Қыстың ызғары тарамаса да, Наурыз мерекесі күні көктен құйылған күн нұры тойлы ауылға шуағын аямай төгіп тұрды. Мектеп ауласына құрылған киіз үйдің айналасы ауыл тұрғындары мен қаладан келген қонақтарға лық толды. «Мейірбек» шаруа қожалығы құрған алтыбақанға тербелген балалар қызыққа әбден кенелген. Ұлттық киімдерін киіп, көтеріңкі көңілмен қауышып көріскен жұр бір-біріне игі тілектерін айтуда. Салтанатты мереке І.Жансүгіров атындағы орта мектептің акт залында оқушылар мен ауыл өнерпаздарының мерекелік концертімен бас-талды, мұнда да ине шаншар жер болмады, әсіресе тамылжыта ән салған Ақбота Ахмадиева мен көңілді тапқырлардың өнеріне жиналған жұрт аямай қошемет көрсетті. Ауыл ақсақалы Төлеу Жақыпбеков батасын беріп, ардақты батыр ана Үміт Құсманова шашуын шашты.
Мерекенің екінші бөлімі аулада «Алеке» шаруашылығы құрған киіз үйдің маңына жайылған мерекелік дастарханмен жалғасты. Мектеп ұжымы мен Ескі ауыл көшесінің тұрғындарының ақ дастарханы ұлттық тағамдарға молынан толды, тамашаға келген кәрі-жастың барлығы дәмнен шет қалмады. «Берік», «Қалима», «Тұлпар», «Мират» шаруа қожалықтарының ұйымдастыруымен Саяхимов көшесінің азаматтары тайқазанға ұлттық ас мәзірі сірне әзірлеп, әкімдік қызметшілері палау, «Әділет» шаруа қожалығы кәуап әзірлеп таратты. Мелитополь ауылының тұрғындары да ұлттық тағамның бар түрімен толтырылған мерекелік дастарханын ауылдастарына жайып, наурыз көжелерінен дәм татқызды. Барлық жарыстарға қатысқан тұрғындарға ауыл әкімі өз атынан марапат қағаздары мен қаржылай сыйлықтарын табыс-тады. Мелитополь ауылынан бір топ болып келген тойшыл қауымға да жайылған ұлттық дастархан мәзірі үшін бас жүлде берілді.
Иә, ұзақ қыстың шаруасынан қажыған жұрт бір серпілгендей болды. Таңертең басталған той түс ауа спорттық ойындарға жалғасты.
Әкім болып сайланғанына шамалы уақыт болса да осы ауылдың тумасы Қайрат Алғазыұлы Алғазинов халықпен бірден тіл табысып, оларды өз маңына топтастыра алды. «Жақсы адам ғана, жақсы басшы бола алады», – деп дана Жүсіп Баласұғын айтпақшы, халық өз тарапынан ауыл әкіміне ризашылығын білдіріп жатты. Ел сенімін арқалау жауапты іс, сондықтан алдыңа қойылған жоспарлар мен міндеттерді орындау үшін ең бірінші халықтан қолдау керек. Міне, бүгін сол бір түйіннің басы шешілгендей болды.
Құрметті, жерлестер келген жыл елімізге құт-береке, молшылық және тыныштық әкелсін. Ақ мол болсын, Ұлыс оң болсын!
Б. Рахимова, кітапханашы
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.