Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Балаларды қорғау күні – жыл сайын әлемнің 30-дан астам елінде аталып өтілетін халықаралық мереке. Бұл күні еліміздің барлық өңірінде қиын сәттерге тап болып, тағдырдың теперішін көрген балаларға, мүмкіндігі шектеулі жандар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балдырғандарға арналған мерекелік шаралар, қайырымдылық акциялар өткізіледі. Біздің аудан да бұл үрдістен шет қалмады. Үлкенбөкен ауылында ұйымдастырылған балалардың көңілді мерекесіне аудан әкімі Д.М.Мусин қатысты. Ол өзімен бірге балаларға арнап ойыншықтар мен тәтті сәлем-сауқытын ала келді.

Мектептің акт залына салтанатты киінген балалар және олардың аналары, апалары мен аталары жиналды. Барлық жерден балдырғандардың шаттық күлкілері мен қуанышты дауыстары жаңғырып тұрды. Шараны жүргізушілер сахна төріне мерекенің басты қатысушылары – ауылдық округтегі балалар бақшасының түлектерін шақырды. Бүлдіршіндер бар ынталарын сала отырып, өлең жолдарын оқыды, ән шырқады. Алғашқы құттықтау сөзді алған аудан әкімі барша жиналған балаларға жүрекжарды тілегін арнады. – Балалар – біздің болашағымыз. Елбасы Н.Назарбаевтың алдыға қойған міндеттерін жүзеге асырып, әлемнің дамыған отыз елінің қатарына ену үшін, ең алдымен, біз дені сау, білімді ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Сол себептен, қазірден балаларымызға барынша көңіл бөліп, олардың ойдағыдай дамуы үшін барлық керектіні беруге тиіспіз. Қымбатты балалар және қадірлі ата-аналар, барлықтарыңызды осындай жарқын мерекемен құттықтаймын. Отбасыларыңызға бақ-береке, бақыт пен сәттілік тілеймін.

Ауылдық округ әкімі Н.Назарханов пен ауыл ақсақалы К.Баймолдиннің құттықтауында аға буынның ізін жалғастырушы ұрпаққа деген, өз елінің патриоттары болып өсіп келе жатқан округтің жеткіншектеріне деген мақтаныш сөздер айтылды.

Балдырғандардың шаттығын бөлісе келген қиял-ғажайып ертегілерінің кейіпкерлері қосыла ән шырқап, би биледі. Әсерлі және көрнекті қойылымдардың бірін бүгінде тәртіпті оқушылардың қатарында жүрген, өткен жылдарда балабақшамен қош айтысқан түлектер көрсетті.

Ал, бүгінгі бүлдіршіндерге – биылғы жылдың түлектері үшін мектеп табалдырығын аттайтын маңызды сәт алда. Аз қамтылған отбасы балаларына ауыл демеушілері «Мейірім» қайырымдылық акциясы аясында мектепке қажетті сыйлықтар табыс етті. Үлкенбөкен мектебін осыдан бірнеше жыл бұрын бітірген түлектер мерекеде  білім ордасына бағалы сыйлықтар табыстады. Мерекелік шара балалардың асфальтқа сурет салу байқауымен өз мәресіне жетті.

1 маусым күні Көкпекті ауданының орталық алаңы, мәдениет үйі, бүкіл көшелері жүздері бал-бұл жанып, бейне бір ханзадалар мен ханшайымдардай болып жасанған, қолдарында түрлі-түсті шарлары бар балдай тәтті сәбилер мен бүлдіршіндердің сыңғырлаған шат күлкісіне, былдырлаған періште үндеріне толып, ерекше арайлы түрге енді. Өйткені, жадыраған жайдары жаз айының алғашқы күні балдырғандардың алаңсыз ойнайтын, олардың бақытты балалық шағын паш ететін шаттыққа толы мерекесін ала келіп еді.

Кең ауқымдылығымен ерекшеленген жарқын мерекенің бұл жолғы ұйымдастырушылары - аудан орталығындағы «Балалар өнер мектебінің» қызметкерлері. Міне, бүлдіршіндер асыға күткен мерекелік концерттік бағдарламаның шымылдығын Дильназ, Мадияр және Ясмин атты балғын жүргізушілер ашты. Олар жауқазындай жайнаған бөбектерге ыстық лебіздерін арнай келе, алғашқы құттықтау тілегін жолдау құрметін аудан әкімінің орынбасары Клара Рафикқызына берді.

-Балалық шақ – бұл ең бақытты және алаңсыз кезең, айналадағылардың бәрі үлкен және жарқын, ал адамдар – мейірімді. Әлемде қуанышты, бақытты бала күлкісінен керемет не бар. Бүгін сендермен қатар бүкіл әлем балалары бұл әсерлі де жарқын мерекені тойлауда. Қымбатты балақайлар! Сендерді қуаныш пен шаттыққа толы мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Әр жаңа атқан таңдарың ересектердің махаббаты мен қамқорлығына бөленсін, ал балалық шақ тек бақытты және жылы естеліктер қалдырсын! – деп ізгі тілегін жеткізді.

Кеш жүргізушілері іс-шараның бағдарламасымен таныстырып, балдырғандарды қолөнер бұйымдарынан жайылған көрмелерге, асфальт бетінде сурет салу байқауына,интелектуальдық және спорттық ойын түрлеріне қатысуға шақырды.

КӨКПЕКТІНІҢ БӘЙШЕШЕКТЕРІ-2014

Аудандық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен балабақша, мектепалды даярлық топтарының бүлдіршіндері арасында «Көкпекті бәйшешектері» деген атпен өткізілген шығармашылық өнер сайысы көрерменнің көз қуанышына айналды. Құртақандай ғана сайыскерлер өзін өзі таныстыру, өнер сайысы кезеңдеріне тамылжыта ән салып, мың бұрала би де билеп бойында бар өнерлерін жан сала паш етті. Ал, шығармашылық жұмыстарының көрмесі әділқазылар алқасының алдына жайылды. Киім кию үлгісі, өнері, шығармашылығы жағынан бірінен бірі асып түсіп жатқан балапандардың сайыс қорытындысын шығарып, сарапқа салу, әділ баға берушілер үшін оңайға соқпағаны рас. Ақыры, байқау қорытындысына барынша әділ баға беріліп, бас жүлдені Ж.Шайжүнісов атындағы ОМ Ахан Дильназ жеңіп алды. I орынды М.Әуезов атындағы ОМ Ізғұтты Айзере, II орынды І. Жансүгіров атындағы ОМ Махаббатова Дильназ иемденсе, Миролюбовкалық Сабазова Әдемі III орынға лайық деп танылды. Сондай-ақ, Ж.Шайжүнісов атындағы ОМ Ахан Гауһар «Кішкентай ханшайым», Шұғылбайдан Әділханов Досжан «Өнерлі бала» атақтарына ие болды. Ал, Баяхмет Нұрай, Жақыпбекова Ислана, Жаңбырбаева Жанайым сынды бүлдіршін ханшайымдар белсенді қатысқаны үшін марапатталып, барлық қатысушыларға әдемі ойыншықтар сый-сияпаттар ұсынылды. Бір айта кетерлігі, айшықты шараның қызығына қызық қосқан «Балерке» балабақшасы бүлдіршіндерінің балдай тәтті тілдерімен оқыған тақпақтары, әндері мен билері де мерекенің көрігін онан сайын қыздыра түсті бұл күні.

Алаңда өткізілген «Әлем балалар көзімен» тақырыбында асфальтта сурет салу байқауынан 1 орын Н.Қабдрешева, «Үздік батпырауық» сайысынан 1 орын Шәріптоғай мектебінің оқушысы М.Маркенова,«Батпақ» ойынында 1 орын № 1 команда ойыншылары Б.Тлеухан, А.Әсенов, Д.Фахрутдинова, С.Астанин, О.Елисеева алды. Ал, «Көңілді старттардан» 1 орынды Көкпекті балалар үйінің командасы жеңіп алды. Барлық ойынға қатысушылар мақтау қағазымен марапатталды.

БАР ЖАҚСЫЛЫҚ БАЛАЛАРҒА

Дәл осы сәтте мәдениет үйі ғимаратындағы би залында да Көкпекті аймағы бойынша Оңалту орталығы қызметкерлерінің  ұйымдастыруымен «Бар жақсылық балаларға» атты сазды ойын-сауық бағдарламасы барлық шаттығымен, қуанышты дүбірімен өтіп жатты. Аудан әкімнің орынбасары К.Смаилованың қызмет алушы балғындарға арнаған мерекелік ізгі құттықтауынан соң, С.Көпесовтың орындауындағы әсем де көңілді ән «Мерекенің» әуенімен педагогтар мен балалар, әлеуметтік қызметкерлер қосыла жаңа заман биін биледі. Сондай-ақ, тәрбиешілер ертегі кейіпкерлері - жылқы, қонжық, қоян, сайқымазақ кейпінде киімдерін киініп алып, балаларға шексіз шаттық сыйлауда болды. Қуаныш одан әрі жалғасып, айнала қол ұстасып, бәрі бірлесе «толқиды теңіз», «мысық пен тышқан», «ақсерек-көксерек», «ручеек» қызықты ойындарын ойнады, шыркөбелек қалықтап вальс, қара жорға, өзбек, аққу билерін нақышына келтіре орындады. Әсіресе, көрерменнің көзайымына айналған дене шынықтыру пәні мұғалімі Жан Нұрсапаев пен Артем Дюсюповтың орындауындағы «Ертегілер» әнін ерекше атап кеткен жөн. Мерекелік ойын-сауықта өнерлерімен ерекшеленген 3 балаға аудан әкімінің сыйлығы берілді. Олар: Дюсюпов Артем, Оразалина Шырын, Мейіржанов Қанағат сынды өнерлі балақайлар. Бұл күнгі балалардың бақыты мен  шаттығында шек болған жоқ. Бірінен бірі өткен сүйкімді, бар сән-салтанаты жарасқан балалардың көңілді мерекесіне оңалту орталығы Көкпекті бойынша 65 балаға тәттілер мен жеміс-жидектер толтырылған дорбалар мен аудандық кәсіпкерлер Палатасының директоры Ә.Мұқашеваның әр балаға арналған ойыншықтары тапсырылса, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы тәттілер, торттар, жеміс-жидектер мен сусындар жайылған дастарханын ұсынды.

Күн шуағын төгіп, аспан нұрланып тұрған бұл күні – Самар ауылында Балаларды қорғау күні аталды. Алаңға үлкені бар, кішісі бар жиналған бала кереметтей көп болды. Аталары мен әжелері немерелерімен, жас отбасылары, тіпті, бүкіл отбасымен келгендер де бар екен. Көңілді шуыл, әуен бүкіл алаңға жаңғырығып тұр. Қолдарына қызылды-жасылды шар, түрлі ойыншықтар ұстаған балалар мәз-мейрам.

Алаң төріндегі сахнаға күн мен көңілді жолбарыс баласы шығып, балалар үшін көңілді мереке басталып кетті. Бұл күн олар үшін ұмытылмас жарқын сәттердің біріне айналғаны анық. Жарқыраған Күн мен Жолбарыс балаларға түрлі ойындар ойнатты. Мысалы, «теңіз қандай болады?» деген сауалға  «сары, қара, қызыл, тұзды теңіз» деген жауап берген балалар сыйлық алды. Мерекеге жиналғандарды Самар ауылдық округінің әкімі С.Дүсіпов құттықтады. Ол балаларға және олардың ата-аналарына, әжелері мен аталарына зор денсаулық тіледі.

Мерекелік концертке жас бүлдіршіндер белсене қатысты. «Дәншік» балабақшасының, Самар бастауыш мектебінің, Ж.Болғанбаев атындағы орта мектептің кішкентай өнерпаздарының концертін тамашалағандар дән риза болысты. Балалар шығармашылық үйінің ұйымдастыруымен балдырғандар асфальтқа сурет салды. Бір қызығы биыл олардың арасында ешқандай бәйге жарияланған жоқ. Ең кішкентай суретші екі жастағы болса, ересегі он бір, он екі жасар болды. Елуге жуық суретшінің барлығына бірдей сыйлық таратылды.

Мерекелік шарадан мекемелер де сырт қалған жоқ. Мысалы, Самар МӘМ ұжымының кәсіподағы балаларға тәтті шырын мен шоколад таратты. 

Мерекеге белсене қатысқан балаларға ауылдық округ әкімінің және мәдениет үйі атынан мадақтамалар табыс етілді. «Шашбаулым», «Самарчанка» би топтары, Бинұр Тілеубекова, Яна Габизуллина, Амина, Дарибаева, Анеля Боданева, Мадина Мұхтарбек және басқалары осындай марапатқа лайық деп танылды. Мерекенің қызықты болып өтуіне «Мәмбет» шаруа қожалығы, кәсіпкер Л.Федорова демеушілік жасады.

Бұл күні Самар ауылындағы спорттық модульдің футбол алаңында оқушылардың орта буын жастағы командалары арасында футболдан жарыс өтті. Бұл жарыста Самар ЖБСМ-нің 2006 жылғы туылған ұлдар командасы бірінші орын алды.

Жазды барлығымыз да жақсы көреміз. Жаз - ол көңілді демалыс, суға түсу, лагерьге бару, үлкендеге көмектесу, бау-бақша күту, балалар сөзімен айтқанда, таусылмайтын қызық кезең. Жаздың алғашқы күні Баларады қорғау күні болуы да тегін емес секілді. «Үлкендердің осындай мереке ұйымдастырғанына біз кереметтей қуаныштымыз», дейді олар. Осындай қуаныштар жаз бойы бола берсін.

Біздің тілшілер

 

БАЛАЛЫҚ ШАҚТЫҢ БАЛ СӘТТЕРІ

1 маусым – Үлгілімалшы ауылында Балалар күніне арналған «Балғын балалар -біздің болашағымыз» атты мерекелік шара жоғарғы деңгейде өтті. Жиналған қауымды ауыл әкімі А.Смағұлов және әйелдер алқасының мүшесі К.Айдарханова, ардагер ұстаз Қ.Айжақсина құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Ауылымыздың музыканты Б.Байтұновтың сүйемелдеуімен балалар мерекелік әндер шырқады, би биледі. Жас ұрпақтың спортқа деген қызығушылығын арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында веложарыс ұйымдастырылды. Бас жүлдеге ауылдың тумасы, Семей қаласының тұрғыны О.Игимбаев велосипед тігіп, ол қарсыластарынан оқ бойы оза шапқан М.Қизатовқа бұйырды. Спорт ардагері М.Айжақсин жарыс жүлдегерлеріне сыйлықтар мен мадақтамалар тапсырды. Мерекенің ойдағыдай өтуіне «КалМухЖом-Ахмет», «Елтай», «Сейіт», «Мейіргүл» т.б шаруа қожалықтары демеушілік жасап, балаларға тәтті-дәмділер мен сусындар сыйға тартылды.

М.Мырзабекова,

Үлгілімалшы ауылының жастар маманы

Пікір:

Редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов. 

 

 

Күнтізбе

<< < Маусым 2014 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
            1
2 3 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз