Өткен аптада аудан әкімі Рамиль Сағандықов кестеге сай Самар және Миролюбовка ауылдарында жылдық есебін берді. Самар ауылындағы жиынға ауданның барлық қызмет басшылары, шаруа қожалықтарының басшылары, дербес бөлімдер мен ауыл тұрғындары қатысты.
Есепті кездесуде алдымен округ әкімі Ахмет Күдербаев шығып, округтегі бір жыл ішінде атқарылған жұмыстарын баяндады. Алты жарым мыңнан астам тұрғыны бар округте атқарылған шаруа да аз емес. Ахмет Фазылұлы өз жұмысында басымдықты тұрғындармен тікелей байланысқа беретінін ерекше атап өтті.
- 2016 жылы жеке және заңды тұлғалардан 83 өтініш түсті, оның ішінде заңды тұлғалардан - 3, жеке тұлғалардан - 80 өтініш. 13 өтініш қанағаттандырылды, 70 өтінішке түсіндіріліп жауап берілді. Өткен жылғы есептік кездесуде тұрғындардан 20 ұсыныс түсті. Барлық түскен ұсыныстар бақылауға алынды. 12 ұсыныс бойынша шаралар қабылданып, бақылаудан алынса, орындалуы ұзақ уақытты қажет ететін 8 ұсыныс бақылауда тұр, келешекте орындалады, - дейді округ әкімі. Жақсы жаңалықтары көп округте қылмыс санының өсіп тұрғаны өкінішті, әрине. Учаскелік полиция инспекторының есебінде айтылған деректерге жүгінер болсақ, қылмыс саны 77-ге артып, оның 9 бойынша іс ашылмаған. Жыл бойында 345 адамға әкімшілік хаттама толтырылған. Осы бағыттағы жұмысты жандандыру, қылмыстың алдын алу бо-йынша шара қабылдау қажеттігі айтпаса да белгілі.
Одан кейін мінберге көтерілген аудан әкімі жергілікті бұқараға өткен жылы аудан көлемінде атқарылған жұмыстарды баяндап, әкімдіктің осы жылы назарға алып отырған жоспарларымен бөлісті. Елбасымыздың мемлекет құрылымы мен жаңа баспалдақтарға қадам жасауға бағдар болған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары 5 институционалдық реформасының ел игілігіне қызмет жасап жатқанының айқын көрінісі аудан басшысы есебіндегі жетістіктерден байқалды. Есепті кездесуде елдің көкейінде жүрген түйінді мәселелер назардан тыс қалмады. Самар жұртшылығы аудан басшысының атқарған жұмыстарын оң бағалап, түрлі салалар бойынша ұсыныстарын жеткізді.
Бұл күні көтерілген мәселелер негізінен Самар ауылының ахуалын жақсартуға байланысты. Жарыссөзге шыққан аудандық мәслихат депутаты Самарқан Жотабаев халық алдында атқарған жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті. Халық қалаулысы сөзінің соңында көше жолдарын жөндеу барысында бірінші кезекте сапаға мән беру керектігіне, ағымдағы жөндеу жұмыстарынан орташа жөндеуге көшудің қымбат болса да тиімді екендігіне назар аударды.
Пантелеймоновка ауылының тұрғындары жарық мәселесін ортаға салды. Бұл сұрақ округ әкімінің мәліметі бойынша ағымдағы жылғы жоспарда бар, оң шешімін табады. Жиын барысында ең көп қойылған сұрақ дәріханаларда тегін таратылатын дәрі-дәрмек мәселесі болды. Осыған дейін самарлықтарды қамтамасыз етіп отырған дәріхананың жабылуына байланысты бұл күнде тегін дәріні тек аудан орталығынан алуға болады. Аудан әкімі тұрғындар үшін маңызы жоғары мәселені тез арада шешу бойынша ауылдық округ әкімі мен аурухана басшысына талап қойды. Зейнетақы жинау қорының мамандары аптасына бір мәрте Самар ауылына келіп, осында тұрғындарға қызмет көрсетсе деген ұсыныс та айтылды. Ауылдағы кәсіпорын және шаруа қожалық басшылары да Самардың болашағына бейжай қарамайтындарын білдірді. Тіпті олардың тарапынан нақты ұсыныстар да түсті.
Миролюбовка орта мектебінде өткен есептік кездесуге жиылған ауыл тұрғындарының қарасы біршама. Негізінен нәзік жандылар мен мектеп ұстаздары. Округ әкімі Гүлнар Асауп өзінің есептік баяндамасын слайдта көрініс тапқан көрсеткіштермен сабақтап отырды. Шағын ауылда атқарылған үлкен істер естіген адамды қуантпай қоймайды. Округте 12 дүкен халыққа қызмет көрсетеді. Миролюбовка – Көкпекті бағытында жолаушылар тасымалдайтын «Қабылбаев» ЖК, шаштараз және киім тігуші «Гранкина» ЖК, «Рахат нан» атты жеке кәсіпкер Құдайбергеновтың шағын наубайханасы ауылдағы тіршілікті қыздырып тұр. Алғашқылардың бірі болып ауыл шаруашылық кооперативтері де құрылған.
- 2017 жылға қойған міндеттер мен мақсаттар негізінен әлеуметтік-экономикалық дамуға ба-ғытталған. Округ тұрғындарының мемлекеттік бағдарламалар игілігін толық пайдалануына жағдай жасау, Миролюбовка ауылында сүт қабылдау пунктін ашу жоспарда. Ауылды абаттандыру, қылмыстың алдын алу, мал жайылымын ұйымдастыру тұрғындармен бірігіп атқарар шаралар, - деп түйіндеді оркуг әкімі баяндамасын.
Аудан әкімі Рамиль Сағындықовтың баяндамасын ықыласпен тындаған тұрғындар өз тарапынан ризашылықтарын да білдірді. Жарыссөзге шыққандар аудандағы оң өзгерістерге көңіл толтырып, алдағы уақытта атқарылар шараларға сәттілік тіледі.
Миролюбовкада өткен кездесуде ауылдың көшелерін жөндеу, фельдшерлік пункт ғимаратын қалыпқа келтіру, жайылымды ұйымдастыру, жер телімдерін бөлу сынды түйінді мәселелер тілге тиек етілді. Аудан басшысы барлық сұрақтарға тиянақты жауап қатып, қызмет басшыларына тапсырмалар берді, кейбір мәселе бойынша түсініктеме жүргізді.
Дархан БЕРДІБЕК
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.