Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Шындығында мұғалімдер барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін абзал жандар деп қалай дәл тауып айтқан. Ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ болары анық. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған, сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді. Қиындығы да, қызығы да жетерлік, ең бастысы - жауапкершілігі жоғары мамандық - ұстаздық екені ақиқат.

Өйткені, бұл мамандық иелерінің мойнына ешнәрседен хабары жоқ, мыңдаған тарыдай ғана бүлдіршіндердің бойына білім нәрін сеуіп, тәрбие ұрығын егіп, таудай азамат етіп шығару міндеті жүктелген. Сондықтан, басқа мамандық иелерінің баршасы да ұстаздарға борыштар.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын тойлағалы отырған еліміздің басты идеясы «Мәңгілік ел» құру болса, сол идеяны жүзеге асыруды мақсат етіп, жұмысындағы басты бағдар етуші де ұстаздар болып отыр. Өйткені, олар ел болашағын тәрбиелейді, қоғамды қалыптастырады. Қазан айының алғашқы аптасында Самар ауылының Мәдениет үйінде аталып өткен Ұстаздар күні мерекесінің нүктесін қойған «Өз шаңырағыңның астында» деп аталатын ұстаздар форумы болды. Ауданның әр мектебінен жиналған 500-ге жуық мектеп пен балабақша және басқа да білім мен тәрбие ошақтарының қызметкерлері үшін ұйымдастырылған бұл жиын кофе-брейктен басталды. Ұстаздар қауымы бір-бірімен танысып, араласып үлгерген жарты сағат оларды бір сәтке болсын мектептегі қым-қуыт тіршіліктен арылтқандай. Бірақ, ұстаз қашанда ұстаз болып қалады. Олардың әңгімелері мектеп, жаңа бағдарламалар туралы болғанын құлағымыз шалды.
Міне, дәл қойылым басталар алдындағыдай қоңырау соғылып, ұстаздар әсем безендірілген залға кірді. Дәл сахна төрінде бейнеленген мереке иелеріне арналған үлкен гүл шоғы көздің жауын алады. Бұл безендіруді Самар өнер мектебінің орындағанын барлығы да түсініп, таң қалғандарын жасырмай, алғыстарын айтып жатты.
Сахна шымылдығын ашқан «Дәншік» бала-бақшасының театрландырылған қойылымы барлығын да бірден баурап алды. Шуақты көктемнен күзге дейінгі көрініс адамзаттың өмір жолын бейнелегендей. Форумда ең бірінші болып құттықтау сөз алған аудан әкімі Р.Сағандықов бүгінгі күні ауданымыздағы білім беру саласының қаншалықты алға жылжығанын, ұстаздар қауымының жыл сайын білікті түлектер, елімізге қажетті сапалы азаматтар тәрбиелеп шығару жолындағы еңбектерін атап өтті. Аудан әкімі бір топ оқытушыға Мақтау грамоталары мен Алғыс хаттар табыс етті. Олардың арасында Ж.Мәдешова, А.Изгутдинова, Ж.Такжанова, А.Қайырғазинова, А.Искакова және басқалары болды. Тәуелсіз еліміздің мәртебесін көтеретін, бүгінгі күннің талабына сай біліммен жан-жақты қаруланған ынталы тұлға тәрбиелеудегі қажырлы еңбегі үшін ауданымыздың бірқатар мұғалімі облыстық Білім беру департаментінің марапатына ие болды. Олардың арасында Куйбышев атындағы мектептің директоры С.Қырықпаев, байырғы ұстаздар Ж.Азина (Преображенка ОМ), Н.Смағұлов (Әуезов атындағы ОМ), «Дәншік» балабақшасының меңгерушісі Г.Шаймарданова, Үлгілімалшы ауылындағы Абай атындағы ОМ мұғалімі М.Ташкенбаев бар. Білім беру және дене шынықтыру бөлімінің әдіскері А.Байсақаловаға «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Алғыс хаты табысталды. Өзінің құттықтау сөзін арнай отырып, облыстық марапатты ардагерлердің аудандық кеңесінің төрағасы С.Мұқашев табыстады. Бұл форумның құрметті қонақтары ардагер ұстаздар болды. Оларға естелік сыйлықтар тапсырылды. Ардагер ұстаздардың атынан К.Берікполова құттықтау сөз алып, алғыс айтты. Самар арнайы әлеуметтік қызмет көрсету мекемесінің дәрігері А.Стукачева мекеме басшысы атынан құттықтау сөз арнап, «Атамекен» тобы ән тарту етті.
Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Ш.Мұс-тафинова білім беру мен шәкірт тәрбиелеуде жетістіктерге жеткен және ҰБТ-да өз пәндері бойынша шәкірттерін жоғары көрсеткішке ие болуға дайындаған мұғалімдерді марапаттады. Ж.Лақпаев, С.Теңізбаев, Г.Идрышева, Н.Құнанбаева, А.Нұриева, Ж.Сүйіндікова, Г.Ермекбаева, Ә.Татманова және басқалары бұл марапатқа нағыз лайықты ұстаздар. Содан кейін бес түрлі аталым бойынша үздік деп танылған мұғалімдерге марапат табысталды. «Белсенді ұйымдастырушы» С.Айжақсина (Абай атындағы ОМ), «Мамандығына шығармашылық көзқараспен қарайтын мұғалім» В.Овчинников (Миролюбовка ОМ), «Сөзге ұста, ойға шебер» Б.Карменова (Ж.Болғанбаев атындағы ОМ), «Ең үздік жас маман» Ф.Озанов (Октябрь мектеп-балабақша кешені), «Мәдени құндылықтарды сақтау мен кітап оқу қызығушылығын тудырғаны үшін» кітапханашы Г.Ясикова (Көкжайық ОМ), «Бәсекеге қабілетті ұстаз» Б.Мейрамбаева (Абай атындағы мектеп-балабақша кешені) сияқты ұстаздар лайық болды.
Қандай мерекелік жиын ойын-сауықсыз өтпейді. Бұл күні ұстаздар қауымын ұстаздардың өздері де ән-жырмен құттықтады. Әріптестері Амангелді орта мектебінің мұғалімдері Гүлназ бен Ниязбек Жаңабаевтардың, М.Әуезов атындағы орта мектептің мұғалімі Г.Қамзинаның, Самар бастауыш мектебінің вокалдық тобының, «Балерке» балабақшасының тәрбиешісі А.Абылқайырованың, «Шұғыла» балабақшысының бишілер тобының, Октябрь ОМ мұғалімі Ф.Озановтың, №1 Самар ОМ вокалдық тобының, Казнаковка ОМ мұғалімі М.Қанғашеваның, Өнер мектебінің мұғалімі Ш.Айтмұхамбетованың өнерін жоғары бағалады. Бүкіл ұстаздар мен шәкірттердің әнұранына айналған «Ұстазым» әнін «Асыл қазына» әжелері шырқағанда, бүкіл зал қосылып айтты.
«Қыран түлегіне қайтпас қанат сыйлайды, ұстаз шәкіртіне талмас талап сыйлайды» демекші, ұстаз қай кезде де мектептің жүрегі, қоғамның тірегі. Қоғам тұлғаны қаншалықты жетілдірсе, жетілген тұлға қоғамды соншалықты дәрежеде дамытады. Сондықтан қоғам дамуында білім беру ең маңызды мәселе болып табылады. «Келер ұрпақ алдында зор жауапкершілік жүгін арқалап келеміз», - деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде мұғалімдер алдына үлкен міндет жүктеді. Әрбір тұлға өмірінде үлкен тәрбие мен таусылмас білім ошағын санасына ұялатқан ұстазын мәңгілік есінде сақтайды. Нағыз мұғалім, міне, осы. Өйткені, әрбір мемлекеттің өсіп өркендеуінің, бәсекеге қабілетті болуының ең басты ошағы – ұстаз берген білімде. Сондықтан да дамудың ең биік көкжиегінен көрінгісі келген кез-келген мемлекет ең алдымен, білім беру саласын дұрыс жолға қойып, сапасын көтеруді мақсат етеді. Ендеше, осындай бәсекеге қабілетті, рухы биік ұрпақ тәрбиелеу жаңа қоғам мұғалімінің еншісіне тиері анық.
Жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші – білім деңгейімен өлшенеді. Сондықтан, әлемдік білім кеңістігіне кірігіп, білім беру жүйесін халықаралық биікке көтеру кезек күттірмейтін өзекті мәселе. Бұл мәселені шешудің кілті ұстаз қолында. Өйткені, ұстаз елдің ертеңгі тізгінін ұстайтын ұрпақ тәрбиелейді. Мерекелеріңізбен, істеріңізге сәттілік тілейміз, ұстаздар қауымы!


Клара НҰРПЕЙІСОВА

Пікір:

Редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов. 

 

 

Күнтізбе

<< < Қазан 2016 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
          1 2
3 4 5 6 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31            

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз