Шалғайда жатқан шағын ауыл Егінбұлақта Ұлы Жеңіс мерекесі «Ауыл күні» деп аталған ауқымды шараға ұласты. Дала төсі дүбірге бөленіп, алыстағы Егінбұлаққа ағылған ағайынның қарасы көп болды. Аудан орталығы Көкпектіден, Семейден, көршілес Биғаш және Жарық ауылдарынан келген қонақтарды ауыл тұрғындары құшақ жая қарсы алды. Аудандық маслихат депутаты Нұржихан Абдрахманова, ауылдық округ әкімі Қайрат Айыпқазыұлы, құрметті ардагер Рауия Алпысбайқызы да бұл күні мерекелі ауылға ат басын тіреп, көппен бірге болды.
Жеңімпаз майдангерлерге арналған құлпытасқа гүл шоғын қойып, мерекелік митинг өткізілді. Ауылдың үлкені Орынхан апа құттықтау сөзін арнап, Отан үшін от кешкен майдангерлер рухына арнап ас беріп жатқан Егінбұлақ жұртына алғысын жаударды. Байырғы ұстаздар Майра Олжабайқызы мен Мейрамгүл Түсіпқызы арнайы дайындаған көркемсөз және әндерін орындады. Осылайша ауыл тұрғындары майдангер ата баба рухына тағзым етті. Ауыл сыртында басталған ат бәйгесі жүйрік баптап, жарысқа қосқан ағайынның ерекше ықыласын туғызды. 15 шақырымға ұласқан жарыстың бас бәйгесін Қайрат Жаңғасиновтың «Мәншүк» есімді жүйрігі иеленді. Бәйгенің екінші және үшінші орындарын Нұрғазы Серікбаев баптаған жүйріктер қанжығасына байлады. Қайырғазы Есімов, Айдар Байғалиев, Ерік Жұмашев, Абзал Жақсыбаев, Ербол Жақсыбаев, Серік Қалиев сынды азаматтар гір көтеру, қол күресі және жаяу жарыс сайыстарында олжалы болды. Нәзік жанды арулар да көпшілк шарадан қалыспай, тартысты өткен сайыстардың көркін қыздырып, қазанын қайнатты. Люба Баяхметова, Жамалхан Ермекбаева, Мақпал Құшанова, Динара Дүйсембаева, Үльмира Қасымова, Риза Ақылбекова сынды нәзік жандар жерлестердің зор қошеметі мен ыстық ықыласына бөленді.
Шағын ауылда өткен үлкен мерекенің астарында ел бірлігі, ауылдың ынтымақ – ырысы жатыр. Тұрлыбек Қырықбаев және Омарғазы Серікбаев сынды ауыл ағалары бастаған барлық егінбұлақтықтар көп болып Жеңіс күнінің абыроймен өтуіне демеушілік жасады. Жарғақ құлағы жастыққа тимей жүгірген бас ұйымдастырушы Бақыт Ермекбаеваның еңбегіне ел дән риза.
Еліміздің әр түпкірінен келген қонақтарды құшақ жая қарсы алған, түлеп ұшқан перзенттерін бауырына басқан шағын ауылдағы бұл үлкен мереке берекенің бастауы бірлікте екенін тағы бір мәрте дәлелдеп берді.
Дархан БЕРДІБЕК
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.