Көк тасты ерітпесе де көңілді еріткен күн болды. Адамзат тілегін тәңірінің өзі сезінді ме, әлде жаратылыстың тылсым сырының бірі ме, кеше кешкісін азынап тұрған күн райы бүгін ала бөтен ерекшеленіп тіршілік атаулыға нұрын төге салды.
Күннің көзі жарқ етті. Орталық алаңға қарай ағылған жұрт үлкен дүрмекті құрады. Сонау айдын көлдің жағасын мекен еткен Үшкөмей аулынан шыққан, қайқы бел қазақы арғымақтың ортан беліне нығыздала отырған жақсысы мен жайсаңы, байы мен бәйбішесі солқылдаған жас жігіттер мен қыз-қырқыны аралас қарқара топ ән-жырын асқақтата жетті. Паһ, шіркін! Әлеумет таңдана қарасты.
«Ойбай, наң қара, анау немене» деген балалардың даусына елең еткен жұрт аңтарыла қалды. О,ғажап! Жүк артқан түйелі, қалың қосын, жан-жағынан қоршаған аттылы-жаяу топ көз алдыңа арғы ата-бабамыздың көшпенді кезеңін елестетеді. Бұл «Алаш» аулының көші болатын. Күйме жегіп, айнала қызылды-жасыл киінген қалың нөпір ел ағаларын ортаға ала қаумаласқан «Ынтымақ» аулының да керуені домбыра тартып, ән әуелете келіп ат тізгінін бірақ тартты. Әу де!
Күн нұрын төге түсті. Ауылдың ардақты ақсақалы Қуан атаның аулы да бір қауым ел екен. Созылған көштің жуан ортасында кимешек киген әжелер, кіреуке киген найман тымақты аламандар. Бір-бірімен ірке-тіркес созыла келіп жатқан Ақсу, Қайнар ауылдарының да қазақы ғұрыппен сәні мен салтанаты келіскен қосындары елдің көркін енгізе түскендей.
Бүгінгі Ұлық мейрам Әз-Наурызды жоғары деңгейде қарсы алуға арналған ұлттық көркем қойылым елдігімізді, егемендігімізді паш ете түсері анық. Қазақы нақышта киінген бай мен бағлан да, кимешек киген әжелер мен биқасап бешпентті бәйбішелер, сәукелелі бойжеткен мен бүрме етек көйлек киген дала сұлулары, қырмызы келіншектер, арқасына қорамсақ іліп садақ асынған батырлар да бар. Бұл берекелі Тассай ауылының Әз-Наурызды қарсы алуға арналған ауыл халқы түгелге жуық атсалысқан театрландырылған көрініс болатын.
Мерекеге арналған ұлттық әдет-ғұрыптардан түрлі ойындар ұйымдастырылды. Алдымен «Сұлу ат көрмесі» мен «Қазақы Құмай тазы» көрмесі ұйымдастырылды. Атбегілер сәйгүліктерін»ң ерекшеліктерін айтып, ер-тұрман әбзелдерінің әшекейлерімен тәнті етсе, «Құмай тазы» иелері Тазының аңшылық, алғырлық қасиеттерін жұртқа жеткізді. Аңшылық та Атадан қалған дәстүр ғой, бек жарасымды. Нағыз қызық «Жігіттің сырттаны» сайысы басталды. Жеті ауылдан шыққан жеті жігітттің де өнері керім болды. Алдымен ат үстіне «Аяқты үзеңгіге салмай қарғып міну» болса, екіншісі қашағанға ат үстінен бұғалық тастау (шалма) ал, үшінші шарт, ат үстінен садақ тартып «Жамбы ату» сайысы өте қызықты өтті. Бұрын оңды-солды бола қоймаса да бұл сыннан «Жеті сұлтан» да сүрінбей өтті.
Жұрт мәре-сәре. Қыстан сақталған «Ұзын сарыдан» дәм татқан қазақы қайран көңіл ай! Шіркін. Жадырай түсті. Халықтық бұқаралық мереке, Ұлттық Ұлық мейрам «Наурыз - жыл басы» мәдени көркем шарасын ұйымдастырып өткізуге атсалысқан барлық мамандарға сонымен қатар, бір жағадан бас шығарысқан барша қауымға ауыл әкімі Ержан Құдайберді жүрекжарды тілегімен алғыс білдіріп, қадірлі қариямыз Қуан ақсақал құттықтауын жолдап, Бөдес Ата мешітінің имамы Болат пірадар бәтуалы бата берді.
Ел тарқарда ауыл-ауылға бөлініп, ұлтымыздың көнеден қалған жәдігері Наурызды ұлықтаған әлеуметтің баршасына марапаттар жасалып құрмет көрсетілді. Арнайы дайындалған «Әз-Наурыз» ауыспалы кубогын «Алаштың» аламандары қанжығасына байлап кетті.
К.Байжұманов, Тассай ауылы
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.