Наурыз мейрамына арналған ккиіз үйлердің шаңырағы көтеріліп, керегесі жайылғанда ауылдың қыз бен жігіттері, апа мен аталардың ақылымен салтанат өтетін жерді жасандырып қойды. Ауыл-ауылға көше болып бөлінген елдің арасында қуаныш пен шаттықтың бәсекесі. Бірі-бірінен асып түсіп жатыр.
Әр көшеден ауыл болып шығып, өз өнерлерін, күштерін көрсетіп, бақталасты. Атап айтсақ «Абай», «Алаш Орда», «М.Әуезов», «Н.Саяхимов», «Қособа» ауылдары болды. Әр көшенің тұрғындары таң атысымен ұлттық киім киген жаршы жастар атқа мініп, көше жағалап, халықты тойға шақырды. Орталыққа жиылған қариялар төс қағыстыра амандасып, есен-саулық сұрасумен бастады.
Сайыстың шымылдығы ашқан ауылдық округ әкімі Қайрат Ахметқалиев жиылған жұртты ұлттық мейраммен құттықтап, жарыстың кезеңдерімен таныстырды.
Әр кезең бойынша ауыл көшелері сахна төріне шықты. Бұл күні ақ жаулықты әжелеріміз бен аналарымыз шашу шашты. Күй тартылып, әсем әндер де шырқалды. Ұлттық тағам түрлерінен ұйымдастырылған мерекелік дастарханнан халық дәм татып, наурыз көжеден ауыз тиді. Киіз үйлерде берілген қонақасы дастарханы да ұлттық тағамдарға толы болды. Білегі күштілер қол күреске шықты. Ұлттық ойындардың арқан тартыс, қой көтеру секілді түрлерінен жарыс өткізілді. Кез келген қазақ тойы қазақ күресінсіз өтпейтіні анық. Осы мерекеде де өгіз палуанға дейін жүлде үлестірілді.
Тағы бір қуантатын жағдай «тәрбие тал бесіктен басталады» демекші, саналы, әдет-ғұрыпты білетін, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін ұрпақты тәрбиелейтін төл мерекеге мейлінше жас жеткіншектерді баулығаны қуантады.
Бес ауылдың өнерін бағалаған әділқазы мүшелері төмендегідей шешім қабылдады. І орын Н.Саяхимов ауылы, ІІ орынға Абай мен М.Әуезов ауылдары лайық болды.
Ауылдық округте өткен мерекеге демеуші болған азаматтар Бекбердинов Әділжан, Дүйсенбаева Индира, Жармұханбетов Болат, Солтабаев Ринат, Науешов Кенжебек, Садуакасов Марат, Қабдиев Төлеубектерге ұйымдастырушылар алғысы шексіз болды.
Жарыстың көркін қыздырып демеу болған елжанды азаматтарға халық риза. Ауылдық мәдениет үйінің директоры Ринат Құмарбеков ауыл жастарын жұмылдырып, мерекенің қызықты өтуінен жанын сала араласты.
Көне салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды дәріптейтін бұл мерекеге жиналған халықтың көңіл- күйі көтеріңкі болды. Жұрт арқа-жарқа тарасып жатты.
Клара Қайыпжанқызы,
Көкжайық ауылы
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.