Республика күні мерекесін Көкжайық халқы қос бірдей қуанышты жаңалықпен қарсы алды. Көптен күткен су құбыры іске қосылып, ауылға таза ауыз су берілді. Сондай-ақ қайта жөндеуден өткен спорт залы пайдалануға берілді. Ауыл халқының қос қуанышын бөлісуге барған аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев мерекелік шараларға қатысты.
Су құбырын салтанатты іске қосу шарасына ауылдың кәрі-жасы толық жиылды. Жиында аудан басшысы құттықтау сөз сөйлеп, мердігер ұйымға халық атынан алғыс білдірді.
- «Су - тіршілік көзі, жердің нәрі» деген дана халқымыз. Ұлттық мереке Республика күні қарсаңында, қол жеткізіп отырған бүгінгі қуаныштарыңыз құтты болсын! Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылға қарай еліміздің барлық тұрғындарын орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету қажет. Көкпекті ауданында Президент қойған міндетті орындау мақсатында 3 жоба жүзеге асырылып жатыр. Жақын арада Үлкенбөкен, Преображенка және Үлгілімалшы ауылдарында су құбыры желілерінің құрылысы аяқталып, қолданысқа беріледі. Алдағы 2023 жылы тағы 6 ауылға таза ауыз су тартылады. Таза ауыз сумен Шұғылбай, Биғаш, Шәріптоғай, Қарамойыл, Ақой және Мамай ауылдарын қамтамасыз ету жоспарланып отыр, - деді Ділдәбек Тәжібайұлы.
Мыңнан астам тұрғыны бар Көкжайық ауылындағы су құбыры желісі құрылысы 2019 жылы басталған. Жобаны жүзеге асыру үшін мемлекет қаражатынан 1 млрд 128,3 млн.теңге бөлінген. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, таза ауыз су жүйесі пайдалануға берілді. Бас мердігер «Қуандық и К» ЖШС. Бір ерекшелігі жоба бойынша мердігерлер су құбыры желісін әр үйдің қақпасына дейін ғана тартып беруі тиіс, алайда мердігер компания тұрғындарға қолдау көрсетіп, суды барлық үйдің іргесіне дейін өз қаражатына кіргізіп берді. Мердігер ұйымның жұмыс сапасына да халықтың шағымы жоқ.
- Бұрын суды ауламызда тұрған құдықтан алатынбыз. Бақша суарып, суды көп алсақ таусылып қалатын. Сосын аздап, үнемдеп қолдануға мәжбүр болдық. Судың тапшылығынан зардап шектік демесем де молынан қолдана алмайтынбыз. Осының кесірінен бау-бақшамыз да жайқалып өспеді. Биыл міне ауылға таза су берілді. Қазір шынын айту керек, рахатын көріп жатырмыз. Су таза, әрі жұмсақ. Судың берілу екпіні де қатты. Жақсы болды. Мал шаруашылығымен күн көріп отырған ауыл адамының еңбегі көп қой. Осындай тұрмыстық жағдайларымыз түзеліп жатса қандай жақсы, - дейді ауыл ақсақалы Тоқан Жазнаев.
Әрине, су - бар берекенің бастауы. Табиғи таза ауыз судың адам денсаулығына пайдасын айтпасақ та белгілі. Бұл ауыл тұрғындары үшін жағымды жаңалық болғаны анық.
Тағы бір жағымды жаңалық – көпсалалы спорт залдың күрделі жөндеуден соң қайта ашылуы болды. Спорт нысанының салтанатты ашылу рәсіміне жиылған ауыл тұрғындарын аудан әкім Ділдәбек Оразбаев, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұқан Қалиханұлы, ауыл ақсақалы Қайдар Азин құттықтады.
Көкжайық ауылында бұқаралық спорттың даму көрсеткіштері керемет. Қыркүйек айында аудан орталығында өткен ауылдық округ командалары арасындағы Спартакиада ойындарында Көкжайық ауылдық округінің командасы 1-орынды жеңіп алды. Бұл бірінші кезекте ауылдық округ әкімі Қайрат Ақметқалиевтың жоғары ұйымдастырушылық қабілетінің жемісі.
Қос бірдей қуанышқа кеңелген Көкжайық ауылының қарттарының құрметіне мәдениет үйінде мерекелік дастархан жайылды. Дастархан басында ақ тілектер ағытылып, ән мен жырдан шашу шашылды.
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.