Еңкеңдей баса қос қолын соза амандасып, қауқылдасқан дария көңіл дарағай тұлға ауылдың үлкендері. Әжім торлаған қат-парлы жүздерінен өзінің сайын даласындай дархан кең пейілдері сағымдай бұлдырап ыстық тартады. Тассайдың кәсіпкер қызы Айгүл Дүкембекова үшін бүгін айрықша ажарлы күн. Ия,бүгін ұлық мерекеге орайластыра ғазиз анасының замандастарын, алдыңғылары ғасырмен сырлас соңғылары пайғамбар жасына жеткен тамам жанның басын қосып, көл-көсір дастархан жайды. Жусан аңқыған ауыл қарттары бал қымыздан ұрттап қойып, бір-бірімен жарыса, сонау бір қайта оралмас жастық шақтарын еске алысып, өз заманындағы тәтті шақтары бір сәт көз алдына келіп рақаттана түсіп арманшыл бір күйге енген.
Мерекелік «Көгілдір алауда» қарияларды төл мерекесімен ауыл әкімі Ержан Құдайбердіұлы және «Нұр Отан» бастауыш партия ұйымы төрайымы Сайламхан Қалиқызы ресми түрде құттықтап, қадірлі қауымға «Бала-шағасының ортасында ұзақ ғұмыр кешіп, ұрпағыңмен мың жасаңыз!» - деген аталы тілектерін жолдады. Аузы дуалы ақсақал, Көкпекті ауданының құрметті азаматы Қуан ағаның салиқалы сөзінен кейін сегіз де қырлы бір сырлы жігіт Нығметжанның әніне де кезек келді. Пай, пай, шіркін! Құлақтан кіріп, бойды алған қоңыр әуен жұртты елтіп әкетті. Өнердің тиегі ағытылды дерсің. Алау жайнай түсті. Жасынан өнері басым Иван Шнайдер ақсақал өзінің зор даусымен қазақ пен татардың ойнақы жырын бастап кеткені сол еді, шабыты шалқыған Болат пірадар да қуатты үнімен қостап кеп жіберді. Қашан да ауыл төл өнердің кеніші ғой жетпістің желкесінде отырған Тұрғазы көкем де шыдай алмай «Қара жорғаға» басты. Көк дөнендей қайран көңіл-ай десеңші! Бойынан даланың исі бұрқыраған үлкен буын қас-қағым сәтте жасарып, әлпетіне қан жүгіріп, бір жасап қалды. Көкірегі ояу, көзі қарақты қариялардың елге Отанға деген сүйіспеншілікке тола айтылған риза тілектері тыңдалды. Әнші қыз Шынар Мұқанованың ана мен әке туралы шырқаған сырлы әні мен жас әнші Біржан Байжұмановтың домбырамен асқақтата «Арғынмын, атым Әсет арындаған» - деп салған әні аталар мен әжелерінің құлақ құрышын қандырды. Әсем әнмен тәтті күйді жан-тәнімен беріле тыңдай, қошеметтей бас шұлғысып қол соғысты. Риясыз көңілдің ақ ниетін ұққан аңқылдақ ақсақалдар мен ақ шашты әжелер көрсетілген құрметті шын ықыласпен қабылдап, балаларына алғыстарын айтты. Ауылдың ең үлкен ақсақалы Назарбек абыз қол жая бере «Көтерейік білекті, Нұрға бөлеп жүректі. Алладан мәдет сұрайық, Сендерге тілеп тілекті», - деген ақ батасын арнады.
Ел тарады. Жұрт соңынан Тоқсаннан асқан қарт ардагер,бақытты ана Бақытбек шешей кенжесінің жасаған игі ісіне іштей риза бола, «О, жасаған тәубе, тәубе баламның бастаған тірлігі баянды болғай» - деп күбірлей орнынан тұрып бара жатты.
К.Байжұманов
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.