Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Құлынжон ауылдық округі – аграрлық әлеуеті жоғары, халқы еңбекқор, берекелі ауыл. Сәйкесінше ауылдың экономикалық серпіні де бөлек. Бақша шаруашылығы, құнды балық түрлерін өсіру, мал бағып, егін егуді кәсiп көзіне айналдырған ауыл тұрғындары ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын дамытуға айтарлықтай үлес қосуда. 

Қыркүйектің 19 күні Құлынжон ауылының тыныс-тіршілігін толығырақ біліп, алдағы уақытта атқарылар жұмыстарға қанық болу мақсатында біз ауылдық округке ат басын тіредік. Бізді 35 жыл білім саласында еңбек етіп, ауыл әкімі тізгінін алғанына бір айдай уақыт болған жаңа әкім Самарқан Демесінұлы қарсы алды.
Самарқан Демесінұлының айтуынша, ауылдық округіне екі елді мекен Құлынжон және Көкжыра ауылдары қарайды. Округ ауылдары Құлынжон және Лайлы өзендерінің жағалауларында орналасқан, сондай-ақ маңайында Құлынжон көлі бар. Әкімшілік, пошта, кітапхана, учаскелік полиция бөлімшесі орналасқан ауылдық округ аппаратының ғимаратына 2017 жылы күрделі жөндеу жұмысы жүргізілген. Жаңадан салынған, қайта жаңғыртудан өткен әлеуметтік нысандар да ауыл ажарын ашып, көрікті мекенге жаңаша сән беруде. Ресми мәліметтерге сүйенсек, округте 60 шаруа қожалығы және «Казнаковка», «Восток Фиш», «Кузмич» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жұмыс істейді.
- Ауыл шаруашылығы туралы айтатын болсақ, мұнда көкөніс шаруашылығы және бақша шаруашылығы кеңінен дамыған, олар округ аумағында жұмыс істейтін шаруа қожалығының бірі «ағайынды Зүлфиевтер». Олардың қызметінің негізгі бағыты болып табылады. Негізінен дәнді, майлы, көкөніс және жем - шөп дақылдары өсіріледі, - деп атап өтті округі әкімі.


Ауылдық округті абаттандыру толық іске асуда, әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасы әзірленді, оның шеңберінде ауылды абаттандыру бойынша іс-шаралар жүйелі түрде өткізіліп тұрады. Сонымен қатар, биылғы жылы Құлынжон және Көкжыра ауылдарында су құбырларын тарту жұмыстары басталды. 2019 жылы екі ауылда да 1 км 300 метр су тарту жоспарда тұр. Аталмыш жұмысты мердігер «Шығыс жолдары» ЖШС жүргізеді. Екі ауылды толық ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары 2020 жылда толықтай аяқталады деп күтілуде.
Сондай-ақ сөз соңында, жаңа әкім алдағы жоспарларымен бөлісті.
- Аудан әкімі Асхат Сайдахметұлының ауыл әкімдері мен аудан тұрғындарына қоятын ең басты талаптары тазалық, тәртіп, абаттандыруды жүйелі жүргізіп отыру. Ауылдың шетіндегі жағалауларды тазалап демалатын орындар жасау. Бізде өкінішке орай, ауылда той-томалақ өткізетін ғимарат жоқ. Той болса Самарға, кісіні жерлеу рәсімдерін Бастаушыға барып жасаймыз. Осыны ескере отырып тойхана салу жоспарда бар. Сондай-ақ, көшелерді толықтай жарықтандыру бойынша қаржы көзін қарастырып ауылдағы барлық көше мен бұрылыстарда жарықтандыру жұмысын жүргізу.
Қорыта келе, Құлынжон және Көкжыра ауылдары жылу беру маусымына дайын деп айтуға болады. Мал азығы үшін шөп қоры дайындалған. Округтегі мәдени ошақтар, бiлiм беру мекемелерi, денсаулық сақтау салалары халыққа мiнсiз қызмет көрсетуде. Тұрғындардың бүгінгі тыныс-тіршілігінде бұрынғыдан көш ілгерілеушілік бар.

КӘСІПКЕРЛЕР – АУЫЛ ТІРЕГІ
Қазақта «Ауылына қарап, азаматын таны» деген қанатты сөз бар. Бұл орайда туған жерін түлетіп, еліне елеулі еңбегімен ардақты азамат атанған тұлғалар аз емес. Олардың есімдерін жұртшылық жақсы біледі. Көпке үлгі етеді. Солардың бірі де бірегейі, Құлынжон ауылдық округтің тумалары Еркін Ағзанбекұлы мен Александр Воротников. Сондай-ақ округте мал шаруашылығын кәсіп етіп, нәпақасын тауып отырғандар да жетерлік.
«Егін ексең тыңға, шықтым дей бер шыңға» демекші, округте егін егіп, мал өсіріп шаруасын дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер тұрғылықты жердің экономикалық-әлеуметтік, мәдени және өзге де саласына баса мән беріп, әрдайым қолдау көрсетіп келеді.
Алдымен ат басын тіреген «Казнаковка» ЖШС жұмыс орнында еңбек қызу жүріп жатқанын байқадық. Техникалардың барлығы шөп шабу науқанын аяқтап, егінге дайындық үстінде екен. Шаруашылық басшысы Александр Воротниковтың айтуынша, шаруашылық биылғы жоспарды орындап тастапты, шаруашылықта 20 шақты техникалық бірлік жұмыс жасайды.
Ал сонау 1996 тоқырау жылдары ағайынды Еркін, Тілеубек, Әсет Булембаевтардың күшімен ірге тасы қаланған «Жолан» ШҚ да еңбек майданынан табылды. Біздің редакция ұжымы барған кезде шаруалар тамақ пісіргенде бармағынан бал таматын аспазшы Нұрғайша апайдың түстік асын ішіп демалып жатыр екен. Қожалықтың басшысы Еркін Булембаев шаруашылықтың бүгінгі жағдайын айтып берд:
- Шөп науқанын аяқтадық, енді егінге шығамыз. Біздің шаруашылықта 1 комбайн, 6 трактор бар. Биыл 30 басқа арналған бордақылау алаңының құрлысын бастадым. Бір өкініштісі жұмыс қолының жетіспеушілігінен құрылысты аяқтап үлгере алмай жатырмыз. Жаз айында өз ұлымды жұмысқа баулып, темір тұлпардың қыр-сырын үйреттім, соның арқасында оның маған көп көмегі тиді. Қазір қожалыққа әскери міндетін өткеріп келген жиенім Елдарды тәрбиелеп жатырмын. Осы орайда Самар ауылындағы Кәсіптік-техникалық колледж студенттері іс-тәжірбиеден өтуге бізге келсе нұр үстіне нұр болар еді, - деп Еркін Ағзанбекұлы өз өтінішін де білдіріп кетті.
Ата кәсіпке адалдық танытып, осы саладағы әрбір науқандық жұмыстың жүзеге асырылуынан, тындырымды тірліктен рахат тапқан шаруа қожалықтың еселі еңбегіне табыс тіледік. Міне, асқаралы істер атқарып, өздері туып-өскен елдің мерейін асырып жүрген осындай Александр мен Еркін сынды азаматтарға Алланың нұры жауа берсін дегіміз келеді.
Александр мен Еркінге еліне, халқына, дос-жарандарына жасап жүрген қамқорлығы мен азаматтығына, мырза пейіліне ырза көңілмен ризашылығымызды айта келе олардың азаматтық болмысы мен ұстанымы, туған жерге деген шексіз құрметі мен сүйіспеншілігі ізін басып келе жатқан кейінгі буын өкілдеріне үлгі-өнеге екені сөзсіз.

ТЕМІРДЕН ТҮЙІН ТҮЙГЕН МҰХТАРХАН АҒА
Өз ісінің шебері, Құлынжон ауылының тумасы, «Казнаковка» ЖШС құрылған жылдан бастап токарь болып еңбек еткен Мұхтархан Мұсабаев қазіргі жастарға үлгі болатын жан. Мұхтарбек аға зейнеткерлікке шығып, бейнетінің зейнетін көруде. Қазіргі таңда 44 жылдай бірге отасқан жары Ағияш Нұролдақызымен ұл-қызынан тараған 7 немер-жиендерінің қызығын көруде.
- «Казнаковка» ЖШС менің еңбек жолымның бастау қайнары болды. Зейнетке шыққанға дейін осы шаруашылықта еңбек еттім. Осындай ұжымда өзімнің сүйікті кәсібіммен айналасқаныма бақыттымын. Мен осы шаруашылықта 3 шәкірт тәрбиелеп шықтым. Қазір зейнетте болсам да осында келіп қолымнан келгенше көмек беремін, - деді Мұхтархан аға. Зейнетке шықса да әрі тың, өз мамандығының майталманы болып жүрген Мұхтарқан сынды азаматқа сырттай сүйсінесің.
Қазір шаруашылықта ұстаздың ала таяғын ұстаған жас токарь Азат Шаяхметов еңбек етуде. Азат Мұхтархан ағадан алған білімін шыңдап, еңбек етуде. Ол өзінің ұстазы Мұхтархан ағаны мақтан тұтады. Темір тұлпардың құлағында ойнау әкесінен дарыған Азаттың осы мамандыққа қызығушылығына әкесі ықпал еткен.

НӘСІБІН КӘСІПТЕН ТАПҚАН ЖАН
Бүгінгі таңда қысы-жазы сырттан келетін тауарларын сататын саудагерлердің көкөністерінен гөрі жергілікті бағбандардың өнімдеріне сұраныс көп. Жергілікті жерде өсірілген көкөністердің дəмі де ерекше! Осы тұста көкөніс өсіруші ағайынды Зүлфиевтерді ауданда танымайтын адам жоқ шығар. Бірнеше жылдан бері бау-бақша шаруашылығымен айналысатын олар аудан жұртшылығын қысқы азықпен қамтамасыз етіп отыр.
Көкпекті халқын көкөніспен қамтып отырған Зүлфиевтар жанұясы аудандағы еңбекқор адамдардың өнегелі үлгісіне айналған. Намаз аға 6 бала тәрбиелеп отыр. Намаз қазір ауданның халқын бау-бақша өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған «Нұрмахмат» атты шаруа қожалығын құрып, кәсіпті өркендетіп отыр. Жазда қияр мен қызанақ сатса, күз айларында ауылдастары өндірген қырыққабат пен жүгеріні нарық бағасынан төмен бағада сатып ала алады. Өнім бағасы базардағыдан әлдеқайда арзан. Аудан әкімінің тапсырмасымен сенбі күндері Көкпекті, Самар ауылдық округтерінде өтетін жәрмеңкеге Намаз Зүлфиев өз өнімдерін саудаға салады.
- Шаруаны 2014 жылы бастадық. Құлынжон ауылдық округінен аздаған жер алып, оны отбасымызбен өңдедік. Ауыл жерінің топырағы бау-бақша дақылдарын өсіруге қолайлы. Әртүрлі көкөністерді еге бастаған соң, оны сатуды да қолға ала бастадым. Бүгінде көкөністерімізді Өскемен қаласы мен аудан тұрғындары сатып алады. Жер - тіршілік көзі, су - өмірдің нәрі. Бұл жердің топырағы дәнді дақыл өсіруге икемді емес деп ойлайды, алайда ептілік таныта білген адам топырақтан толағай өнім ала алады. Тәжірибесі мол бақшашы көп өнім жинаудың жалпы технологиясын да игеріп үлгерген. Шаруаның айтуынша, көкөніс тұқымы алдымен үй маңындағы жылы орында өсіріледі, ал тұқым Алматы қаласынан сатып алыныпты.
Бүгінгі күні шаруашылықта техниканың жоқтығы және өнімдерді сақтайтын орын болса. Сондай-ақ, Құлынжон ауылындағы бұрынғы бақты қалпына келтіру жоспарда барын тілге тиек етті.
Еңбек еткен адамның ырысы мол болады. Жергілікті өнім сапалы болумен қоса, бағасы да қолжетімді. Демек, табысын қағазбен емес, қолымен тапқан қарапайым шаруалардың ісі берекелі, нәсібесі ризыққа толы болсын демекпіз!

Клара ҚАЙЫПЖАНҚЫЗЫ 

Пікір:

Редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов. 

 

 

Күнтізбе

<< < Қыркүйек 2019 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
24 25 26 27 28 29
30            

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз