«Бір терезе» қағидасы, «халыққа қызмет көрсету орталығы», «ерекше әлеуметтік қызмет» ұғымдары нақтыланып, «автоматтандыру», «толықтай автоматтандырылған мемлекеттік қызмет көрсету», «жекелеген автоматтандырылған мемлекеттік қызмет көрсету» ұғымдарын қарастыратын Халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмыс істей бастағалы жеті жыл болды. Біздің Көкпекті ауданында ХҚКО ашылған күннен бастап жұмыс істегендердің қатарында Нұржанова Гүлназ Болсынғазықызы да бар. Ол бұл жұмысты бастағанда қарапайым ғана инспектор болатын. Енді бөлімдегі білікті маман, тәжірибесі де мол. Оның еңбегі еленіп, былтырдан бері Самар ауылында операциялық зал басшысы болып қызмет атқаруда.
Халыққа қызмет көрсету орталығында жұмыс істейтіндер мемлекеттік қызметкерге жатпайды. Бірақ, олар мемлекеттік қызмет пен халық арасындағы ең басты байланысшы, дәнекер. Олар «бюрократтықтың»ең басты жауы болып саналады.
Алғашында бұл орталықтар жергілікті атқарушы органның құзырында болды, содан кейін Үкімет қаулысымен Байланыс және ақпарат министрлігінің бақылауына берілген болатын. Ал, қазір олар Көлік және коммуникация министрлігіне қарайды.
-Алғаш ашылғанда біз халыққа қызметтің 15 түрін ғана ұсына алатынбыз. Ал қазір 171 түрлі қызмет көрсетіледі. Біздің ауданда соның 70-ке жуығы бар,-дейді Гүлназ Болсынғазықызы.
Г.Нұржанова өзінің қызметі туралы айта отырып, әріптестері жайында да жақсы ілтипатын білдірді. Қызметтестері С.Сатенова, Г.Терлікпаева, Г.Айдаровамен жұмысты бірге бастағанбыз дейді ол. Ал қазір оның қол астында қызмет атқарып отырған А.Габдрахманов пен Ә.Рақымғалиева жас та болса, халық көңілінен шыға білетін білікті мамандар. –Біздің жүйе модернизацияланған тұста басшы болып келген Қ.Жүнісов іскерлігін танытып, жұмысты жылдам жолға қойды. «Электрондық үкімет» қызметін пайдалануды және оны халыққа насихаттауды қолға алды,- дейді Г.Нұржанова.
Мемлекеттік қызметкерлерге талап қатты болса, халыққа қызмет көрсету орталығында жұмыс істейтіндерге талап одан да қатаң. Олар республикадағы қандай заң болса, соның барлығын да білуі тиіс. Міне, екі бірдей жоғары білімі бар Г.Нұржанова осы талаптардың барлығына сай келеді. Самарлықтар оның қызметін жоғары бағалап та үлгерді. Ылғи да алдына келген адамдарға барынша түсіндіріп, құжаттарының жылдам әрі сауатты жасалуына жете көңіл бөледі, қол астындағылардан да соны талап етеді.
-Бұл өзі бір салмақты, байыппен сөйлейтін, жұмысын тыңғылықты атқаратын бала. Мен алдына бір рет қана барған едім, бір көргеннен – ақ қандай жауапты қызметкер екенін таныдым. Сондай қызметкерлер көп болса-дейді зейнеткер Қ.Ікербаева.
Еңбегің жана берсін, Гүлназ!
Клара НҰРПЕЙІСОВА
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.