Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Жыл сайынғы дәстүр бойынша өткізілетін керуен биылғы жылы да өз жұмысын сәтті бастады. Ауданымыздың орталығы Көкпекті ауылынан бастау алып келе жатқан керуен, Көкжайыққа кеп тізгін тартты. Көкжайық ауылының орталық алаңында 1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орайластырып алынған «Өшпес ерлікке мәңгілік тағзым» атты керуен акциясы өткізілді.

 

Керуен аясында, тұрғындар сұранысына арнайы дайындалған, арзандатылған бағамен ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Жәрмеңкеге Тассай, Ақой, Көкжайық, Үлгілімалшы ауылдарының тұрғындары белсене атсалысты. Жәрмеңкеде халыққа керекті көптеген тағам түрлері, балық, қарбыз, бал және үйден арнайы дайындалған тәтті тоқаштар болды. Халық бірінің жоғын бірі алып, жәрмеңке қызу қарқынмен өтті. Келесі кезекте тұрғындарға арналған мерекелік концерт ұйымдастырылды. Сахна төріне ауылдың қарттары мен тыл ардагерлері шақырылып марапат көрсетілді. Қарттар арасынан Тассай ауылының сыйлы қариясы, ауданның құрметті азаматы Қуан Түсіпбеков пен Көкжайықтың құрметті азаматы, Социалистік Еңбек Ері Тоқан Жазнаев ақсақалға сөз берілді. Аудан әкімінің орынбасары Смаилова Клара Рафикқызының құттықтау сөзінен кейін, қорытынды құттықтау сөз жастар арасынан Айгерім Ботабаеваға берілді. – Тек қан майданда ғана емес, тылда жұмыс істеп, ашаршылықты, ауыртпалықты бастан кешіп, таңның атысынан күннің батысына дейін тізе бүкпей жұмыс істеген сол бір қайратты да қайсар жандарға бүгінгі ұрпақтың ризашылығы шексіз, – деген тілегінен кейін керуен көші ауыл өнерпаздарының дайындаған концертіне ұласты. Өнерпаздар арасынан халықтың назарын өзіне аударған Ақой ауылының Пушкин атындағы орта мектебінің 6 сынып оқушылары өзбек және украин билерімен тамсандырды. Аталған мектептің тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі Айсұлу Мәденқызы Садықова: -Керуеннің Көкжайық ауылына өтілуі қарсаңында Ақой ауылынан жәрмеңкеге қазақтың ұлттық тағамдарын алып келдік. Мектебіміздің қуанышы болып жүрген өнерпаз бишілеріміз осы мерекеге тыңғылықты дайындалып келді. Украин, өзбек билерімен өз өнерлерін көрсетіп жатыр. «Өшпес ерлікке мәңгілік тағзым» атты іс-шара Көкжайық ауылында тамаша ұйымдастырылған. Әжелер ансамбльі ән шырқап көңілімізді бір серпілтті» - деп өз қуанышымен бөлісті.

Келесі кезекте Көкжайық ауылында салынған наубайхананың ашылу салтанатына куә болдық. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында несие алып, ауыл тұрғындарын ыстық нанмен қамтамасыз етіп отырған Әубәкіровтар отбасы өз қуаныштарымен бөлісті. Наубайхана қазіргі заманға сай жаңа технологиялармен толық жабдықталған. Арнайы нан пісіретін және тоқашқа арналған пеш орналастырылған. Ауыл тұрғындарына қолжетімді бағамен сатылуда.

Көкжайық орта мектебінің 8-11 сыныптар аралығында, «Өшпес ерлікке мәңгілік тағзым» атты керуен аясында, «Мәңгілік өшпес жара» атты тыл ардагерлерімен кездесу өтті. Кездесуге арнайы Қайрат Жанбаев, Ерлан Жұмажанов, Аян Халиулдин, Тынысбек Ақжігітов сынды Ауған соғысының ардагерлері арнайы шақырылған. Осындай мерейлі күні мектеп ұстаздары мен оқушылары қонақтардың көңілінен шығу үшін бойдағы бар өнерлерін салып бақты. Кіші футболдан жолдастық кездесу (Әуезов, Абай, Амангелді, Пушкин, Көкжайық ОМ), волейболдан жолдастық кездесу (Әуезов, Абай, Амангелді, Пушкин, Көкжайық ОМ), «Қазақстан - ұлы мақсат жолында» тақырыбында патриоттық концерт, «Ер есімі - ел есінде», «Отты жылдар шежіресі» ашық тәрбие сағаттары, «Біздің ауылға саяхат» саяхат сабағы, кітап көрмесі, «Біз - жеңімпаз елдің ұрпағымыз» ауызша журнал, «Тобықтан саз кешкен заман» және «Дін мен дәстүр - радикализмге қарсы»  дөңгелек үстел, Қол өнер бұйымдары және  «Күз байлығы» тақырыбындағы жеміс-жидек көрмесі сияқты сан түрлі шаралар, бастауыш сыныптардан бастап 11 сыныпқа дейінгі оқушыларды және барлық ұстаздар қауымын, ұжым қызметкерлерін қамтыды десе де болады. Өткізілген ерлік сабақтарында бетпе-бет жүздесіп, ой-пікір бөліскен аға ұрпақ өкілдерінің бойындағы патриоттықтың, төзімділіктің, Отанға деген сүйіспеншіліктің, еңбексүйгіштік пен жігерліліктің жарқын үлгісін көрген жас ұрпақтың бұл күнгі іс-шаралардан алған әсерлері ұшан-теңіз. Қонақтар өскелең ұрпаққа халқымыз аман, еліміз тыныш болып, тәуелсіз Қазақстанның бақытты да жігерлі, қайратты да білімді азаматтары болыңдар деген ізгі тілектерін жеткізді.

Мерекенің өту барысында ауыл тұрғындарымен әңгімелесіп, олар осы ұйымдастырылып отырған іс-шараға деген көзқарастарымен бөлісті.

Күлжамал Қыдырқожақызы Әбілмажина, ауыл тұрғыны:

-Адамзат тарихындағы ең сұмдық соғыстың болып өткеніне биыл 70 жыл толады. Бірақ Ұлы Жеңістің ұмытылмайтыны сияқты, соғыс та ұмытылмастай ізін қалдырды. Бұл мереке – бейбітшілік пен қайырымдылықтың мәңгі жасампаздығын, Отанын қорғаған жауынгер-солдаттар мен офицерлердің айбыны, тылдағы Жеңісті жақындатқан жұмысшылардың ерлік еңбектерінің мәңгі өшпейтіндігін дәлелдейтін белгі болып қалмақ. Менің әкем сол сұрапыл соғыстан қайтып оралмады. Біздің аталарымыз бен әкелеріміздің батырлықтары мен жанқиярлықтары, олардың өз Отанына деген шексіз сүйіспеншіліктері Қазақстанның бүгінгі жауынгерлері үшін мақтан тұтарлық үлгі ғана емес, бұл – бірнеше ұрпақты байланыстыратын қоғамның рухани дамуы мен ұлттық қайта өрлеуінің жоғары адамгершілік негізі. Табандылық пен ерлік, Отанға деген сүйіспеншілік қатал соғыста Жеңіске жеткізді. Ауданымызда осындай іс-шараның өтіп жатқаны жүрегіме жылу, көңіліме қуаныш әкелді.

 

Жанерке ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ

Пікір:

Редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов. 

 

 

Күнтізбе

<< < Қыркүйек 2014 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 24 25 26 27 28
29 30          

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз