Самар ауылындағы жалғыз бастаудың суы бүкіл ауыл тұрғындарының тіршілігінің көзі. Бастаудан ауыз суын алса, одан ағып жататын бұлақтан малын, бау-бақшасын суарады. Көктемде қар еріген кезде таудан түскен судан осы бұлақ суы молайып, тасиды. Ол судың жүретін жолы да бар.
Болғанбаев көшесі арқылы да осы су ағатын жыра ежелден келе жатыр. Бастаудың көзі бітеліп бара жатқанындай, су жүретін арна да жайдақталып, жан-жағынан су қашып, жолындағы өткелдер топырақ пен қоқысқа толған. Осыдан барып су жан-жағына жайылып, үйлердің аулаларын, ұраларын су басады. Осыны жыл сайын көріп жүрген осы көшенің тұрғындары, жас отбасылардың бір-бір азаматы қолдарына күрек алып, су жолын тазалады.
Сергей Пискунов, Сергей Замашний, Александр Саросев, Анатолий Резников, Азамат Ракишев бірнеше күн бойы ұзындығы 500 метрдей болатын жерді Октябрь көлденең көшесімен қиылысатын жерге дейін тазалап шықты. ЖҚБ-14 басшысы А.Калинин көмек беріп, трактор бөлді, айналадағы көршілер қаржы жинап, тракторға жағармай құйып, біраз шаруа сонымен бітіп қалды. Ал тас жолдың ортасымен өтетін және жолдың екінші жағындағы өткелдің (үлкен дөңгелек бетон) ішін олар қолмен тазалады. Әлденеше жыл бойы тазаланбаған құбырлардың іші әбден толып қалыпты. Қолдарына күректерін ұстаған жігіттер айналасы үш-төрт күннің ішінде жұмысты аяқтады. «Енді көктемде ауламызға су кіріп, ұралар суға толмайтын болады», - дейді жігіттер.
Бұл әрине, ауылдың абаттандырылуына жауапты орындардың жұмысы болса да, айта-айта еш нәтиже шықпаған соң, өз беттерімен іске кіріскен азаматтардың құптарлық ісі. Әрі қарай тағы да арықты тереңдетіп, арнаны жөндеу жұмысын қолға алатындар болса, көктемде «су басты» деген шу шықпас еді. Бұл су жолы төмен құлдилап барып, Пионер көлденең көшесі арқылы, Совет көшесінің төменгі жағына дейін жетеді, одан әрі күре жолдың бойымен жайылып, хоккей қорабы маңын су басады да, ұзақ уақыт шалшық болып жатады, бұрындары Лайлы өзеніне құятын, ал қазір жағалау биіктетіліп, су сол жерде іркіліп тұрып қалады. Жүрген жерінде қаншама аулаға су кіреді. Енді қалған амал – осы жігіттердің бастамасын жалғастырып, өз күштерімен су жолын аршу болмақ.
Клара НҰРПЕЙІСОВА
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.