«Өлді деуге бола ма айтыңдаршы,
Өлмейтұғын артына із қалдырған», - деп төрелігін өзі шешкен Абай Құнанбайұлының 170 жылдық мерейтойына орай Самар орталық кітапханасында «Абай оқулары» кеші өте қызықты өтті. Бұл кештің мақсаты - ұлы ақынның артында қалдырған еңбектерін жас ұрпақтың санасына жеткізіп, асыл қасиеттерін бойына сіңіру.
«Атаңның баласы болма, адамның баласы бол», деп өсиет қалдырған қазақ халқының ғұлама ойшылы, данышпан ақынының шығармаларын және аудармаларын Ж.Болғанбаев атындағы орта мектептің оқушылары, №1 Самар орта мектебінің оқушылары, Этномәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы Э.Степанова кітапхананың үздік оқырманы Б.Саудагерова оқыды. Ж.Болғанбаев атындағы мектептің оқушылары «Ақырын жүріп анық бас» атты қойылым көрсетті. Оны дайындаған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Б.Хасенова.
Абай жай ғана ақын емес, ол композитор, оның өлеңдері халық көңілінде мәңгі шырқалады. «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы» әндерін «Асыл қазына» әжелердің фольклорлық-этнографиялық клубының мүшелері орындады. «Абайдың туғанына 170 жыл өтсе де, оның еңбектері халық жадында сайрап тұр, ешқашанда өшпек емес. «Абай отандық тарихымыз бен әдебиетімізде аса көрнекті орын алады. Абай қазақтың ұлттық жазба әдебиетінің негізін қалады. Абай есімі дүниежүзі халықтары әдебиетінде Шекспир, Пушкин, Гётелермен қатар тұрады. Ақынның мол әдеби мұрасы тек бір халықтың ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасы саналады.
Қазақстанда ұлы Абайдың есімі көптеген елді мекендер мен көшелерге, Алматы Ұлт-тық университетіне, Алматы қаласындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрына берілген. Ұлы ақынның құрметіне Қазақстан мен Ресейде ескерткіштер орнатылған. Қазақстанның жоғары оқу орындарында Абай шығармашылығына арналған халықаралық және республикалық ғылыми конференциялар жыл сайын өткізіліп тұрады. Ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойы 1995 жылы дүниежүзілік ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті», - деп қысқаша мәлімет берді кітапханашы Г.Бакиева.
Кеш соңында тағы да Абай өлеңдері үш тілде оқылып, әндері шырқалды. Қатысушыларға кештен ескерткіш ретінде «Алғыс хаттар» табыс етілді.
Клара НҰРПЕЙІСОВА
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.