Ел мүддесін бәрінен биік қоятын, өзінен кейінгі ізіне ерген інілеріне ізеттілігін аямайтын, ізінен ерген ұрпағына ұлылығын ұялатып, бір қауымға бас-көз бола білген ауыл қарттарының орны ерекше. Олай болса, әр халықтың бойында ықылым заманнан бері қалыптасып, оны өзгелерден даралап тұратын, тек өзіне ғана тән қасиеттері болады. Біздің халқымыздың сондай ерекшеліктерінің бірі – үлкенді сыйлау, оның сөзіне құлақ асу, құрмет көрсету.
Көкжыра ауылы Құлынжон ауылдық округіне қарасты мекен. Қазақи қаймағы бұзылмаған бұл ауылда қарияларды сыйлауды ешкімге үйретіп қажеті жоқ. Оны кішкентай баладан, ересектерге дейін біледі. Өйткені, қарт адамдардың өз ішінде де өздерінен үлкен аға буынды сыйлау дәстүрі бұзылмаған. Үлкен адамдардың бірін бірі «жеңеше, қайнаға, ата, апа» деп атағандары қызық естілсе де, жағымды, жарасымды. Зейнеткерлер арасында ауылшаруашылығында, мәдениет, білім беру саласында еңбек еткен ардагерлер, көпбалалы аналар мен «от басында, ошақ қасында» отырса да, бала өсіріп, отбасының ұйытқысы болған аналар болды. Міне, бүгін осылай бір-бірін құрмет тұтатын қауымды ауыл жастары (өздері де солардың аяғын басып қалғандары бар) мерекелік дастарханға шақырды. Ресми жиналыс емес, емен-жарқын отырып, әңгіме құрған қонақтарды ауылдық округ әкімшілігінің бас маманы Г.Нұрғалиева,
ауылдың ардагерлер кеңесінің төрайымы Е.Бибосынова, әйелдер кеңесінің төрайымы Ж.Солтанбаева құттықтады. Зейнеткерлікте отырса да, белсенділік танытып жүрген бір топ ауыл тұрғынына Құлынжон ауылдық округі әкімінің мадақтамасы тапсырылды. Қазақ қариясы жасына лайық ауызы дуалы, сөзі берекелі, ісі тыңғылықты, ойы терең ақылы телегей теңіз болып келеді. Осы жиын барысында қариялар Н.Мұхаметнұров, Т.Мүсебаев, А.Солтанбаева, Ш.Декежанова, Г.Төлеубаева сөз алып, осы істің басы-қасында жүріп, барлығын ұйымдастырған С.Байжуминоваға ерекше алғыс айтты. Өз кезегінде клуб меңгерушісі С.Байжуминова ауылдың ұйымшыл, қарияларын сыйлай білетін жастарына, көмек қолын созған шаруа қожалықтарының басшылары А.Қажығалиевке, Е.Мәмбетовке алғыс білдірді. Қонақтар жастық шақтарын еске алысып, өздері сүйіп айтатын әндерін қосыла шырқады. Кешегі күні ғана Қытай елінен туған жерге оралған Нұржапар Зейнелғұмар ақсақал алқалы ағайынға, жапырақтай жайнап өсіп келе жатқан жастарға ақ батасын арнады. Адамдар арасындағы қарым-қатынаста адамгершілік, әдеп, инабат қаншалықты кең жайылып, терең тамырланса, ең алдымен олардың жекелеген отбасында өркен жайса, яғни баланың ата-анасын жан-жүрек қалауымен, саналы түрде ардақтап, инабат тағылымымен үлкендерге деген қарым-қатынастарында оны мүлтіксіз жүзеге асырса, адам ұрпағымен мың жасайды. Қарттарды құрметтейтін, олардың алдындағы перзенттік парызын үлкен ынтамен орындайтын, әдептілік, кішіпейілділік, сергек сезімталдық көрсететін ұрпақ болса, қариялар бақытты.
«Менің көзімнің жеткені: бұл ауылда қариялар ерекше құрметте екен, осы жолдан Аллам тайдырмасын», - деді қария. Адамның өмірінің мәні мен сұлулығы, адамның келешегіне сенімділігі – баланың ата-анасын ардақ тұтып өзінің перзенттік қарызын бір сәтке де есінен шығармауында. «Өз отбасынан жылу таппаған қаншама қарттарымыз қарттар үйлерінде өмірлерін жалғастыруда. Ендеше, біздің ауылдың қарттары бақытты», - деп тарасты Көкжыра ауылының зейнеткер қариялары.
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.