15 маусым күні И.К.Федосов атындағы мәдениет үйінде Самар ауылдық округінің әкімі А. Ф. Күдербаевтың ағымдағы жылдың 2-ші тоқсанындағы қызметінің қорытындысы бойынша Самар ауылының тұрғындарымен кездесуі өтті.
Отырыс басталар алдында Ахмет Фазылұлы Самар ауданының құрылған күніне арналған мерекелік іс-шараға белсенді қатысқаны үшін шаруа қожалық басшыларына, кәсіпкерлерге алғысын білдірді.
Атқарушы биліктің халықпен кездесуі еркін пікір алмасу, жалпы қабылданған «сұрақ-жауап» форматында өткізілді.
Тұрғындар қант тапшылығына алаңдаулы. Болғанның өзінде, баға шарықтап тұр. Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі А.Асаубаев жергілікті билік халықтың осы "тәтті" өнімге деген сұранысын қанағаттандыру үшін қандай шаралар қолданатынын және бағаның өсуін қалай тоқтатуға болатынын сұрады.
Бұл сұраққа ауылдық округ әкімі: - "Атқарушы органдарда азық-түлік бағасын көтермеу бойынша кәсіпкерлерге ықпал ету тетіктері жоқ. Олармен тікелей кәсіпкерлік бөлімі жұмыс істеп, мониторинг жүргізуі керек. Халық та шетте қалмауы керек, сатушылар мен дүкен иелеріне бағаны негізсіз көтеру туралы өз талаптарын қойып, дабыл қағуы қажет"- деп жауап берді.
Баршаға сыйлы Баянды Кәкенұлы Құжамбетов те бұл мәселеге алаңдаушылық білдірді. «Біз бұл мәселені қандай да бір жолмен шешуіміз керек. Бүгін бірнеше сауда нүктелеріне бардым, еш жерде қант жоқ. Мүмкін, бұрыңғы кездердегідей қант сатып алуға арналған талондарда енгізерсіз. Әрі қарай бұлай жалғаса беруіне болмайды», - деп пікір білдірді.
Баянды Кәкенұлы тағы бір сұрақ - Сәтбаев тау-кен байыту кәсіпорнының Қойтас ауылы аумағынан ильменит кендерін өндіру, сол арқылы қоршаған ортаға және аудан тұрғындарының денсаулығына зиян келтіруі туралы мәселені қозғады. Ауданның табиғи ресурстарын пайдалана отырып, кәсіпорын бізде тіркелмеген және жергілікті бюджетке салық төлемейді. Отырыс барысында Құлынжон кенішінің табиғи қорықтары мен оның маңындағы аумақтарға немқұрайлық қарым-қатынас мәселелері көтерілді.
Самарлықтар үнемі көтеретін мәселе - ұзақ мерзімге созылған су құбыры желілерінің құрылысы. Соның салдарынан ауыл топырақ және тастармен үйілген ұзын траншеяларға айналды. 5 жылдан бері ауыл «окоп» тәрізді күн кешуде. Бұл шаруа аяқталатынға ұқсамайды. Дегенмен, жоба бойынша ол жыл соңында тапсырылуы керек!
Мердігер мен тапсырыс берушінің атына жергілікті қоғамдастық төрағасы Е.Қ.Дюсупов көп сын айтты.
– Биылғы жылға бөлінген 650 миллион теңгені мұндай қарқынмен игере алмайсыздар. Су құбырының құрылысы да бітпейді. Мердігер, тапсырыс беруші, авторлық және техникалық қадағалаушының халықпен кездесуін ұйымдастыру қажет. Бес жылдан бері су құбырын қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр, бірақ мердігерді, техникалық қадағалау өкілдерін әлі көрмедік.
Құрылыс бөлімінің басшысы Д.Ордахановтың айтуынша, Самар ауылында әлі күнге дейін магистральдық желілер жүргізілуде. Осы жұмыстар аяқталған соң "қызыл сызыққа" дейін жеткізу жұмыстары жасалады. Бұл мәселе бойынша тұрғындар тарапынан мердігерге қатысты көптеген ескертулер мен наразылықтар айтылды. Олар траншеяларды жауып, тегістеу ережелерін сақтамай отырғаны қолайсыз жағдайлар тудыруда.
Бұдан әрі жиналғандар алдында қаржы бөлімінің басшысы Азілхан Құспеков және ТКШ, жолаушылар және автомобиль көлігі бөлімінің басшысы Рахат Талғатұлы сөз сөйледі.
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.