Ағымдағы жылдың 2 наурызында, Көк-пекті ауданы әкімінің орынбасары Е.Қ.Қал-дыбаевтың төрағалық етуімен ауданның білім мекемелері басшыларымен Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы аясында «Көкпекті ауданының білім беру мекемелерінде үш тілде білім берудің өзекті мәселелері» тақырыбында семинар-кеңес өткізілді.
Семинар-кеңеске мектеп директорлары және балабақша меңгерушілері қатысты. Семинар-кеңесте аудан мектептеріндегі мемлекеттік тілдің жағдайы, атқарылып отырған жұмыстар сөз болды.
Жиында алғашқы сөз алған білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ш.Мұстафинова «Көкпекті ауданының білім беру мекемелерінде Қазақстан Республикасының тілдерді дамыту және қолдану заңнамаларының орындалуы туралы» ақпарат берді. Бөлім басшысының айтуынша, «Елбасының 2011 жылғы 29 маусымдағы №110 Жарлығымен бекітілген «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» іске асыру мақсатында ауданда жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіліп, барлық iс-шаралар толық және дер кезiнде орындалып, барлық білім беру ұйымдарында қолданылып жүрген басқа да тiлдердiң аудан аумағында дамуына, мемлекеттiк тiлдiң қоғамдық өмiрдiң барлық салаларында кең қолдануына қолайлы жағдайлар жасау жөнiндегi қызметiн үйлестiру барысын айтты. Сондай-ақ, барлық білім беру мекемелерінің жеке жоспарларына сәйкес кештер, апталықтар, кіріктірілген ашық сабақтар, сыныптан тыс шаралар, оқушылар арасында ақын-жазушылардың шығармаларын жатқа оқу байқауы өткізілетінін және білім беру ұйымдарының атқарып отырған жұмыстарына тоқталды. Жиында Самар бастауыш мектебінің директоры О.Любашова «Самар бастауыш мектебінде қазақ тілін оқыту сапасы мен Қазақстан Республикасының «Тілдер туралы» Заңының орындалуы», Октябрь мектеп-балабақша кеше-нінің директоры К.Қожаева «Үш тілде білім беруді дамытудың 2015 – 2020 жылдарға арналған Жол картасының орындалуы және тілдік пәндерді оқыту сапасы» туралы және Қ.Аухадиев атындағы орта мектептің директоры Т.Шаймарданов «Шығыс Қазақстан облысында көптілділікті дамытудың Кешенді бағдарламасын орындау туралы және тілдік пәндер бойынша оқушылардың білім сапасы» тақырыбында баяндамалар оқыды.
Семинар-кеңесті қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қалдыбаев: «Тіл саясатының жүзеге асырылуына ұдайы назар аударып отыру, сол арқылы уақыт ағымына сай туындайтын жаңа міндеттерді айқындау – жауапты мәселе. Мемлекеттік тілдің аясын кеңейту де зор мақсат. Бұған әрдайым назар аударып, ортақ мәселелерге байланысты ой-пікірлерімен бөлісіп отыру – келелі іс. Мемлекеттік тілдің жағдайы әрбір жанашыр азаматты толғандырары сөзсіз. Баршамыз осы іске бір кісідей атсалысып, өз үлесімізді қосатын болсақ, қазақ тілінің тұғырын биіктете түсеріміз хақ» - деп, алдағы уақытта ауданда өткізілетін іс-шаралар, орындалуы тиіс мақсат-міндеттер жөнінде айтып өтті.
- Еліміздегі білім мазмұнын жаңарту үш-тілділік оқыту моделін енгізеді. Басты міндеті мемлекеттік тілді жоғарғы деңгейде меңгеру. Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XIX сессиясында химия, математика, физика, биология пәндері дамыған елдердегі мектептер мен университеттерде ағылшын тілінде оқытылады деп атап көрсеткен болатын. Ал тарих, әдебиет және басқа да гуманитарлық пәндер ана тілде оқытылады. Осы жалпы әлемдік тенденцияларға қарай отырып, жекелеген пәндер, оның ішінде «Қазақ әдебиеті» және «Қазақстан тарихы» қазақ тілінде, математика-жаратылыстану бағытындағы химия, биология, физика және информатика пәндерін ағылшын тілінде оқыту қолға алынуда, - деп, Ерлан Қабайұлы мектеп директорлары, мекеме басшылары мен орынбасарларының ағылшын тілінде сөйлеу дағдыларын жыл соңында тексеретінін ескертіп, ауданда ағылшын тілін оқып-үйренушілерге арналған үйірмелердің толыққанды жұмыс істеулерін назарында ұстайтындығы туралы хабарландырды.
Елбасының үштұғырлы тіл саясаты аясында шетел тілін үйрену, оның қолданыс аясын кеңейту бүгінде кезек күттірмейтін өзекті де келелі мәселелердің бірі болып отыр. Алайда, «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», - деп ақын жырлағандай, өз тілінде еркін сөйлеп, өз тілін құрметтейтін тұлғаны баулысақ, өзге тілді қадірлейтін тұлғаны баулитынымызға көз жеткіземіз. Сондықтан да «Мемлекеттік тілді үйрету балабақшадан басталуы тиіс. Бұл - заман талабы»,- деген Елбасының қағидасына сүйене отырып, қазіргі таңда балабақшадан бастап, мектеп табалдырығын аттаған сәттен ана тілін меңгертуге, сауаттылыққа күш салынуда. Осы орайда бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуде мұғалімдер мен тәрбиеші-ұстаздардарға үлкен жауапкершілік жүктеледі.
Көптілді білім беру бағдарламасы аясында үш тілді меңгеру тәжірибесін жинақтап, әлемдік деңгейге көтерілуіміз керек. Бұл оқушылардың халықаралық жобаларға қатысуын кеңейту, шетелдік әріптестермен ғылыми байланыстарын нығайтуға, шетел тілдеріндегі ақпарат көздеріне қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Елдің ертеңін өрге сүйрейтін, өресі биік, дүниетанымы кең, кемел ойлы азаматтарын өсіру үшін, бүгінгі ұрпаққа ұлттық рухани қазынаны әлемдік озық ой-пікірмен ұштастырған сапалы білім мен тәрбие берілуі қажет.
Клара ҚАЙЫПЖАНҚЫЗЫ
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.