Самар ауылындағы ауыз су мәселесі қалай шешіліп, ШЖҚ «Самар» КМК-ның ауылды ауыз сумен қамтамасыз ету, су ақысы тарифін өзгертуге даярлық туралы білмек болып хабарласқанымызда кәсіпорын басшысы С.Мадияров бізбен кездесуден бас тартты. Сондықтан да ауыл ішіндегі су жүйесі құдықтарын зерттеуді өз қолымызға алдық. Құдықтарды зерттеу рейдін бастамас бұрын кәсіпорын кеңсесіне тағы бір кіріп шықтым, онда не басшы, не инженер жоқ болды. Олардан жалпы ауылда қанша құдық барын да біле алмадым. Жалпы өз бетіммен аралап шыққанда санағаным 16 құдық болды.
Таңертең ерте үйден шыққанда (сағат 7.50) су құбырында су ағып жатты, ол біраздан кейін тоқтауы керек, мен суы тапшы Әубәкіров көшесінде тұрамын. Жоғары өрлеп Болғанбаев көшесі мен Горный көлденең көшесіндегі бірінші құдыққа келгенде тек қана құр ауа ысылдап тұрғанынының үстінен түстім, осы көшенің бойындағы Красноармейский көлденең көшесінде де ысылдаған дыбыстан басқа ештеңе болмады.
Болғанбаев көшесінің осы құдықтарды пайдаланатын тұрғындарының айтуынша су бір сағаттан артық ақпайды, «егер үлгеріп алсақ алдық, үлгермесек, бастауға барамыз немесе, Киров, Совет көшелеріндегі құдықтарға флягамызды сүйреп жүргеніміз. Бірақ жаңбырлы күндері су тоқтаусыз аға береді»- дейді.
Сағат 8.30-9.00 аралығы.Киров көшесі мен Первомайский көлденең көшесінің қиылысындағы құдықта су ағып тұрды. Совет көшесінің Горный көлденең көшесімен қиылысындағы, екі қабатты үйдің қасындағы құдықтарда су үнемі болып тұрады. Бұл көшенің тұрғындары су тек қана жөндеу жұмыстары жүргізілгенде тоқтатылады дегенді айтады.
Сондай-ақ, Горохов, Фонов, Береговая, Лоскутов көшелеріндегі колонкалардың барлығында да су бар болды. Оларды тексергендегі уақыт 9.10-10.00 аралығы болатын. Пионер, Тимур көлденең көшелеріндегі көпқабатты үйлердің тұрғындары су орнына құбырларынан ауа шығатынын айтып шағымданады, оларда әлі күнге су жоқ.
Жалпы Самар ауылын сумен қамтамасыз етуге бес су соратын қондырғы орнатылған бас құдықтар жұмыс істейді. Солардың ішінде ең қуаттысы Аэропорт жағында орналасқаны екен. Оның үстіне бұл жерде жер асты суы да жақын орналасқан. Ал су болмай қалатын Солтүстік аумақтағы Әубәкіров көшесінің бас жағындағы орналасқан су сору қондырғысы тек сағатпен жұмыс істейді. Мұнда су қоры аз, жері жартасты деп түсіндірді Самар ауылдық округі әкімшілігінің бас маманы Қ.Қалиасқаров.
Құдықтарды аралау барысында ешбір жерде құбыр жарылу, судың ысырап болуын байқалмады. Тек Красноармейский көлденең көшесінің тұрғындары (тұйық көше ішінде) осыдан бірер күн бұрын ғана жарылған құбыр жөнделгенін айтты. Ал тұйық көшенің жарты тұрғыны бір аптадан артық сусыз отырған. Бұл тұйық көше де Әубәкіров көшесіндегі қондырғыға қарасты.
Ауыл тұрғындарынан су ақысын жинайтын бақылаушыларды да кездестіре алмадым. Құдықтардан су алатын адамдардың есебі бары-жоғы тағы белгісіз. Совет көшесіндегі құдыққа Совет, Болғанбаев, Киров көшелерінің, олармен қиылысатын көлденең көшелердің ауласында ұңғымасы жоқ, бар болса да суы аещы тұрғындарының барлығы келеді, ал олар су ақысын кімге төлейді? Ол жағы бізге жұмбақ болып қалды. Кейбір суы аста-төк аулаларда су есептегіш құралдар орнатылмаған, олар суды ашып қойып, бақшасына салып қояды екен. Ал ауылдың екінші шетінде су жетіспей жататынымен олардың ісі жоқ. Мұның барлығы кәсіпорынның тұтынушылармен жұмысындағы кемшілікті көрсетеді. Егер әр суы құбыры тартылған аулада есептегіш құрал орнатылса, ысырапқа жол берілмес еді. Кәсіпорын шығыны да елеулі түрде азаяры сөзсіз. Бұл айтылмай келе жатқан мәселе емес, бұрыннан бар. Тек оны шешуде бірлескен жұмыс қажет. Кәсіпорын мен ауылдық әкімшілік мүддесі неге бір жерден шықпасқа. «Аққу - көккө, шортан - көлге, шаян - шөлге тартадының» кері болып отырғанына бірнеше жылдың жүзі болса да, нәтиже жоқ. Қашан су туралы мәселені жабар екенбіз, ол сұрақтың жауабы кімнің қолында?
Клара НҰРПЕЙІСОВА
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.