Күн мен түннің теңеліп, көктен Тәңірдің нұры тамған, көпшіліктің көптен күткен қасиетті күні ғой бұл әз-Наурыз! Ұлыстың ұлы күнін дүркіретіп тойлауға тыңғылықты дайындалған Тассай жастары мерекенің көркін қыздырды. М.Әуезов мектебінің 2004 жылғы түлектері мектеп бітіргендеріне 15 жыл толуына орай ұлыс мерекеге демеушілік жасап, мерекеге мектеп қабырғасында спорттан дәріс берген тәлімгер-ұстаздарын шақырып құрмет білдіріп, волейболдан үлкен командааралық жүлделі-жарыс өткізді. Сайысқа қатысқан он команда ішінен суырылып шыққан спортшылар лайықты марапатқа және бағалы сыйлықтарға ие болды.
Жас буын үшін бұл да бір өнеге тұтар іс. Келер жылы көктемде 2005 жылдың түлектері осынау үрдісті жалғастырмақ ниетте. Көңілі көлдей ағайынның қуанышында шек жоқ. Қытымыр қыстан төрт көзі түгел, аман шыққан ауыл халқы бір-біріне ұмсына қол созып, қауқылдай құшақтасып: «Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!» десіп қуаныштарын жасыра алмай жадырай күлісті. Кимешек киген әжелер мен шапан жамылған ақсақалдар, ақ жаулығын иықтан түсіре, қазақи камзолын киген жас келіншектер, сері жігіттер мен қылықты қыздар бәрі-бәрі наурыздың көркін кіргізіп, дөңгелек дүниедегі дербес ел қазақтың қасиетін арттырып тұр.
Ауыл шетінен орталыққа қарай шұбырған қазақтың кәдімгі тең байсалды көші. Қоңыраулы нарға тең артқан түйелі көшті көргенде «Қыз Жібек» көркем фильмін тамашалап отырған сияқты керемет әсер алдық» дейді театрландырылған көріністі тамашалаушылар.
Наурыз тойы жылдан-жылға жаңарып, көңілден ұмыт болған ұлттық әдет-ғұрып, салттық жәдігерлеріміз жадымызға қайта оралып жаңғырып келеді. Көш келіп керуен тоқтатылып ауыл ақсақалы Наурыз-мейрамға ақ батасын арнап әлеумет «әумин» десті.
Ауыл әкімі Е.Мазыбаев Тассай ауылы халқын Ұлысың ұлы күнімен құттықтап, баршаға ақжарқын ақ тілеуін айтты. Аудан орталығынан келген «Нұр Отан» партиясы филиалы төрағасының орынбасары Б.Оразғалиева Тассайдың қадірлі қариясы, еңбек ардагері Қуан Түсіпбековты ұлық мерекемен орайлас келген 75 ке толған мерейлі күнімен құттықтап, аудан әкімінің алғыс хатын табыс етті. Ал, ауылдың ер көңіл жігіттері Мауытбек Оразбаев пен Жанат Ыбырайым жерлестері атынан ақсақалдың иығына шапан жауып құрмет көрсетті. Қызық сахнаға ойысты. Ойдағы «Алаш», ортадағы «Ынтымақ», қырдағы «Ақбұлақ» ауылы болып үшке бөлініп өнер сайысына түсті. Әр ауылдан шыққан өнерпаздар түрлі өнер түрлерін ортаға салды. Алаштықтар «Өңір тағу» атты дәстүрлі сомдаса, Ақбұлақтық қауым «Жарапазанды» сахналады. Әрине, «ел іші өнердің кеніші» ғой, қойылым көптің көңілінен шықты. Ұлттық киім үлгісін көрсету сайысында ауылдың жас келіндері өз қолдарымен тігілген сәнді ұлттық киімдер киіп, музыкамен өрнектелген сахналық тұрыс-қимылдарымен көрген жанды тәнтті етті. Ауыл әртістерінің орындауында сазды әуен мен әсем би де тамашаланды. Жұрт «Наурыз» көжеден дәм татысып, қыстан қалған сүріден ауыз тиіп мәре-сәре күйде.
«Ал кәне, ал тарт! Қиқуласқан дауысқа құлақ түре жұрт тысқарыға жүгірді. Ағаштың түтінімен кауаптың араныңды аштыратын ғажап исі мұрныңды жарады. Апай төс, аламойын жігіттер «Арқан тартысып» жатыр екен. Пай, пай жеңген ерге жүлде бар! «Сырыққа өрмелеу» мен әйелдер арасында «жаяу жарыстан» сайыс, сондай ақ, білекті жігіттердің жекпе-жегі «Қол күресінен» бақ сынасты.
Бір-біріне құрмет жасап дастарханға шақырған мереке қызығы әлі аяқталар емес. Ұлыстың Ұлы күнінде түс ауа бере аудан орталығынан мәртебелі меймандар Көкпекті ауданының әкімі Асхат Сайдахметұлы мен аудандық маслихат хатшысы Талғат Манапұлы арнайы ат басын бұрып, Тассайлықтарды «Жыл басы - Наурызбен» құттықтай келді. Аудан басшысы ақ дастархан үстінде көл жағалаған ағайынға көрікті тірлік, берекелі бірлік тіледі.
Ел ажарын келтірген әз Наурызға арналған шараның соңына қарай әділ қазылар алқасының төрайымы Сайраш Қалиқызы ортаға шығып «Алаш, Ынтымақ, Ақбұлақ және Ақсу ауылының халқына көпшілікке ұлттық мейрамды жоғары деңгейде ұлықтағаны үшін алғыс айтып, «Ұлттық киім үлгісі» сайысының жеңімпаздарына I, II, III орындар үшін сыйлық тағайындап, және төрт ауылдың ұйымдастырушыларына да қымбат бағалы сыйлықтар тарту етті.
Бүгінгі өткізілген Наурыз мерекесіне арналған барлық мәдени-көркем және спорттық шаралардың бас демеушісі, ақ жүрек азамат Марат Нұрсадықұлы және зайыбы кәсіпкер Әлия Елемесқызы Байжұмановтарға халықтың ризашылығы мен алғысы зор. Ел ықыласына бөленген тағы бір ауылдасымыз «Қол күрес» сайысының демеушісі Махмұт Шегебай «Орамалын» астанамыз Нұрсұлтан қаласынан арнайы жолдапты.
Берекелі ортамызда қалыптасқан дәстүр бойы-нша келер жылғы Наурызға «бас демеуші» болу құрметін Марат Байжұманов ауылдасы һәм сыныптасы Біржан-қажы Түсіпбекке табыс етті. Қажы қуана қабылдады. Бәрекелді! Биылғы жылды президент «жастар жылы» деп атауына байланысты Тассайдағы Наурыз-жыл басы мерекесін жоғары деңгейде ұйымдастыруға белсене атсалысқан, Түйеші - керуен басы Мақсұтқан Рақымбекке, Алаш ауылынан М.Қапасова, Ш.Мұқанова, М.Әділғазина, Ынтымақ ауылынан А.Мазыбаева, Н.Изгуттинова, Г.Нұрсеитова, А.Елешова, Ақбұлақ ауылынан Б.Мазыбаева, Э.Жеңісбекқызы және Н.Изгуттиновалар мен тағы басқа да ауыл жастарына халықтың айтар алғысы үлкен.
Катрен Байжұманов,
клуб меңгерушісі
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.