Есептік кездесу - еткен еңбектің, төккен тердің нәтижесін түйіндейтін жиын. Билік пен халық арасындағы ашық диалог қашанда елді тек табысты жолға бастайтыны сөзсіз. Жыл бойы атқарылған жұмыстар түйінделіп, алда атқарылар шаралар пысықталатын жиындарда тұрғындар ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалына қанығып, өз тарапынан ұсыныс-пікірлерімен бөлісуде.
Аудан әкімі Асхат Смаиловтың әрбір ауылдық округтегі есеп беру жиындарында шешімін күткен өзекті мәселелер сөз болуда. Билік пен халық арасындағы еркін пікір алмасу ауыл өміріне қатысты түйткілді мәселелердің түйінін ортақ ақыл, кеңестермен шешуге бағытталып отыр. Жиындарға қатысқан сала мамандары, аудан әкімінің орынбасарлары, кәсіпорын, мекеме басшылары көпшіліктің көкейінде жүрген маңызды сұрақтарға нақты жауаптар қайтарып, түсініктер беруде.
Құлынжон ауылдық округіндегі кездесу де екіжақты пікіралмасу форматында өрбіді. Ауыл тұрғындары аудан басшысы Асхат Смаилов пен ауыл әкімі Самархан Демесиновтің есептік баяндамасын мұқият ықыласпен тыңдап, жетістіктерге шын пейілмен қуанысты. Тұрғындар тарапынан айтылған өтініштер мен ұсыныстар да сан алуан болды. Аудандағы алдыңғы қатарлы, жыл санап өркендеп келе жатқан округ тұрғындарының сұранысы да арта түскен. Байырғы тұрғын Мұратқан Насимудинов жер мәселесін көтерді. Бұл мәселе бойынша шұғыл түрде қарастырып, заңды жолын көрсету аудан әкімінің орынбасары Дәурен Қойгелдинге жүктелді. Зейнеткер Майраш Саякова үй шаруашылығына қажетті құм мен топырақты алуға рұқсаттама беру мәсеселесін шешіп беруді өтінді. Асхат Сайдахметұлы табиғат пайдаланушылар туралы заңнаманы түсіндіре келе, күнделікті тұрмысқа қажетті мөлшерде құм мен топырақ алуға тиым салынбайтынын жеткізді. Осы мәселені қадағалау құқыққорғау органдары мен ауыл әкімдеріне тапсырылды. Кәсіпкер Асқар Қажығалиев ауылға тартылып жатқан ауыз су құбырының сапасын бақылауды күшейту қажеттігін айтты. Жауапты органдардан бөлек жергілікті тұрғындардан қоғамдық кеңес құрылып, ел болып қадағалап отыру керектігін айтқан аудан басшысы тікелей өзі де бұл мәселені бақылайтынын жеткізді. Көкжыра ауылына клуб үйінің қажеттігін айтқан Салтанат Байжуменованың өтінішін кездесуге қатысушылардың барлығы қолдады. Аудан басшысы да ұсынысты қабыл алып, жұмыс барысында қаражат бөлу мүмкіндігін қарастыруды уәде етті.
Бұқара мен билік арасындағы байланыс берік болуы – жарқын болашақ бастауы. Осындай ашық әрі еркін форматтағы кездесулер халықтың билікке деген сенімін нығайта түсері анық.
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.