Үлгілімалшылықтар 1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі мерекесін асқан шаттықпен тойлап өтті. «Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған ауыл тұрғындары үшін бұл мейрамның орны ерек. Ынтымақ күніне орай құттықтау газеттер, банерлар шығарылып, ауыл ішіне ілінді. Мереке күні ауылдың барлық тұрғындары бір кісідей шеруге қатысып, белсенділік танытты.
Бірліктің барар жері - «Мәңгілік ел», «Береке, бірлік, татулық», «1-мамыр мерекесі құтты болсын» деген ұрандар шеруге өзіндік көрік беріп тұрды. Мектеп алдында бастауын алған салтанатты жиынды ауыл әкімі А.Смағұлов өзінің құттықтау сөзімен ашты. Сонымен қатар, шара барысында мектеп мүдірі Е.Құсайынов, тәрбие ісі меңгерушісі С.Айжақсина сөз кезегін алып, тұрғындарға жылы лебіздерін білдірді. Береке-бірлікті көрсету мақсатында «Шаңырақ шаттығы» атты мектепшілік фистиваль өткізілді. Әр ұлттың биі мен әндерін оқушылар жоғарғы денгейде халыққа тарту етті.
М.Мырзабекова, жастар маманы
БІРЛІГІМІЗ ЖАРАСҚАН
Шұғылбай ауылдық округінде «Бір шаңырақ астында» атты ұлттардың мәдениетін дәріптейтін Қазақстан халқы бірлігі күніне арналған фестиваль өткізілді. Іс–шараға І.Жансүгіров орта мектебінің ұстаздары, әкімшілік қызметкерлер, оқушылар мен ата-аналар қатысты.
Сахнаға алғашқы болып қаншама халықты шеттетпей, достық қарым қатынаста, татулықта өмір сүріп жатқан сайын даланың иесі Қазақ халқының өкілдері шықты. Келесі кезекте үнді халқының биін нақышына келтіре орындаған даярлық тобының бүлдіршіндері болды. Солардың ішінде ерекше көзге түскен Ә.Бөкенбаеваға арнайы мадақтама табыс етілді. Украин халқының өкілдері ерекше киім үлгілерін көрсетсе, түрік халқы өкілдерінің «қына тойы» әсерлі болып шықты. Шағын орталық тобының бүлдіршіндері орыс халқының «частушкасын» нақышына келтіре орындап, көрермен көңілінен шықты. Сонымен қатар, сахнада қызу қанды шешен, мың бұралған өзбек, көңілді молдаван, беларусь билері биленіп, әндері шырқалып, көпшілікке ерекше көңіл күй сыйлады.
А.Мұсағазинова, клуб меңгерушісі
ДОСТЫҚ КҮШІ – БІРЛІКТЕ
І.Жансүгіров атындағы орта мектептің оқушылары да Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған апталықта өздерінің іс-шараларын өткізді.
Аптаның алғашқы күнінде бейбітшілік пен татулық Қазақстанның басты байлығы екенін дәріптейтін тәрбие сағаттары өткізілсе, апта бойы бастауыш сынып оқушыларының бірлік, татулық мазмұнындағы суреттері көрме арқылы жұртшылық назарына ұсынылды. Ал, кітапханашы Н.Оқатаева «Бір шаңырақ астында» тақырыбына кітап көрмесін ұйымдастырып, кітапқұмарларды бір қуантты. Ал, Д.Айдарханова өткізген шығармалар сайысында оқушылар ел бірлігі басты қазына екенін толғана баяндады. Ш.Байжақыпованың жетекшілігімен өткізілген «Бірлігіміз жарасқан» фестиваль көрермендерді қуанышқа бөледі. Мерекелік іс-шараның қорытындысы ретінде А.Шәріпбекова және Д.Маутқазинов өткізген «Біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін» халықтық спорттық ойындар өз жанкүйерлерін таба білді.
І.Жансүгіров атындағы орта мектебі
БІРЛІГІ ЖАРАСҚАН ҰЛТТАР ДОСТЫҒЫ
Мектебімізде 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күніне арналып апталық өткізілді. Атап айтсақ, 1-11 сыныптар арасында «Ынтымақты ел озар» тақырыбында сынып сағаттары өтсе, мектеп кітапханашысы Н.Сағадиева кітап көрмесін ұйымдастырды. «Жас ұлан» балалар ұйымының «Халықтар достығы» атты қабырға газеті оқушылардың қызығушылығын туғызды. Бейнелеу пәнінің мұғалімі Г.Ахметқалиева 1-8 сыныптар арасында сурет сайысын ұйымдастырды.
Аталмыш мерекеге орай ұйымдастырылған апталықты қорытындылау мақсатында мектеп оқушылары арасында «Бірлігі жарасқан ұлттар достығы» фестивалі өткізілді. Сайыс қорытындысы бойынша жоғары дайындықтарымен көзге түскен жетінші сынып 1 орын, бесінші сынып 2 орын, алтыншы сынып 3 орынды иеленді.
Ж.Байтунова, тәлімгер,
Абай атындағы «Мектеп-балабақша» кешені
БІР ШАҢЫРАҚ АСТЫНДА
Биғаш ауылындағы Маяковский атындағы орта мектепте 1-мамыр мерекесіне орай А.Айкенованың басқаруымен «Бір шаңырақ астында» атты тақырыпта 5-9-сыныптар арасында сайыс өтті. Сайысқа түскен оқушылар қазақ, орыс, өзбек, украин ұлттарының киімдерін киіп, 6 кезең бойынша бақтарын сынады. Ән, би, мақал-мәтел айту, ұлттық тағам даярлау бойынша сынға түскен оқушылар бар өнерлерін ортаға салып, көпшілікке көңілді көңіл-күй сыйлады. Әділқазы алқалары Г.Исмаилхаджиева мен Ж.Жақсыбаева оқушыларға ризашылықтарын білдіріп, мақтау қағаздарымен марапаттады.
С.Әлімбаева, кітапханашы
Биғаш ауылы
ӨЗ ЕЛІМ
Қазақстан халқының татулығы мен бірлігі күні мерекесі күндері ауыл кітапханасында «Ұлттар татулығы бірлікте» атты сыр-сұхбаттық отырыс ұйымдастырылған. Бүгінгі меймандарымыздың бірі, Тассай аулының байырғы тұрғыны, еңбек ардагері Михаилова Александра Федоровна болатын. Кеңпейіл қазақ Шура атап кеткен кейуананы бүкіл ауыл сыйлайды. Апаның өзі де жарты ғасырдан астам уақыттың ішінде туған жұртындай болып кеткен Тассайдың кез келгенімен етене араласады. Арғы тегі ертеде Еуропадан қоныс аударған аспан көз апамыз болғар қызы. Зайыбы марқұм Василий мен Тәшкен шаһарында оқуға барған кезінде танысып, қол ұстасып мәңгілікке бірге болуға серттескен. Екі-үш қарғалары болды. Ері фәниден озып кетсе де, ұл-қыздары жан-жақта әр салада қызмет атқарады. Ұлы Станислав Риддер қаласында қызметте. Мамандығы құрылыс инженері. Келіні орыс қызы бола тұра қазақ тілін ана тіліндей меңгерген ғажап адамдар. Қос қызы Алена мен Светлана да қазақшаға жүйрік.
Жетпістің биігіндегі Шура апайдың әңгімесін рақаттана тыңдадық. Тыңдай отырып, бейне бір қазақтың көнекөз қариясының шежіресін естігендей ұйыдық. -Бір ұл, бір қыздан көрген қос егіз, яғни төрт немереме де қазақша үйреніңдер, Қазақстанның тарихын біліңдер, Қазақстанның Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты мақтан тұтыңдар. Оны бүкіл әлем таниды деп ұдайы айтып отырамын - дейді әз апа.
Туған халқың жайында өзге ұлттың өкілі ағынан жарыла ақтарылып отырғанда тіптен тебіреніп кетеді екенсің. Жымидық та құптадық. Шура апай үйге қайтарында кітапханашы қызға «Алмаш, ана «Балдырған» журналын берші. Немереме қазақша тіл сындыруға қажет, оқып болған соң әкеп берем ғой», - деп қағаздарды ала қоңыр есіктен баяу басып шығып бара жатты. Кәдімгі көкірегінен дала исі аңқыған қазақтың кемпірі.
Катрен Байжұманов, Тассай ауылы
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.