«Жаздың бір күні – жылға азық» деген нақыл сөздің мәнін қысы –жазы мал соңында жүрген шаруа адамы жақсы түсінеді. Қысы қатаң біздің өлкенің адамдары үшін жаздың әр қолайлы сәтін пайдаланып қалу тіптен маңызды екені айтпаса да түсінікті. Аязды да боран-шашыны көп болатын қыстан төрт түліктің қоңды шығуы қыс қамын ерте жасауға тікелей байланысты. Осы орайда аудан шаруаларының мал азығын дайындау кампаниясына қалай кіріскені бүгінгі күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі болғандықтан, ауылдық округ әкімдерінің бұл науқан туралы қаншалықты мәліметке ие екендігін білуді жөн көрдік.
Бүгінгі күнге Тассай ауылдық округінде округ әкімінің мәлімдеуінше, жылдық шөп шабу жоспары бойынша дайындалатын 2376 тонна мал азығынан 590 тонна қырдың шөбі дайын. - Шөп шабу науқанының басталғанына 5 күн болды. Қырдың шалғыны біткеннен кейін, шабындыққа көшпекшіміз. Жұмыс барысы жаман емес, еш кедергісіз жүріп жатыр, өткен жылғы мөлшерде жинап алатынымызға сенімдіміз. Ал, тұрақтандыру қорынан біздің округке ұн берілген жоқ. Бұл - округте меморандумдар жасайтындай ірі өндіріс орындарының болмауынан. Қор жасаудың басқа жолдарын қарастырудамыз. «Мәмбет» ШҚ тасымалданатын нан бағасы 48 теңгеден тұрақты, - деді округ әкімі.
Ал, Биғаш ауылдық округі әкімінің айтуынша, тұрақтандыру қорының өнімдері жоқ болса да, ұннан таршылық көріп отырмаған көрінеді. Ол жерде ауыл тұрғындарына «Құсайынұлы» ШҚ облыстан жеткізілген бірінші және жоғары сұрыпты бір қабы 2600-2900 теңге тұратын ұнды жұмысшыларға таратып отыр. Нан бағасы 55 теңге. Мал азығын даярлау жұмыстарының барысы бойынша ауа райының қолайсыздығына байланысты өткен жылғыдай молшылық болмайтын секілді. Былтырдан қалған 290 тоннадай шөп қоры бар. Нақты сандық дерек науқан соңында белгілі болады.
Шұғылбай ауылдық округінің әкімі де мал азығын дайындау бойынша нақты қанша өнім алатыны туралы әлі болжам жасамапты. Тұрақтандыру қорында 4 тонна бидай бар екендігі туралы қысқа ғана айтқан ауыл әкімі жолда жүргендіктен, қалған сұрақтарға жауап бере алмайтынын жеткізді.
Үлкенбөкен ауылдық округінен алынған мәлімет бойынша жылдық мал азығын дайындау 9950 тоннаны құраса, қазіргі таңда 1800 тоннасы дайын. 6 шаруашылық науқанға керек жанар-жағар майды арзандатылған бағаман ауданнан алмақшы. Ас атасы нанды ауыл тұрғындары «Мәмбет» ШҚ сұрыпына қарай 50, 55, 45 теңгеден тұтынып отыр.
Көкжайық ауылдық округінің әкімі ауыл халқын ұнмен шаруа қожалықтары және ұжымдар қамтамасыз етіп отырғанын жеткізді. - Нан бағасы 50-55 теңге көлемінде. Мал азығын дайындау қарқынды жүргізілу үстінде. Атап айтқанда, бүгінгі күнге 4000 тонна жем-шөп дайын. «Талап» ШҚ Күшікпаев 1700 тонна пішендеме, «Елім-ай» ШҚ 1000 тонна дайындады. Су жайылымынан шабылатын шабындықтардан түсім гектарына 1400-1700 центнерден алынады деп күтілуде. Сондай-ақ, бірнеше шаруашылықта өткен жылдан қалған 1400 тоннадай мал азығы бар болғандықтан, малымызды қыстан аман алып шығуға толық негіз бар. Мал басын қысқарту туралы сөз болуы да мүмкін емес, - деп округ әкімі нық сеніммен жауап берді.
Теректі ауылдық округінде әкімнің айтуынша, 7000 тоннаға жуық мал азығы дайындалу керек болса, оның 300 тоннасы дайын көрінеді. Қазіргі күні, жоңышқа азығын дайындау жұмысы жүріп жатыр. «Теректі», «Жақас», «Рустам», «Қали», «Қызыл жұлдыз» ШҚ-тары өз шабындықтарында науқанды бастап кетті. Қалған шаруашылықтар мал азығын 25 шілдеден кейін дайындай бастамақ. Былтырғы жылдан округте 500 тоннадай шөп қоры сақталған.
Ал, өкінішке орай, Үлгілімалшы және Көкпекті ауылдық округтерінің әкімдерімен хабарласу мүмкіндігі болмады.
Бақыт МҮЛІКОВА
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.