Ағайынды көкөніс өсіруші Зүлфиевтер біздің ауданымыздағы тұтынушыларды бау-бақша өнімдерімен бірден-бір қамтамасыз етушілер. Олардың қолымен өсірілген сапалы әрі экологиялық жағынан таза көкөністер тұрғындар арасында үлкен сұранысқа ие. Кәсіпкерлердің өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігі көктемде теңге бағамының құнсыздану кезеңінде көкөніс бағасы негізсіз көтерілгенде айқын көрінді. Аудан әкімінің қолдауымен муниципалдық базарды Тоғай Зүлфиев арзан көкөністерін сатылымға шығаруға пайдалануда.
Тоғай Зүлфиевтің бақшасына қарай апаратын соқпақ жол жіп-жіңішке болып ирелеңдей жетелейді. Жап-жасыл бау боп өрілген жүйектерде көгенделген қиярлар мен қызанақтар, орамжапырақтар мен сәбіздер және картоп өскен алқаптар жайқалып, көздің жауын алады. Бақша алқабының екінші жағында бірнеше адам пісіп-жетілген өнімді қапқа салып жинап жүр. Зүлфиевтердің ең бірінші пісетін дәруменге толы қиярларын жинау үшін бүкіл отбасы мүшелері таң бозынан кеш қарайғанға дейін еңбектенуде.
-Биыл қияр жақсы өнім беріп жатыр, - дейді жасыл бақшаның сүйкімді қожайыны Мехрибану. –Бақша басына таңертең ерте келіп, кеш қайтамыз. Біздің тұрмыс-тіршілігіміздің көзі, жеп отырған нанымыз осы болғандықтан кешке дейін тер төгеміз. Еңбек етпесең, аузың да қимылдамайды.
-Зүлфиевтердің еңбекқор отбасының үлкен-кішісі бақшада жұмыс істейді. Жер өңдеушінің жұмысы өте ауыр. Бәрі қолмен істеледі, - дейді оны қостап, Құлынжон ауылдық округінің әкімі Шәмшібану Шайырғазина.
-Бұл отбасы өздерін өздері қамтамасыз етіп отыр. Олардың көкөністері тек ауданда ғана емес, облыс аумағында үлкен сұранысқа ие. Тоғай Зүлфиевтің балалары да кішкентайынан шаруаға епті. Үлкен ұлы Нұрсұлтан – колледждің студенті, жазда ата-анасына жәрдемдеседі. Қалған үшеуі мектепте оқыса, Джахангер – 4 жаста. Жақында облыс орталығында болған жәрмеңкеде Тоғай Зүлфиевтің қиярлары 80 теңгеден сатылды. Бұл күні қаланың басқа нүктелерінде оның бағасы 200-250 теңге болып шарықтап тұрған еді. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Тоғай ауылдық округте өтетін түрлі шараларға үлкен қолдау көрсетіп отырады. Өсірілген өнімдерін төмен бағамен ұсынады.
Мәселен, облыстық жәрмеңкеде керемет сұранысқа ие Зүлфиевтердің өнімдерін барлығы біледі. Көктемде өткен жәрмеңкеде олар қала тұрғындарына картопты 55 теңгеден, орамжапырақты 20-25 теңгеден сатты. Қазіргі күндері Зүлфиевтердің қаншама тер төгіп өсірген көкөністері бақша басынан-ақ арзан бағамен сатылып кетіп жатыр. Олардың жинаған өнімдері отбасына кіріс кіргізіп, жыл бойы аудан тұрғындары балғын көкөністер тұтынғанын қалар едік. Тоғай Зүлфиев несие алмаса, көкөніс сақтайтын қойма салу немесе оны сатып алу еш мүмкін емес.
Оның отбасы 2003 жылдан Құлынжон ауылында тұрған. Өткен жылы олар бақшаға жақынырақ болу үшін Бастаушыға қоныс аударып, үлкен ұрасы бар үй сатып алды.
–Мен өзім Тәжікстаннанмын. Тағдыр айдап осы аймаққа келдім. 1976 жылы Ахмеровода әскер қатарында қызмет еттім. Әскерден кейін Өскемен қаласында отбасын құрып, тұрып қалдым да құрылыста прораб болып істедім. Аласапыран кезеңде жұмыссыздық орын алғаны белгілі. Бала-шағаны қайтсем де асырау керек болды. Сөйтіп, 2003 жылы маған ауылға келіп көкөніс өсірумен шұғылдануға кеңес берген Казнаковка ауылдық округінің әкімі Күлбибі Жолжақсыновамен таныстым. Бұл сала маған бөтен емес. жермен жұмыс істеу қолымнан келетін. Оның үстіне сол кезде бос жатқан жерлер өте көп болды. Осылайша мен сіздердің аймақтарыңызға келіп, осында біражола қалдым. Өз өмірімді жермен шұғылданумен байланыстырдым.
Бүгінгі күні көкөністердің алты түрін өсірудеміз. Міне, қияр өткізуді бастап та кеттік. Жақында қызанақ та пісе бастайды. Көкөністерді бөлшек саудаман облыстағы «Дина» сауда нүктесіне өткіземіз. Күзде тұрғындарға аса қажетті көкөніс - пияз сатамыз. Содан кейін орамжапырақтың кезегі келеді. Біздің өнімдеріміз Самар ауылындағы муниципалдық базарда жақсы сатылады. Қыста біз барлық көкөніс түрлерін тұрақты бағамен 70 теңгеден саттық. Қазіргі таңда қияр 80 теңгеден жақсы өтуде. Қызанақ 200 теңгеден, 50-60 теңгеден орамжапырақ болады. Жер өңдеу кезінде экологиялық жағынан таза, табиғи тыңайтқыштар пайдаланамыз. Атап айтсам, көң, құс саңғырығы, арамшөптерді құрту үшін гербицидтер қолданамыз.
Биыл аудан әкімі Д.М.Мусиннің қолдауымен Тоғай Зүлфиевке 60 гектар жер телімі бөлініп, оның 35 гектары картоп өсіруге арналған танап, қалған 25 гектарына көкөніс өсіреді. Алғаш рет субсидия алуға құжаттар рәсімделді.
Көкөніс өсірушінің басты мәселелерінің бірі – көкөніс сақтайтын қойма. Қоймаға сақталған өнімдермен қыс және көктем айларында аудан халқын балғын көкөніспен қамтамасыз етіп отыруға болады. Сонымен қоса, жерді талапқа сай өңдеу үшін жаңа техника керек. Жер танаптарын жырту, арықтар қазу үшін мен техника жалдаймын. Осылайша, тапқан табысымыздың бір бөлігі соған жұмсалады. Жаңа трактор мен қойма біз үшін ең маңызды мәселе болып тұр. Қияр жинау жұмыстарын орындаған адамдарға күніне 1500 теңге төлеймін. Ал, картоп жинағанда одан қымбатырақ, яғни, 2000 теңге төлеймін. Оны да әзірге құрғақ әрі жылы ауа райы тұрған кезде жиып-теріп алу керек. Бүгінгі күні сыйымдылығы 200 тонналық қойма бар. Бірақ, ол жеткіліксіз.
Дүйсенғазы Мағауяұлының қолдауымен тағы бір көкөніс қоймасын сатып алу мәселесі шешілуде. Егер бұл мәселе оң шешімін тапса, аудан тұрғындарын жыл бойына балғын көкөністермен қамтамасыз етуге мүмкіндік аламыз. Оған қажетті құжаттарды даярлауда Кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Әлия Мұқашева зор көмек көрсетуде.
Келешекте Тоғайдың тек аудан халқын ғана емес облысты да көкөніспен қамту ойында бар. Ол үшін көкөніс өсірушіге жаңа техника мен жер аумағын кеңейтіп, көкөніс отырғызуды арттыру қажет.
-Менің оған мүмкіндігім бар және ойға алған істердің барлығы да жүзеге асатынына сенімдімін, - дейді Тоғай. – Болашаққа арналған жоспарым өте үлкен. Өйткені, менің шаруа қожалығым бар. Егер жан-жақтан аудан мен ауылдық округ, ауылшаруашылық бөлімі басшылары, туған-туысқандар мен дос-жарандар қолдау көрсетіп жатса, онда жұмыс істеуге деген құлшынысың артып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндірісті жақсартуға, жаңа технологияларды енгізіп еңбегіңнің нәтижелілігін арттыруға талпынасың.
Қанат АПСАДЫҚОВА
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.