Аудан орталығындағы іргелі қарашаңырақ Ж.Шайжүнісов атындағы орта мектепте Қ.Алтынбаевтың 90 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Көкпекті аудандық білім беру, спорт және дене шынықтыру бөлімінің ұйымдастыруымен өткен жиынға әдіскерлер, аудан мектептерінің тарих және қазақ тілі мен әдебиет пәндерінен сабақ беретін мұғалімдер және дарынды оқушылар, БАҚ өкілдері қатысты. Ауданымыздың ардақты азаматы болған, айтыскерлігімен даңқы шығып, кейінгі ұрпаққа тәлімі мол мұра қалдырған дара ақын Қалихан Қалиасқарұлының шығармашылығын кеңінен насихаттау, жас жеткіншектерді отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатын көздеген жиын аса әсерлі өтті.
Білім мекенінің акт залы алдында «Сөзі жібек, жыры кесте жерлесім!» атты кітап көрмесі көз тартады. Қ.Алтынбаевтың әр жылдары баспадан шыққан кітаптарымен қоса жергілікті ақындардың да шығармалары орын тепкен бұл көрмені білім ордасында ұзақ жылдар кітапханашы қызметін қалтқысыз атқарып жүрген, өз ісін әрдайым жоғары қоятын кітапхана меңгерушісі Қ.Ахметқалиева көпшілік назарына ұсынды.
«Рухани жаңғыру» аясында өтіп жатқан ғылыми-практикалық конференция алдын ала жасалған бағдарламаға сай «Баба рухына тағзым» атты Ж.Шайжүнісов атындағы ОМ қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі А.Қалиева оқушылармен дайындаған әдеби-монтажбен басталды. Келесі кезекте өз ретімен І.Жансүгіров атындағы ОМ тарих пәні мұғалімі В.Қалбағаева дайындаған «Даңғыл жол» атты Қалихан Алтынбаевтың өмірі туралы презентациясы, Көкпекті ОМ қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Т.Мазыбаеваның «Кемел ойдың кеніші, кенен сөздің өрісі» тақырыбында ақын шығармашылығын зерттеуі аса тартымдылығымен ерекшеленді. Балауса ақындардың Қалихан Қалиасқарұлының рухына арнап шығарған жыр жолдары тыңдарман жүрегіне жол тауып, көңіл қылын тербегені шындық. Бұған қарап, «Ат тұяғын тай басар» нақыл сөзінің растығына, ақын мұрасын жалғастырушы жас толқын қаулап өсіп келе жатқанына шексіз риза боласыз. Атап кетсек, Ж.Шайжүнісов ОМ Ғайни Беденқызы, Болатхан Құсайынов 10 сынып, Іңкәр Дәлелхан, Досбол Алпысбаев 11 сынып, Көкпекті ОМ Айдана Ерғазықызы, Құралай Меделханқызы 8 «Б» сынып оқушылары жалынды жырларын мәнеріне келтіре, терең сезіммен оқып берді. (Жетекшілері Д.Шакарбекова, Т.Мазыбаева).
М.Әуезов атындағы ОМ өлкетанушы-тарихшы мұғалімі Ж.Баймамырованың көркемсөз шебері Қалихан ақынның әдеби мұрасынан, шығармашылығынан зерттеп, жеке өмірінен, бабалық шағынан тыңдарманға ұсынған қызықты оқиғалары ғылыми конференцияның маңызын арттырып, мағынасына бояу қосқаны анық.
Қалбатаудың қарт қыранын еске алып, жерлестері мен өскелең ұрпақ рухына құрметпен бас иген әсерлі жиынның соңы мәдениет үйінің әншілері Б.Өмірсерік, Н.Қайратұлы, Т.Заманбековтың орындауындағы әуезді әндермен жалғасып, әрлендіре түсті.
Балалар өнар мектебінің директоры А.Сүлейменов балауса ақындар мен оларды баптап жүрген ұстаздарына Қ.Алтынбаевтың 90 жылдығын атап өтуге қосқан үлесі үшін аудандық білім беру бөлімі атынан Мақтау грамоталарын табыстауы конференцияның қорытынды кезеңіндегі ең шырайлы сәті болды.
Бәтес Сәукетайқызы Нукушева, аға оқытушы, тарих пәні мұғалімі, Абай атындағы орта мектебі, Бастаушы ауылы:
- Бүгінгі шара өте жоғары деңгейде өтті. Егемендігімізге ие болғалы қазақ жерін жаудан қорғаған батырларымызды, шешен сөзбен топ жарған билерімізді, ақын-жазушыларымызды ұлықтау, олардан қалған бай тарихи мұрамызды қайта жаңғыртуға кеңінен жол ашылғаны мәлім. Сол асыл мұраны, салт-дәстүрді бізге дейін жеткізіп, оны зерделеп, жинақтап қалдырған ақындарымыздың бірі - жерлесіміз Қ.Алтынбаевтың шығармашылығы әлі де зерттеуді қажет етеді. Оқушы бойына туған жерге деген сүйіспеншілік пен өткенді сараптап, қадірлеу сезімін қалыптастыру біздің, яғни ұстаздардың мойнына артылған парыз деп білемін. Баршаларыңызды есімі елге аян суырыпсалма ақын Қ.Алтынбаевтың 90 жылдығымен құттықтаймын!
Бақыт МҮЛІКОВА
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.