Мүмкіндігі шектеулі балалардың шығармашылығын дамытуға бағытталған шара аудандық Қалихан Алтынбаев атындағы мәдениет үйінде өтті. Биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған республикалық Жұлдыз-ай фестивалінің аудандық кезеңінде мүмкіндігі шектеулі балалар өз өнерлерін ортаға салды.
Республикалық «Жұлдыз-ай» фестивалінің аудандық кезеңі әлеуметтік белсенділікті арттыру, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында өткізілді. Білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткен фестивальға ауданның түкпір-түкпірінен келген өнерлі балалар қатысты.
Шараға қатысушылар би билеп, ән шырқады. Бұған қоса сурет, қолөнер және өз қолдарымен жасаған сәндік-қолданбалы бұйымдарынан көрме ұйымдастырып, бағаланды. Балалардың өнерін тамашалауға келген құрметті қонақтар аудан әкімінің орынбасары Дәурен Қойгельдин, ішкі саясат бөлімінің басшысы Бек Нұғыбаев, зейнетақы төлеу орталығы басқармасының басшысы Жібек Жадрина, балалар өнер мектебінің директоры Асқар Сүлейменов, ветеринария бөлімінің басшысы Ербол Төлешов, мешіттің наиб имамы Кенжебек Ахметқалиев, аудандық «Қазпошта» бөлімшесінің басшысы Айдар Сыдықов, кәсіпкерлер палатасының маманы Зухра Қалиева, жастар орталығының директоры Азамат Қалықов, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының басшысы Райхангүл Баймолдина, «Қазақтелеком» АҚ аудандық бөлімшесінің басшысы Асылбек Ахметжанов қатысты. Байқауда сөз алған аудан әкімінің орынбасары Дәурен Қойгельдин:
- Құрметті жерлестер, ұстаздар, балалар! Бүгін бір керемет шара ұйымдастырылып, өткізіліп жатыр. Осында келген барлықтарыңыздан сұрайтыным балалардың өнеріне демеу беріп, қолдап, көмек жасайық. Олар болашақта үлкен өмірде өз жолдарын тапсын. Мысалы, ауылдасымыз Жанна Жабекованы үлгі ретінде айтып өтсем. Ол өз қолөнері арқылы республикаға танымал, қазіргі күні ірі компаниялармен серіктес болып, тендерлерге қатысып жүр. Жалғыз Жаннаның ғана емес бүгінгі фестивальге қатысып отырған балалардың да болашақтары зор, - дей келе, мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасайтын коррекция орталығы мен арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының ұжымдарына шыдамдылықтары үшін алғысын білдірді.
Сондай-ақ, аудандық білім , дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ш.Мұстафинова, мешіттің наиб-имамы К.Ахметқалиевта әлеуметтік топтағы балаларға денсаулық, жарқын болашақ және әрқайсысының жұлдыз болуларына тілектестік білдірді.
Ән аталымы бойынша арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының тәрбиеленушісі Артем Дюсюпов, Көкжыра ауылының Амангелді әлеуметтік мектебінен Бұйырған Бекзат, Көкжайық орта мектебінен Ақбота Аңсағанова, Құйбышев атындағы негізгі мектебінен Тоғжан Нұрсәлімова, Ж.Шайжүнісов атындағы орта мектептен Әлібек Мәметеков, Октябрь мектеп-балабақша кешенінен Юлия Старикова сайысқа түсті. Жұлдыз-айдың жұлдызы болған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының тәрбиеленушісі Артем әділ қазылар алқасын «Мереке», «Детство» әндерімен баурап,төрешілерді де, көрерменді де тәнті етті. Ал, би аталымы бойынша сайысқа түскен биші қыз Маржан қазақ биін мың бұрала келістіре биледі.
Бұл байқауда әрбір қатысушы жеңімпаз. Олар тағдырдың жазуымен мүмкіндігі шектеулі болса да, мүмкіндігінің шексіз екенін дәлелдеуге қауқарлы. Қатысушылар шетінен талабы биік талантты бүлдіршіндер екен. Балалар енді келесі жылға дейін «Жұлдыз-айды» тағы да тағатсыздана күтеді. Себебі, бүгінгі күні аталған фестиваль жеткіншектердің өнері сыналатын алаңға айналған.
Ізгі ниетті шараға келген қонақтар балаларға сыйлықтарын табыс етіп, естелік суретке түсті.
ШОЛПАН НҰРҒАЛЫМОВА
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.