Көркемөнерлі Көкжайық
Сахна шымылдығы ашылғанда көзіміз үйренген жүргізушілер де емес, əншілер мен бишілер де емес, бас қаланың іргетасын қалап жүрген құрылысшылар, сылақшылар мен әктеушілер, құрылыс бригадирімен прораб ырғақты әуеннің тербелісіндегі бимен бастады. Еңбек күйі, құрылысшы биі сахна сәнін келтіре дөңгеленіп, аса мәртебелі, жасампаз құрылысты жүргізушілерді мадақтады.
Аппақ шытырадай жібек бұлмен кіреукеленген Бәйтерек макеті орналасқан сахна көрермендерді бір сəтке Елордамызға алып келгендей болды. Байқаудың мақсаты, Астананың 20 жылдығына арналғаны сахнаның төріне ілінген суреттерден байқалып, көрнекті безендірілулермен толығып тұрды. Суреттер мен картиналарды байқау тақырыбына сәйкестіріліп, арнайы жасаған Көкжайық орта мектебінің жас мұғалімі Олжас Бекмұханбетов екен.
Ауылдың ақ әжелерінің «Мирас» этно-мəдени ансамблінің орын-дауындағы «Ауылым» əні Көкжайық ауылы өнерпаздарының байқауға тыңғылықты дайындалғанын көрсет-кендей. Сахналық костюм, қойылым кезіндегі жүріп-тұру, тіпті жүргізушілердің қолдарында, беттерін көлегейлеген «дағарадай пәпкі» емес, смартфон мен планшет дерсің. Көкжайық орта мектебінің мұғалімі Әйгерім Рахимованың жетекшілігімен қойылған «Ромашка» би тобының орындауындағы қазақ биі көрермендердің ықыласына бөленді. «Ромашкалық» бүлдіршіндер Ангелина Бубликова, Кристина Гулькова, Виктория Гетченко, Балжан Қа-сымханова – бақытты балалықтың белгісіндей балауса билерін Астанаға арнап, бар ниеттерімен, ынта-жігерлерімен қойылымдарын тамаша орындап шыққаны көкпектілік көрерменді тәнті етті. Ал, Смағұловтар отбасынан анасы мен қызының билеген «Павлин» биі тамашалаушылардың көңілінен шығып, тауыстай түрленген бишілер зор қошеметке ие болды.
Көкжайық ауылдық округі әкімі Нұрбек Сыдықұлының орындаған термесі ел-жұртты бірлікке шақырып, рухани жаңғыруға меңзеген салиқалы оймен айтылды. Терме нағыз халықтық үлгіде әсем қоңыр дауыспен, байыпты баппен орындалды. Округ құрамындағы Ақой ауылының өнер-паздарын орыстың ұлы ақыны, әлем классигі Александр Пушкин атындағы мектеп директоры Ринат Араратұлы Кажиакберов бастап алып келді. Ринат Құмарбековтың басшылығымен қойылған флешмоб тартымды көріністерімен есте қалды. Республикалық Жайдарман ойындарының қатысушылары ауыл жастарының «Көкжайық құрамасы» үздік əзілдерімен халықты күлкіге қарық қылды. Еркін Байсейітовтың мәнерлі үні әрбір нөмірді жарқын дауыспен хабарлап тұрды.
«Əзіл əлемі» театрының қоржынындағы ең үздік образдардың бірі «Шімəн апаның Астанаға келуі» қойылымын зейнеткер Зайдаш Замашқызы Байсақалова сомдап, актерлық шеберлігімен көзге түсті. Байқауға қатысуға дайындық кезінде көркем өнерлі Көкжайықтағы орта мектеп директорының орынбасары Нұрлан Ермектің, клуб меңгерушісі Ринат Құмарбековтың, «Бөбек лүпілі» балабақшасының жұмысшысы Ерлан Сайлауғазының, «Бәйтерек» макетін жасаған Ербол Темірбековтің еңбектерін ерекше атап өтуге болады. Концерттік қойылым соңында аудан әкімінің орынбасары Дәурен Қойгелдин көкжайықтық көркемөнерпаздардың тыңғылықты дайындығын, ұйымдасқан бірлігін атап өтіп, байқауға қатысушыларға алғыс айтты.
Маринагоркадағы мәдениет мәнері
Маринагорка ауылдық округінің «Астана – Отанымыздың жүрегі, Тәуелсіздігіміздің тірегі» атты концерттік бағдарламасының негізін Жұмба ауылы өнерпаздарының қойылымдары, билері мен әндері толықтырды.
Жұмбалық Қадырбек Смаи-ловтың «Көңіл сыры» әні, Татьяна Резник бастатқан вокалды топтың «Аграном» әні қазылар алқасы көңілін аударып, сахнаға назар салдырды. Үнді биін үндістандықтардан да артық игергеніміз Әлия Зейтеннің биінен көрініп тұрды. Жалпы Маринагоркалықтардың мәдениет мәнері таза ауылдық өнерді көрсетуге арналды. Әнді музыкалық сүйемелдеусіз тыңдаушыға жеткізудің үлгісін «Ауылым» әнін салған Шынарбек Еркінбек көрсетті. Марина-горкалық көркемөнерпаздарға аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысы Әлібек Саржанов қолдау тілегін білдіріп, аудан басшыларының атынан байқауға қатысқан өнерлі азаматтарға алғыс айтты.
Үлгілімалшылықтардың үлгісі
Жыл сайын өткізілетін көркемөнерпаздар байқауы – ауыл мәдениетінің қаншалықты дамығанын анықтайтын көрсеткіш. Ауылдық округ басшысының жергілікті кәсіпкерлермен, шаруақожалықтары басшыларымен, ауыл зиялыларымен, жастармен, ақсақалдармен қалай байланыс жасап, оларды нендей әрекетке жұмылдыра алғандығын білдіретін есепті шара. Ауыл тұрғындарының мәдениет деңгейін, көркемөнері сапасын, ауылдың байлығын да, азаматтарының бірлігінде, тіпті ауылдағы саяси ахуалды да ауданға айдай етіп көрсететін, осы - көркемөнерпаздар байқауы.
Үлгілімалшы ауылдық округінің тұрғындары осы көрсеткіштердің барлығында жағымды жағынан толтырып, байқауға ат үсті қарамай, байқау ережесін лайықты орындап шыққан екен. Бақытбек Елтайұлы мен Әнеш Қизатұлының салған «Тойбастар» әні тыңдаушы көрерменді желпінтіп, жадыратып тастады. Мұнан кейін үлгілімалшылықтар өнер бәйгесінің басын қоя беріп, «Қызғалдақ» домбырашылар тобы «Мереке» күйін төкті. «Гүлзада» би тобының «Тостаған» биі кейбір округтегі би ұжымдары әкелетін «денешынықтыру жаттығуларындай» емес, нағыз қазақ биі болды. Сазы да сәні келісті «Гүлзадалық» биші қыздардың жетекшісі Гүлмира Солтанқызының бидің сиқырлы әлемін шәкірттеріне жеткізіп, бала жүректеріне құйып, қимылдарына машықтандырып, күйді де, биді де сезе білуге жеткізгені сауатты қойылымдарынан тайға таңба басқандай көрініп тұрды. Ауыл әншілері Қауан Нұрболат, Мақсат Маратұлы салған әндер, Шахан Төлеубайұлының орындаған термесі нағыз кәсіби деңгейде орындалғанын, көрерменнің ыстық ықыласпен соққан қолдары мен қолдаулары дәлелдеп жатты. Жазира Жанпеисова мен Аружан Исаеваның орындаған «Тәуелсіз қазақтың қызымын» әні бағдарламаның мақсатын айқындап, міндетін орындап, байқау шартына толды.
Үлгілімалшылықтарды құттықтап алғыстарын білдірген аудан әкімі міндетін атқарушы Марат Теміржанов, аудан әкімі орынбасары Дәурен Қойгелдин байқауға қатысуды жоғарғы деңгейде ұйымдастырған Мерей Смағұловтың іскерлігін атап өтті. Ауылдық округті талай жыл басқарған, облысқа әйгілі қоғам қайраткері, елдің анасындай болған Клара Рафикқызы Смаилованың жүрекжарды сөзі үлгілімалшылықтардың әрқайсы-сына арналғандай. Әңгімені арғы тарихтан қозғаған Клара Рафикқызы, үлгілімалшылықтардың мәде-ниет бастауында Халық театры да, ұлт аспаптар оркестрі де болғанын атап өтіп, жерлестеріне жемісті еңбек, жеңісті жетістіктер тіледі.
Қайрат БЕСБАЙЫС
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.