13 желтоқсан күні Көкпекті аудандық әкімдігі алаңында кезекті брифинг өтті, оған Тассай ауылдық округінің әкімі Ержан Мазыбаев пен БАҚ өкілдері қатысты. «Tolagai_news» ақпараттық порталының тікелей эфирі барысында брифинг қонағы Ержан Құдайбердіұлы Тассай ауылдық округінде ағымдағы жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, тілшілердің қойған сұрақтарына жауап берді.
Брифингті модератор Аяжан Амантайқызы жүргізіп отырды. Кіріспе сөзден кейін Ержан Мазыбаев өзінің қысқаша баяндамасын ұсынды.
-Тассай ауылдық округі аудан орталығынан 60 шақырым қашықтықта орналасқан. Жер аумағы 132 811 га құрайды. Округте аула саны 303. Халық саны 1083 (былтырғы жылы 1110 адам) адамды құрайды. Оның ішінде экономикалық белсенді халық 579 адам, 16 жасқа дейінгі балалар 305, қалған 226 зейнеткерлермен мүгедектігіне байланысты жәрдемақы алушылар. Негізінен округ тұрғындары мал шаруашылығымен және Зайсан көлінің жағалауында орналасқандықтан балық аулаумен шұғылданады.
Ауыл шаруашылығы
Ауылдық округ бойынша ауыл шаруашылық жерлерінің көлемі – 23 582 га, оның ішінде егістік – 1050 га, шабындық 6 100 га, жайылым – 17 482 га.
Жыл сайын мал басының өсу қарқыны байқалады. 2023 жылдың 1 шілдесіне 9550 бас ірі қара /4,5 пайыз өсім/, қой-ешкі 3687 бас /3,4 пайыз өсім/, жылқы 3592 /13,0 па-йыз өсім/ тіркелген.
Округте 22 шаруа қожалық, 1 жауапкершілігі шектеулі серіктестік тіркелген.
Тассай ауылдық округінің әлеуметтік – экономикалық даму қарқынын арттыру мақсатында Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге көрсетіліп отырған үлкен қолдаудың бірі «Ауыл аманаты» бағдарламасы.
Аталған бағдарлама аясында 2023 жылы округте 4 қожалық 93 млн. 131 мың теңгенің инвестициясын құрайтын ауылшаруашылығы техникаларын алды, яғни 3 қожалық МТЗ-82 тракторы мен шөп престеу құрылғысын алған болса, қалған 1 қожалық дән себу, шөп шабу мен жинауға, орауға қажетті құрылғылар сатып алды. Ағымдағы жылы инвестиция көлемін өсіру мақсатында қожалықтар ауылшаруашылығы техникаларын жеңілдікпен лизинг арқылы алуда.
Округте тіркелген 9 мал бордақылау алаңдарында биылғы жылы 380 бас ірі қара малы бордақыланып, Семей және Өскемен қалаларының базарларында өткізілді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы несие алу үшін үш ауыл тұрғыны құжаттарын өткізді.
Биылғы жылы аудан әкімінің тапсырмасына орай ауылдық округте жерлерді жайып суғару әдісін қолдануды бастады. Көктемде «Жүз ағаш» өзеніне су келгеннен бастап әкімшілік мамандары, ауыл азаматтары келген суды бақылап, жайып суғару (лиманное орошение) әдісі бойынша шабындық, жайылым жерлерді суғарды.
Тассай, Қайнар, Ақсу және Үшкөмей ауылдарының жайылым, шабындық жерлерін суғару үшін шлюздерді ашып - жабу жұмыстары жүргізіліп осы елді - мекендерде орналасқан шаруа қожалықтарымен су жайылымы бойынша келісім жұмыстары жүргізіліп, жайылым жерлер кезектесіп суғарылды.
Осы әдісті қолдану аясында округтегі 6100 гектар шабындық жер суғарылды, сонымен қатар Қарасу, Жаңабаз, Шығанши және Тұздыкөл учаскелерінде 5000 гектар жайылым жер суғарылды.
Бұл жұмысқа ауыл азаматтары, шаруа қожалық басшылары демеушілік жасап, техникамен көмектесті. Бүгінгі күні ауыл тұрғындары және шаруа қожалықтары осы жайып суғару әдістің арқасында 2023-2024 жылдың қыс мезгіліне мал азығын жеткілікті мөлшерде дайындап алды.
Халықты әлеуметтік қорғау
Тұрғындардың белсенді экономикалық саны 590 адам, өзін-өзі қамтитын- 271 адам. Аз қамтылған және көп балалы отбасыларға 1 ассистент қызмет көрсетеді. Осы 9 айда 20 отбасына, барлығы 94 адамға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленді. Қоғамдық ақылы жұмыстарға 10 тұрғын тартылып, округтегі абаттандыру, көріктендіру жұмыстарына жіберілді. «Жастар іс – тәжірибесі» бойынша ауылдық дәрігерлік амбулаторияға 1 жас маман жұмысқа қабылданды.
Білім беру
Білім беру саласы бойынша ауылдық округте 2 мектеп бар, 1 – округ орталығы Тассай ауы-лында орналасқан М.Әуезов атындағы орта мектебі және Үшкөмей ауылындағы баста-уыш мектеп.
М.Әуезов атындағы орта мектебінде оқушылар саны - 178, 33 мұғалім; Үшкөмей, Ақсу елді-мекендерінен 11 оқушы М. Әуезов атындағы орта мектебі жанындағы интернатта тұрып оқиды.
Үшкөмей ауылындағы Үшкөмей бастауыш шағын комплектілі мектебінде 10 оқушы, 2 мұғалім білім береді.
Сондай-ақ Тассай ауылында М. Әуезов атындағы орта мектебі жанындағы толық күн режиміндегі 1 «Балбөбек» шағын орталығы жұмыс істейді. Ондағы тәрбиеленуші балалар саны- 39 баланы құрайды. 2022-2023 оқу жылында мектепті 12 оқушы аяқтады. Ұлттық тестілеу қорытындысы бойынша орта балл – 81,4 % құрады, 11 түлек жоғары оқу орындарына грантқа, 1 түлек колледжге грантқа түсті.
Денсаулық
Ауылдық округте бір дәрігерлік амбулатория бар, медициналық құралдармен жабдықталған. Онда 1 жоғарғы, төрт орта білімді медбике халыққа медициналық қызмет көрсетеді және салауатты өмір салтын сақтау жөнінде ақпараттар мен жас аналарға арналған бұрыштар орналастырылған. Дәрігерлік емханада күндізгі екі койкалық стационар жұмыс істейді. Бір жедел жәрдем автокөлігі бар.
Мал дәрігерлік қызмет саласы
Округте 4 мал дәрігері жұмыс істейді. Ветеринарлық жұмыстардың барлығы мемлекеттік тапсырыс бойынша жүргізіледі. Ветеринарлық жұмысқа тұрғындардан арыз-шағым түскен жоқ. Ауыл тұрғындарымен мал сату, сатып алу туралы түсінік жұмыстары үнемі жүргізіліп отырады. Көктемгі ветеринарлық алдын алу іс-шаралар жоспары бекітілген мерзімде орындалды. 2023 жылы округте 4644 бас қой ешкіден және 9096 бас ірі қара малынан қан сынамасы алынған оның ішінде ірі қара малынан 50 бас, ұсақ малдан 24 бас бруцеллез ауруына «оң» нәтиже көрсетті. Оң нәтиже көрсеткен барлық малдар жо-йылды. 2023 жылы аса қауіпті мал аурулары тіркелген жоқ. Жоспарға сәйкес малдарға ветеринарлық төлқұжат беріліп, құлағына сырға салынып, компьютерлік базаға енгізілді.
Сумен жабдықтау және су тарту
Жергілікті халықты таза ауыз сумен қамту мақсатында 2013 жылы ауылдық округтың орталығы Тассай ауылына Ақбұлақ бағдарламасымен су құбыры тартылып, бүгінгі күні 247 (17 заңды тұлғалар, 230 жеке тұрғын үйлер) абонентке таза ауыз су желісі тартылған. Ақсу және Қайнар ауылдарында ауыл халқын таза сумен қамтамасыз ету мақсатында блокты-модульді станциялар қойылған.
Салық түсімі
Ауылдық округ бойынша өзіндік және қосымша салық көздерін іздестіру және алгоритімді орындау мақсатында 2023 жылы 2 635 876 теңге салық түсіп отыр. Салық түсімінің негізгі көзі көлік салығы құрайды, яғни 2 050 848 теңге көлік салығынан, 585 028 теңге жер-мүлік салығынан түскен.
Мәдениет және спорт
Округте бір ауылдық клуб және кітапхана бар. Клуб үйі қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған, барлық мерекелік іс-шаралар жоғарғы деңгейде өткізіліп отырады. Соңғы 4-5 жылда мектеп түлектері «Туған жерге тағзым» бағдарламасы аясында түлектердің ауылдың көріктенуі мен абаттануына ат салысуы дәстүрге айналған, осы мақсатта биылғы жылы түлектер мектеп акт залына қажетті жабдықтар әперді. Ауылымыздың тумалары, мектеп бітіргендеріне 30 жыл болған түлектері білім ордасынап түрлі-түсті принтер тарту етсе, мектеп бітіргендеріне 20 жыл болған түлектер заманауи балалар ойын алаңын салып берді. Ал мектеп бітіргендеріне 10 жыл болған түлектер 7 мамыр «Отан қорғаушылар күні» мерекесіне орай Көкпар ойынын ұйымдастырды. Ауыл жастары салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында жастар арасында жаяу жүгірістен, суда жүзуден, бильярд ойнаудан, футбол, волейболдан жарыстар ұйымдастырып, жоғарғы деңгейде өткізіліп отырады. Өткен 2022 жылдың қорытындысы бойынша «Тұғырлы Тассай» атты кеш өткізіліп, ауылымыздың қоғамдық өміріне белсене араласқан, оның дамуына үлес қосып жүрген елеулі азаматтарымыз әр түрлі номинациялармен бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жыл басы Наурыз мерекесін жақсы көңіл күймен өткізе сала, ауыл көркемөнерпаздары «Түркістан ер түріктің бесігі ғой» атты концерттік бағдарламамен киелі мекен күллі қазақтың төрі, рухани астанасы саналатын, хандардың ордасы Түркістан қаласына барып, өз өнерлерін көрсетіп қайтты. Бұл шараға 44 ауыл көркемөнерпазы қатысты.
Бүгінгі күні ауылдық округте біршама жұмыстар атқарылды, дегенімен алда шешімін табуды қажет ететін мәселелер атқаратын шаруалар баршылық.
-Ауылдарды абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарын жалғастыру;
Жыл санап мал басының өсуіне байланысты стандартқа сай мал қорымдарын салу. Ақсу, Үшкөмей ауылдары жолдарына жөндеу жұмыстарын жүргізу;
Ауылдық клуб үйіне ағымдағы жөндеу және М.Әуезов атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу;
Ауылдың дамуы - еліміздің дамуы. Күш – жігеріміз бен қайратымыз талмай ауылымыз бен еліміздің даму жолында әлі де жұмыс жасап, еңбек етеміз деген сенімде-мін.
Аяжан Амантайқызы, модератор:
-Округ әкімі ретінде туған ауылының дамуы мен көркеюіне үлес қосып жүрген жас-тарды «Туған жерге тағзым» акциясына тарту бойынша жастармен қандай шаралар жүргізесіз? Бұл бағыттағы жұмысыңызды өзге округ әкімдеріне үлгі ретінде айтып өтсеңіз?
Ержан Мазыбаев, Тассай ауылдық округ әкімі:
-Ауылдың азаматтары, оның ішінде жас-тар туған ауылының дамуы мен көркеюіне өте көп ауқымды жұмыстарды атқарып жатыр. Биылғы жылы мектептің 40 жылдық түлектері ауылға қатымхана салуды қолға алып отыр. Оның құрылысы биылғы жылы басталды, келесі жылы көктем мезгілі келісімен жұмыс қайта жанданады. Сонымен қатар елжанды ауыл жастарының ұйымдастыруымен «Тассай барысы», «Салбурын» ұлттық дәстүрдегі өте жақсы іс шаралар өткізілді. Ең біріншіден азаматтардың ауыл жастарының бел ортасында жүру керек деп ойлаймын. «Тұғырлы Тассай» атты шара арқылы ауылымыздың үлкендері мен жастарының басын қосып, ортаға салып айтатын ойлары талқыланды. Осы орайда жастарымыз ой-жоспарларын алға тартып, идеяларымен бөліседі, жоспар құрады. Ал кейін жоспар бойынша ауылдастырымыздың береке-бірлігінің арқасында іс шараны өткіземіз.
Аяжан Амантайқызы, модератор:
- Ауылдың кіре беріс жолын биылғы жылы көктем мезгілінде су басып, зардабын тигізді. Бұл жағдай келер жылы қайталануы мүмкін бе? Осы мәселенің алдын алу мақсатында қандай шаралар жүргізілуде?
Ержан Мазыбаев, Тассай ауылдық округ әкімі:
-Көктем уақытында қардың еріген суы Көкпекті өзеніне құйылады. Көкпекті өзені Аягөз ауданынан алады. Одан кейін Биғаш өзеніне құйып, Биғаш өзені Көкжайық ауылы арқылы Тассайға өтеді. Көкжайықтың тұсында шабындық жерді суғаратын жайып суғару дамбасы бар. Сол дамбы ескірген, судың екпінін көтере алмай, дамбыдан су асып кетті. Осы орайда Көкжайық округі және аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің ұйғаруымен Тассайға келетін жолды жырып жіберуге тура келді. Ал биылғы жылы Көкжайық ауылдық округінің әкімдігі погрузчик техникасымен дамбының төмен жерлері мен жырылған тұстарын көтеріп қойды.
Сонымен қатар аудандық төтенше жағдайлар бөлімі ТҮКШ, жолаушылар көлігі, автокөлік жолдары және сәулет, қала құрылысы құрылыс бөлімінің мамандарымен бірлесе дамбыны жөндеу бойынша 8 млн. сметалық құжаттамасы әзірленіп, тиісті мекемеге жолданды.
Аяжан Амантайқызы, модератор:
-Бөдес ата мазарына алдағы жылдары қандай жұмыстар жүргізіледі?
Ержан Мазыбаев, Тассай ауылдық округ әкімі:
-Бөдес ата мазарына биылғы жылы аудан әкімі Ділдәбек Тәжібайұлының қолдауымен, ауыл азаматтарының көмегімен айналасын қоршау жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ аудан әкімінің тапсырмасымен қаражат бөлініп, Бөдес ата мазарының жер телімін рәсімдеу жұмыстары жасалу үстінде. Алдағы уақытта мазарды тарихи ескерткіш ретінде танымалдау жоспарда бар. Келесі жылы мазарды жаңалап көтеру ойымызда бар. Бұл жұмыстарға ауыл азаматтары қолғабыс береміз деп қолдап отыр. Мазарға зиярат етуге келушілер үшін сол мазардың жанынан жаңадан үй және кішігірім асхана салу жоспарда бар.
Аяжан Амантайқызы, модератор:
-Ауылға кіре беріс арканың қасында бұрын асхана болған еді. Қазіргі күні сол ғимаратты іске қосу жоспарда барма?
Ержан Мазыбаев, Тассай ауылдық округ әкімі:
-Өздеріңіз білсеңіздер, бұл дәмхана пандемия кезінде жабылып, жұмысын тоқтатқан болатын. Ал иелері қалаға ауысып, осы салада жұмыс істейді. Дәмхананы сатып алып, жұмыс істеуге ниет білдіргендер болса, иелерімен келісіп, кәсіп ашуға болады деп ойлаймын.
Аяжан Амантайқызы, модератор:
-Ауыл көркемөнерпаздарының қатысуымен облыста өтетін «Ахау Семей» концертінің өту барысына тоқталып өтсеңіз?
Ержан Мазыбаев, Тассай ауылдық округ әкімі:
-Ауылдың көркемөнерпаздары яғни мәдениет қызметкерлері, мектеп ұстаздары және ауыл тұрғындарының концерті. Концерттік бағдарламада әртүрлі жанрдағы 20 шақты номер бар.
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.