Аудандық газеттің әр жыл-дардағы сандарын ақтара отырып, «Жұлдызда» жиырма төрт жылдан астам уақыт еңбек еткен Әңкебаев Мұхамедсадық Мәсәлімұлының қайталанбас қол-таңбасын анық аңғаруға болады. Қарапайым трактор жүргізушісінен газет майталманы аралығындағы ұзақ та соқпақты жолды өткерген қаламгердің ғұмыры бір шығармаға өзек. Қарымды қаламгердің құндылығы қыздары Айнұр мен Гүлназдың қолында. Әке мұрасы артындағы ұрпағына рухани азық, аласармас абырой.
Мұхамедсадық Әңкебаевтың балалық шағы соғыстан соңғы кезеңдегі ауыртпашылық, қайта тұрғызу дәуіріне тұспа-тұс. Тассайда қанаты қатайған еңбеккер жас темір тракторды сом білегімен бағындырған шебер еді. Бес ағайынның ішіндегі екіншісі Мұхамедсадық талдырмаш жас күнінен еңбекке тығыз араласты. Әкесі Мәсәлім мінезі жайлы, жұмсақ адам болғанымен жұмыста ұқыпты, тиянақты. Зейнеткерлік жасқа дейін мал дәрігері болып қызмет етті. Мәскеу түбінде Отан алдындағы борышын өтеп қайтқан көкпектілік екі жас Мұхамедсадық Әңкебаев пен Алтынғазы Оразалиев барлық өмірін туған жерінде тынымсыз еңбек етуге арнады.
Ішінде туа біткен дарыны бар шығармашыл жан қажырлы еңбекпен қатар қаламын қолынан тастаған емес. Аудандық газет бетінде өміршең шығармалары жиі жарық көріп отырды. Тума талантты жазбай танитын газет редакторы Тұрсын Жұртбаев жұмыссыз қалған қабілетті жанды бірден қызметке тартты. Бас редактордың ішкі түйсігі оны алдамаған екен. Мұхамедсадық аудандық газет тарихында өзіндік жазу әдісімен, ерекше бір тартымымен, қайталанбас қолтаңбасымен өшпес із қалдырды. Ауыл шаруашылығы саласына қалам тартуда оған тең келер тілшіні табу қиын еді. Жілігін шағып, майын ішкен саланың түйінді мәселелері мен түйткілді қырын ашуда өзіне ғана тән ерекшелік танытты. Мұхамедсадық Әңкебаев журналистика саласында жүріп өмірлік жарын кездестірді. Типографияның әріп терушісі болған Қатипа Қалиоллақызы екеуі үш қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірді.
Өмірден ерте озған озық маман, өз ісінің тісқақты шебері Мұхамедсадық Әңкебаевтың есімін елі қадірлейді, ұрпағы мадақтайды. Көкірегі ашық, көңілі көл әкенің тәлімді тәрбиесін көрген ұрпағы да әулеттің абыройын адал еңбек, көркем мінезімен асыруда. Қайталанбас қолтаңбасы бар қаламгердің мол мұрасы, қазынасы әлі талай ғасыр өскелең ұрпаққа өнеге болып қала бермек.
Клара ҚАЙЫПЖАНҚЫЗЫ
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.