сайын бұл мезгілде арнайы балажайлар ұйымдастырылады. Оқу жылы аяқталысымен мектеп оқушылары жазғы демалыс орындарына баруға асығады. Жайраңдаған жаздың қуаныш пен шаттыққа толы ұмытылмас естеліктері балалардың осындай жазғы демалыс балажайынан бастау алары сөзсіз.
Біздің ауданымызда балаларға арналған екі бірдей демалыс орны жұмыс істеп тұр. Солардың бірі Мойылды ауылындағы «Балауса Көкпекті 3» спорттық сауықтыру кешені. Аталмыш балажайда І ауысымда 40 бала демалады. Аталған кешенде бес ауысым бойынша жұмыстар атқарылатын болса, бүгінде жазғы демалыс орнында 40 балдырған уақыттарын көңілді өткізуде.
- Жыл сайын әр ауысым бойынша әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасының балалары лагерьдің белгіленген кестесіне сай демалады. Балалардың бос уақытын тиімді әрі қызықты ұйымдастыру бағытында жұмыс жоспары құрылып, шаралар өткізіледі. Балалар таза ауада шынығып қана қоймай, туған өлкеміздің ғажап табиғатымен және тамыры терең тарихына қанық болады. Олардың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру біздің басты мақсатымыз. Лагерьде демалушыларға сапалы, түрлі дәрумендерге бай асхана мәзірі ұсынылуда. Бекітілген жоспарға сәйкес лагерь демалушылары күн сайын әр түрлі саяхаттар жасайды, - дейді «Көкпекті –Балауса 3» балажайының директоры Алмагүл Айтанқызы Айдарғазина.
Тағы бір, тілге тиек етіп айтатын демалыс орын Новостройка ауылындағы «Көкпекті Балауса 2» спорттық сауықтыру балажайы. Бұл демалыс орындарында 40 баланы барлығы 5 ауысыммен қабылдайды. Аталмыш балажайларда көп балалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларына да демалуға мүмкіндіктер бар. Демалуға келген оқушыларды күнделікті мектеп мейірбикесі денсаулықтарын тексеріп, олармен сауықтыру іс-шараларын жүргізеді. Бұнда балалардың сапалы тамақтануы да назардан тыс қалмаған. Арнайы бекітілген ас мәзірі бойынша оларға 5 мезгіл тамақ беріледі.
- Жазғы демалыс – балалардың жыл көлеміндегі бос уақытының айтарлықтай бөлігін алады. Ол мектептегі сабақтан гөрі баланы еркіндікке, өзі үшін қызықты істерді жасауға мүмкіндік тудырады. Осы орайда, балажай бағдарламасының мазмұны жұмыс бағыттарының кеңейтілген түрлерін ұсынады және әрбір балаға еркін таңдау мен қызығушылық негізінде өзінің даралығын, әртүрлі істе бірегейлігін ашып, көрсете білуге бейімдейді. «Көкпекті Балауса 2» жазғы сауықтыру лагерінде 40 оқушы тәрбиеленеді. Таңғы сағат 9.30-дан түскі сағат 15.00-ге дейінгі уақытта, таңғы жаттығу, түрлі сауықтыру ойындар, түскі ас, мектепке даярлық жұмыстар осы мезгіл аралығында қамтылған. Балажайда екі топқа бөлініп, түрлі ой жүйріктігін, тіл байлығын дамытатын, танымдық сабақтар өткізіліп тұрады. Мысалы: «Жолда жүру ережелерін сақтау», «Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ», «Кім күшті», «Әнші болғым келеді», «Тапқыр дос», «Туған өлкем Қазақстан» т.б. Балажайда жұмыс істейтін тәрбиешілер мен медбике балалардың әр уақытын бос жібермеуін қадағалайды, - деп өз сөзін түйіндеді балажайдың директоры Гаухар Жолдыбайқызы Бектасынова.
«Бала күлкіге тоймас» дегендей балалар көңілді демалып, жанын әнге, сылдыр күлкіге тойдырып екі балажайда да әр түрлі іс-шаралар мен спорттық ойындар өткізіліп тұрады. Осылайша лагерьдің әр күні мәнді де сәнді өтеді. Бұл тұста балалардың демалыс күндерін қызықты өткізуге үлес қосқан тәрбиешілердің еңбектерін ерекше атап өтіп, жоғары бағалауға болады. Олар балажайдың қызықты, көңілді өтуіне аянбай, шаршамай өз үлестерін қосқаны байқалып тұр. Әр күнін қызықты өткізетін оқушылар өз ойларын былай жеткізді.
Зарина Тұрсынова, Самар ауылы, 8 сынып оқушысы:
- Маған балажай өте қатты ұнайды. Мұнда көп нәрсені үйрендік. Достарым да көбейді. Олармен ән айтамыз, би билейміз, түрлі ойындар ойнаймыз. Келесі жылы осы лагерде тағы демаламыз деп ойлаймын.
Мақпал Слямбекова, Көкжайық ауылы, 8 сынып оқушысы:
- Балажайға келгеніме қуаныштымын. Мұнда апайлар да, ағалар да жақсы, бізді ауданымыздың тарихи жерлерін аралатып, таныстырады. Түскі ас та берді, тағамдар да дәмді. Достарыммен жылда осында келуге асығып тұрамыз.
Диляра Сыдықова, Көкпекті ауылы, 7 сынып оқушысы:
- Мұнда балалармен өткізген қызықты сәттерімді ұмытпаймын. Балажайда біз дем алып қана қоймай, білімдерімізді шыңдаймыз. Мысалы мұнда үштілділік саясаты аясында ағылшын тілін меңгереміз. Әр тілде тақпақтар жаттап, өлеңлер оқып, әр күнімізді қызықты өткіземіз.
Аян Рақышев, Теректі ауылы, 7 сынып оқушысы:
- Лагерь жақсы. Үйде демалғанша осында келіп, көп үйреніп, жамандықтан жиреніп, күнімізді қызықты өткіземіз. Астанымыздың 20 жылдық мерейтойына орай, көптеген сурет көрмесі, өлеңдер оқу сынды берері мол дүниелер ұйымдастырылып, солардан біз, үлкен сабақ аламыз.
Әмина Қайсанова, Самар ауылы 7 сынып оқушысы:
- Балажай мені қатты қызықтырады. Әрі біз бұл жерден көп нәрсе үйрендік. Түрлі ойындар ойнаймыз. Ол маған сонысымен қызық. Келесі оқу жылына да осында өткізуді жоспарлап қойдым.
Ауданымызда «Көкпекті Балауса 3» және «Көкпекті Балауса 2» жазғы сауықтыру балажайлары әрқашан балалардың жазғы демалысын ұмытылмастай етіп іске асыруға бар күш-жігерін салуда. Жаздағы жақсы демалыс - жыл бойына қажетті күш-қуат. Жаз айлары – балалардың толыққанды демалып, денсаулықтарын нығайтып жаңа оқу жылының күшпен бастаулары үшін қолайлы уақыт. Осындай демалыс орындары балалардың денсаулығын жақсартуға, қоршаған орта табиғатымен танысуға, жаңа достар тауып, басқа ортаның балаларымен еркін араласуға, ой-өрістерін дамытуға зор ықпал ететіні анық.

Клара ҚАЙЫПЖАНҚЫЗЫ

Пікір:

Редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов. 

 

 

Күнтізбе

<< < Шілде 2018 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
24 25 26 27 28 29
30 31          

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз