Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

1986 жылы жаз айында Жарма ауданының Қапанбұлақ ауылында бір ақын келіншек бар дегенді Сембай Жансақовтан естіп, Қалихан ағамыз Жармаға іздеп келді. Ол кезде мен Қапанбұлақ ауылының Тұрлыхан Хасенұлы атындағы жалпы орта білім беретін мектепте мұғалім болып істеймін. Жақын қоныстанған барлық ауылдар мен совхоздарда болған тойды басқарып, келіннің бетін ашатынмын. Бірде Егінбұлақ деген ауылға той жүргізіп, келіннің бетін ашып, құдаларын күтіп таң ата үйге келдік. Күн жексенбі болғандықтан дем алып, жайырақ тұрмақшы болып жатқанда есік қағылды. Жолдасым терезеден қараса, үй артында қара волга тұрғанын көреді. Маған келіп: «Тұр, кісілер келді» деді де, барып есік ашты. Мен де дереу киіне бастадым. Біздің мектепте істейтін ардагер ұстаз Тәңірберді Ерменбаев деген ағамыз әйелі Бақжамал апай екеуін танимыз. Ал қасындағы орта жастағы екі қонақты танымадық. Аққұбаша үлкендеу кісі төрдегі диванға отыра қалып, домбыраны қолына алып, әндетіп қоя берды.


Білмейсің, Дәмеш іздеп келгенімді,
Айтайын енді саған көргенімді.
Ауыл келіні түске дейін
ұйықтай ма екен?
Бұзау жеп жатыр әне белдеуіңді.
Қалихан деген болады атым менің,
Қапанда бар деп естідім ақын келін.
Егерде жауап берсең өлеңменен,
Әрине, бұлдамаймын аттың терін, - деп домбыраны маған ұстата салды.
Халатты кие салып, босағадағы орындықта шоқиып отырған мен домбыраны қолыма алғанда, абдырап отырған есімді жиып:
Ағажан, келіп қапсыз уақыт тарда,
Жақсыда әрқашанда жаттық бар ма?
Алыстан сіздей аға іздеп келсе,
Мен үшін одан артық бақыт бар ма?
Ағажан, көріп тұрсыз үйім мынау,
Ел қатарлы тірлігім, күйім мынау.
Көңіліңіз толды ма, толмады ма,
Мыжырайып отырған түрім мынау, - деп домбыраны ұсындым да, дастархан жаюға шығып кеттім. Қалекең риза болып, қарқылдап күлді де, Тәңірберді ағаға қарап:
Келгенім дұрыс болған екен, - деді.
Мал сойып, қонақ болып, қайтарда Қалекең келген шаруасын айтып, тапсырмалар берді.
Ол кезде облысаралық айтыс жүріп жатқан кез еді. Алдында Семей облысы Жамбыл облысымен айтысып, жеңіске жеткен. Ендігі кезекте Шымкент облысымен айтысады екен. Шымкент туралы мәлімет беріп, қараша айының аяғында команда болып, Алматыға баратынымызды ескертті. Осы жылы қазан айының аяғында Көкпектіде, Алматыда өтетін айтысқа дайындық ретінде Ақсуат, Көкпекті, Шұбартау, Аягөз аудандары арасында семинар өтіп, Көкпектіде аймақтық айтыс болды. Сол айтыстан іріктеліп шыққандар әнші, термеші, күйшілерімізбен Алматыға баратын болдық. Қалихан аға бастаған біздің құрамда ардагер ұстаз, журналист-ақын, бірнеше кітаптың авторы (жыр жинақтардың) Мәуітқазы Зүкенов ағамыз, ақын Мұрат Көбдіков ағамыз, ақын Сембай Жансақов, Алматыда «Ара» журналында қызмет атқаратын журналист-ақын Тоқтархан Шәріпжанов (Семей облысы атынан шыққан) және мен.
Әнші-термешілер: Аманкелді Жікенов, Әбдікәрім Зұлынов, Ахат Әшіров, Шолпан Мұхамбетовалар болды. Бізді Облыстық мәдениет басқармасының бас маманы Нағима Әбділдина жетекшілік етіп, қараша айының аяғы желтоқсан айының басында Алматыда болдық. Айтыста әр облыс өз жетістіктерімен қоса қарсылас облыстың кемшіліктерін тілге тиек етеді және жұмбақ айтыс, тақырып айтыс, қыз бен жігіт айтысы, сүре айтыс бәрі қамтылды. Алдымен тақырып айтысқа Семейден Мұрат Көбдіков ағамыз бен шымкенттік Халел деген үлкен кісі шықты. Шымкенттік ақын жеті ақ дорбаға шөп салып, оны бір-біріне тіркеп алып келіпті. «Семей әр облыстан малға шөп сұрағанша, осы шөпті даласына неге екпейді», - деп, Мұрат ағамыз жеңіліс тапты да, дорбалар үстелде қап қойды. Екінші болып қыз бен жігіт айтысына Шымкенттен Камал Ендібаев деген ақынмен мен шықтым. Ол бірден шаруашылық пен облысының жетістігі туралы дайындағанын толғай жөнелді. Кезек маған келгенде:
«Айтыстың ережесін сақтамадың,
Шымкенттің үмітін де ақтамадың.
Кезекті қыз бен жігіт айтысында,
Қызық екен облысыңды мақтағаның.
Шаруаның жайын айтсақ, сорлағаның,
Онда сенің жолыңның болмағаны.
Өз басыңа пәле боп жабыспасын,
Шымкенттен алып келген дорбаларың.
Немене, ішіндегі алтын ба еді,
Дорба арқалап жүретін салтың ба еді.
Ағамыз да қу екен алмай кетті,
Пәлекет өзіменен қалсын деді, - деп Камалға дүрсе қоя бердім де:
Камалға менің көңілім толмай отыр,
Айтысуға зауқым да болмай отыр.
Қыздарменен үйренген майдандасып,
Бері шақыр Әбдікәрім қайда отыр, - деп шымкенттік Манап Көкеновтың ұлы Әбдікәрім Манаповты айтысқа шақырдым. Ол домбырасын қолына алып келе жатыр еді, шымкенттіктер алдынан шығып, жібермей қойды. Сөйтіп Камал Ендібаев жеңіліс тапты.
Үшінші болып сүре айтысқа Сембай Жансақов пен Әселхан Қалыбекова шығып, Сембай жеңіп кетті. Мәуітқазы Зукенов ағамыздың қарсыласы келмей қалғандықтан, ол кісі айтысқа шыққан жоқ.
Әбдікәрім Манапов пен Сембай Жансақов жұмбақ айтысқа шығып, Сембай жеңіске жетті. Тек Қалихан ағамыз Таушан апамыздан бір балл төмен болып, шымкенттіктерден бір ұпай жеңіліс тапты.
Осы сапардан кейін Қалихан ағамен көп айтыстарға қатыстым. Ал ұстазымның өзімен үш рет айтыстым. Үш ретінде де ол кісі жеңіліп, маған ризашылығын білдірген еді. Қалекеңнің жетектеген екі шәкіртінің бірі Сембай Жансақов, екіншісі мен едім. Айтысқанда қалжыңмен әдейі тиісіп отырушы еді. Мен ол кісінің қайрағаны екенін түсінемін. Сондықтан қатты айтпай, тиісуіне сөз тауып, жауап қайтарып отырамын. Ұстаз бен шәкірт арасындағы сыйластық пен байланыс осылай өрбіген еді. Ол кісі маған үлкен сенім білдірді. Сол сенімін ақтау менің парызым болды. Жалпы өнер мен білім жолында ұстаздан бағым жанған адам екенімді түсіндім.
Мектеп қабырғасында сынып жетекшім (қазақтың Қанипасы) Қанипа Бітібаева болса, өнердегі ұстазым, алғашқы өлеңдерімді үнемі облыстық газетке басып, талантымды ұштаған. 1990 жылы облыстық деңгейде менің шығармашылық кешімді өткізген (өзім бара алмай қалсам да) бұрынғы облыстық газеттің редакторы, кейіннен «Ақ Ертіс» журналының редакторы болған, бірнеше жыр жинақтардың авторы ақын Серік Ғабдуллин еді.
Ал, айтыстағы ұстазым Қалекең болса, Семей педагогикалық институтының қабырғасында Алаш арыстарының соң-ғы тұлғасы, ғалым, абайтанушы Қайым Мұхаметханов, ғалым, филология ғылы-мының докторлары Қуандық Мәшһүр Жүсіпов, Арап Сіләмұлы Еспенбетов, профессор Қинаят Шаяхметұлы сияқты тұлғалар еді.
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, өнердегі ұстаз ісін жалғастырып, бүгінгі таңда қазақтың болашағының ұстазы болып отыруым да осыдан шығар. Көкпекті ауданында өтіп жатқан Қалекеңнің 90 жылдығына арналған Республикалық мерекені ұйымдас-тырушыларға, осы ауданның әкімі Рамил Нығметжанұлы Сағандықовқа алғысымды білдіремін. Той мерекелі, ел берекелі болсын демекпін.


Дәмеш Омарбаева,
Семей қалалық мәдениет Сарайындағы «Халықтық» ақындар орталығының жетекшісі, ҚР мәдениет қайраткері, Республикалық «Бірлік» алтын медалінің иегері, Республикалық «Ең үздік бапкер-ұстаз» атағының иегері, «Еңбек ардагері» медалінің иегері, Жарма ауданының құрметті азаматы, Қапанбұлақ ауылының құрметті азаматы, Республикалық айтыстардың лауреаты

Пікір:

Редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов. 

 

 

Күнтізбе

<< < Қараша 2017 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30      

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз