Тассай ауылдық «Бөдес баба» мешітінде маусым мен шілде аралығында Өскемен қаласынан «Алтай» қайырымдылық мекемесіндегі дәріс тобынан, жас ұстаз Абдолла Дүйсен ауыл балаларына имандылық тәрбие беру мақсатында «Ғылымхалдан» сауат ашу сабағын жүргізді. Бұл шараға 10-14 жас аралығындағы 17 бала қатысты. Ай көлемінде алынған балалардың білімін қорытындылап, сынақ өткізетін күні ауыл мешітіне ата-аналар, ұстаздар және ақсақалдар алқасы, әйелдер кеңесі сияқты қоғамдық ұйымдардан қонақтар шақырылды.
Сынақты Өскемен қаласының «Алтай» қайырымдылық мекемесінің ұстазы Кемел Бекмұханұлы Мұхамеджанов жүргізді. Сынақ барысында Кемел ұстаздың «Ғылымхалдан» исламның шарттары, мұсылман парызы сияқты сұрақтарына шәкірттер мүдірмей жауап беріп, жаттаған сүрелерін мақамына келтіре орындап, араб әріптерін жаңылмай талдап оқып, ұстаздарын риза етті.
Жас ұрпақты имандылыққа баулып, діни сауатын ашқан ұстазға және сол ұстазды жіберген ұжымға ата-аналар шексіз алғысын білдіріп, осы игі іс келешекте де жалғасын тапса деген ұсыныс білдірді. М Әуезов орта мектебінің тәрбие ісінің меңгерушісі М.Садықова шәкірттеріне ризашылығын білдіріп, бала үшін имандылық тәрбиенің маңыздылығына тоқталды. Сынақ өз мәресіне жеткен соң Кемел ұстаз балаларға ынталандыру сыйлығын беріп, алғыс хаттармен марапаттады.
Балалардың діни білімін шыңдау бұнымен шектеліп қалған жоқ. Бүгінгі күні ауыл мешітінде Болат имам ер балаларға күнделікті тарауық намазында азан шақыртып, «Қамат» айтқызып білімдерін шыңдауда. Игі бастамаға бастаған сол күннің жалғасы мектеп асханасында ораза тұтушы жамағатқа Тассай ауылдық «Бөдес баба» мешітінің атынан ауызашар беру дәстүріне жалғасты.
Ауызашар асын беруге демеу көрсеткен Тассай ауылының тұрғыны Әділ Ахметов деген азамат. Ауызашарға Көкпекті ауданының бас имамының міндетін атқарушы Кенжебек Қалиақпарұлы қатысып, оразаға байланысты уағыздар айтып, оразаның сүннеттерінің маңызын ашып, оны бұзатын амалдардан сақ болуға шақырды.
Ш.Ғалиева, Тассай ауылдық округінің
әйелдер кеңесінің төрайымы
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.