Тағы бір оқу жылы ойдағыдай тәмамдалды. Өткен аптада аудандағы білім ошақтарында соңғы қоңырау соғылып, 218 оқушы мектеп бітірді. Олардың «Алтын белгіге» үміткері – 26, ҰБТ-ға қатысатыны – 154.
Көкпекті ауданының әкімі Асхат Сайдахметұлы Смаилов бұл күні Жақия Шайжүнісов атындағы орта мектепте өткен салтанатты шараға қатысып, түлектерге алда жаңа белестер күтіп тұрғанын айтып, ақ жол тіледі.
- Бүгін – ерекше күн. Түлектер, алтын ұя – мектептеріңмен қоштасып, жаңа өмірдің есігін ашасыңдар. Осы қуанышпен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Сендер үлкен өмірдің табалдырығында тұрсыңдар. Алда қаншама сынақ бар. Қайда жүрсеңдер де абыройлы, адал еңбек етіңдер. Ұстаздарыңыз бен ата-аналарыңыздан алған терең, сапалы білімдеріңіз болашақта барлық армандарыңызды іске асыруға көмектесетініне сенімдімін. Әрбіріңізді жаңа жеңістерге шабыттандыратын мақсаттар қанаттандырсын, – деді аудан басшысы түлектердің ҰБТ-ны сәтті тапсыруларына тілектес екенін білдіріп.
Аталмыш оқу ордасының директоры Қажет Жүнісбекұлы жылды табысты қорытын-дылағандарын, оқушылардың түрлі білім додаларындағы нәтижелері қуантарлық екенін айта келіп, мектеп бітірушілердің алдағы сынақтан сүрінбей өтіп, үміттерін ақтайтынына сенім білдірді. Мектеп бітіріп жатқан 40 түлектің алтауы – «Алтын белгіге» үміткер.
Ата-аналар атынан сөз сөйлеген мектеп бітіуші Жұмабеков Олжастың апасы балаларын білім нәрімен сусындатып, болашаққа дұрыс бағдар сілтеген ұстаздар қауымына алғыс жаудырды.
Бүлдіршіндер топтанып тамаша би билеп, түлектерге арнаған өлеңдерін оқыды. Шара соңында мектеп бітірушілер үйлесімде соңғы вальс билеп, тілек тілеп, түрлі-түсті шарларымен қоса ақ көгершіндерді әуелетті.
Ал, Көкпекті орта мектебінде де шара мемлекеттік Әнұранмен ашылды. Ақ бантик таққан қыздар мен сымбаты келіскен бозбалалар, баласының қуанышына ортақтасқан ата-ана, шәкірттерін қимай жүрген ұстаздар мектеп алаңына жиналды. Одан кейін мектеп директоры Аслан Танысбаев оқушылар мен ұстаздарды мерекелерімен құттықтап, ақ тілегін жеткізді.
Шараға «Нұр Отан» партиясының Көкпекті аудандық филиалының кеңесшісі Гүлбарам Майлыбайқызы Ақшабаева қатысып, ел ертеңі – білімді жастар екенін айтып, «жас түлектердің келешегі жарқын болсын» деп сәт сапар тілеп, мектеп ұстаздары Ж.Алпысбаев пен А.Гусеиноваға «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының Алғыс хатын табыстады. Мерекелеу одан әрі жалғасын тауып, мектеп бітірушілер ән айтып, би билеп, көңілді флешмоб ұйымдастырды.
Бұл күні, Ж.Болғанбаев атындағы Самар орта мектеп-лицейі мұғалімдерімен қатар, мектеп бітіруші түлектер үшін де ерекше маңызды екені анық. Шараның шымылдығы еліміздің Әнұранымен ашылды. Одан кейін мектеп директоры Баян Бағисова оқушылар мен ұстаздарды мерекелерімен құттықтап, ақ тілегін жеткізді. 2017-2018 оқу жылының мектеп үшін табысты өткендігін айтып, сол үрдістің жалғаса беруіне тілектестігін білдірді. Сонымен қатар, мектеп ұстаздары Б.Хасенова, Б.Ахметқалиева және А.Кезеңбаеваны Қазақстан Респуб-ликасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» атты мақаласы негізінде жүзеге асырыл-ған «100 жаңа есім» жобасы аясында жинақталған «OZATTAR – Қазақстан білім саласы үздіктерінің энциклопедиясы» жобасына қаты-сып, Республика білім саласы үздік қызметкерлерінің қатарынан көрінгендері үшін Құрмет грамоталарымен марапатталды. Сөз кезегінде, салтанатты шараның арнайы қонағы Көкпекті ауданы әкімінің орынбасары Марат Қапарұлы Теміржанов соғылған соңғы қоңырау мектеп бітіргелі тұрған түлектердің ең соңғы қоңырауы екенін тілге тиек етіп, бұл олардың өміріндегі мәңгі есте қаларлық оқиға болатынын сөз етті.
- Бүгін шуақты мамыр айының күнінде, барша оқушылар қауымы асыға күткен мереке де келіп жетті. Соңғы қоңырау мейрамы әр адамның есінде қалатын өмірдің ең жақсы күндерінің бірі болып келеді - деп жылы лебізін білдірді.
Сыңғырлаған қоңырау үні вальспен жалғасты. Салтанатты шара барысында білім ордаларында оқушылар өздеріне тәлім-тәрбие беріп, әліппені үйреткен, отансүйгіштікке, ізденімпаздыққа, ізгілікке баулыған ұстаздарын құттықтап, шексіз алғыстарын білдірді. Сондай-ақ, аталмыш салтанатқа білім ошағынан 1988 жылы үлкен өмірге аяқ басқан алғашқы түлектері, мектепті аяқтағандарына 20 және 5 жыл толған түлектер арнайы келіп, өз тілектерін білдірді. Олар алтын ұя мектептеріне кіріп оқушы кезіндегі естеліктерін естеріне алып, өз қуаныштарын жеткізді.
Алда түлектерді талай сынақтар күтіп тұр. Сол сындардан сүрінбей өтсін деген тілектермен соңғы қоңырау салтанаты өз мәресіне жетті.
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.