Ағымдағы жылдың 18 сәуірі күні аудан орталығында Қ.Алтынбаев атындағы Мәдениет үйінде аталмыш тақырыпта келелі ой қозғап, ұсыныс-пікірлерді ортаға ашық салған қатысушы көпшілік қауым, тіл жанашырлары аудандық жұмыс Кеңесінде бас қосты. Мәңгілік ел болу ұлттық идеясының ажырамас бір бөлшегі болып табылатын мемлекеттік тілдің аудан көлеміндегі жай-күйі туралы мәселелер қозғалған жұмыс Кеңесінің бастамашысы және ұйымдастырушысы - Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі.
Жұмыс кеңесінің күн тәртібімен таныстырып өткенмәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысы Ә.Саржанов: «Тілдерді қолдану мен дамытудың өңірлік бағдарламасын іске асыру ауданда оңтайлы әлеуметтік-лингвистикалық кеңістік құруды көздейді. Яғни, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін, ауданның барлық мемлекеттік аумағында оған заң жүзінде бекітілген әлеуметтік қызмет мемлекеттік тіл саясатын күн талабына сәйкес іске асыру үшін тіл заңнамалары мен мемлекеттік бағдарлама талаптарын мүлтіксіз орындау, әкімдік отырыстарында мемлекеттік тіл саясатының өзекті мәселелерін қарап отыру, оқыту орталықтарының материалдық-техникалық базасын нығайту, жеткілікті мөлшерде қаражат бөлу міндеттерін шешу қажет. 2020 жылға дейінгі мерзімге арналған мемлекеттік бағдарламаның басты стратегиялық мақсаты – Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың маңызды факторы ретінде саналатын мемлекеттік тілді балабақша, мектеп, жоғары оқу орындары, мемлекеттік қызмет және қоғамдық-саяси, әлеуметтік кәсіпкерлік саласының барлығында да батыл қолданысқа енгізіп, қазақстандықтардың өмірлік қажетіне айналдыру», деді. Сондай-ақ, бұл бағыттағы жұмыстарға байланысты жүргізілген нақты іс-шаралар жайында айта келе, Ә.Саржанов елді мекен, көше тақтайшаларын бірізділендіру үшін қаражат бөлінсе, ауылдық округ әкімдерімен бірлесе отырып, осы бағытта жұмыстар жүргізілсе деген тілегін білдірді. Және де аудандағы көптеген ауылдық округ атаулары, көше атаулары өзгертілуде, осыған орай, құжаттар әзірленуде екенін жеткізді. «Күн тәртібімізге әр аптаның сейсенбі және бейсенбі күндерін «Мемлекеттік тіл» күні деп жариялап, осы күндері басқа ұлт өкілдерімен бірге қазақ тілінде сөйлеп, қазақ тілінде ойымызды жеткізсек, қазақ тілінің мәртебесін көтеру мақсатында қазақ тіліне байланысты іс-шаралар айына 1 рет өтіп отырса» деп, ол басқа да тың ұсыныстарын ортаға салды.
Сөз кезегін алған аудандық білім беру бөлімінің басшысы Ш.Мұстафинова бүгінгі күні білім беру мекемелерінде тілдерді дамыту, мемлекеттік тіл саясатын жетілдіру мақсатында Тіл бағдарламасын басшылыққа ала отырып, атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап берді. Атап айтқанда, жыл сайын «Қазақ тілі» қоғамының ұйымдастыруымен 22 қыркүйек – тілдер мерекесіне байланысты «Тіл апталығы» іс-шаралары, мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру мақсатында мұғалімдер арасында дөңгелек үстел отырыстары, «Тілдердің үштұғырлылығы» мәдени жобасын насихаттау арқылы оқушылардың мемлекеттік тілмен қатар орыс, ағылшын тілдерін үйренулеріне ықыластарын тудыру мақсатында «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» тақырыбында акция ұйымдастырылғанына тоқталды. Сондай-ақ, «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, Бір мүдде, Бір болашақ» атты Елбасы Жолдауын талдап, насихаттауда оқушылар мен мұғалімдер арасында «Ұлттық идея – Мәңгілік ел», «Мәңгілік ел – мәңгілік тіл» тақырыптарында 5-11 сыныптар арасында ораторлар сайысы өтіп, шығармалар жазылғанын және аудан мектептерінде іс-құжаттар бірыңғай мемлекеттік, қажетіне қарай орыс тілдерінде жүргізілетінін жеткізді. Сонымен бірге, қазақ тілімен орыс тілі пәндері бойынша соңғы 3 жылдағы ҰБТ қорытындылары бойынша сараптама жасай келе, ең жоғарғы және ең төменгі ұпай көрсеткен мектептерді атап, бүгінгі күндегі салмақты мәселелерді де алға тартты.
Ал, сот саласындағы мемлекеттік тілдің қолданысы туралы сөз қозғаған сот кеңсе бөлімінің жетекші маманы О.Қилыбаев сот істерін қазақ тілінде жүргізу Конституция талабы екенін, статистика бойынша қазіргі таңда судьялардың 75 пайызы мемлекеттік тілді еркін меңгергендігіне тоқталды. Нақты іс жүзінде Көкпекті аудандық сотының өндірісімен қаралатын істердің 60 пайызы қазақ тілінде жүргізілетіні, оқу-біліктілікті арттыру іс-шаралары, бұқаралық ақпарат құралдарымен қарым-қатынас толығымен мемлекеттік тілде іске асырылатынын жеткізді. Алайда, заң кеңесін берушілер мен қорғаушылардың халыққа мемлекеттік тілде көмек көрсетуі көңіл толтырарлық деуге келмейді. Сондықтан, Олжас көпшілікті «Мемлекеттік тіл - менің тілім» дейтін деңгейге жеткізу үшін бір үйдің баласындай атсалысуға шақырды. Дархан Бердібек, Көкпекті аудандық Жастар орталығының директоры:
-Сөз басында ана тілінде сөйлеуді әркім өзінен бастау керектігін баса айтқым келеді. Сонда ғана қазақ тілінің мәртебесі асқақтайтын болады. Өз басым қазақ тілінің тағдыры туралы сөз қозғалған жерде ұрандатып, былай шыға бере танысын кездестірсе «Ну что, қалайсың? Нормально! Сами как?» деп шүлдірлеп кететін ауылдас, таныс адамдарды аз көріп жүрген жоқпын!
Құрметті жерлестер! Кез келген нәрсеге бір жақты қарауға болмайды. Бүгінгі келелі кеңестегі талқылаудан түйгенім – таяқтың басы бәрімізге тиеді. Отбасы, Мектеп, Қоғам, Билік. Менің ойымша, «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығару» осындайда керек сияқты!
Зоя Смыкова, «Вера» орыс халқының этно-мәдени бірлестік мүшесі: - Тіл қашан қажеттілікке айналады? Ұлтым орыс болса да мені қатты толғандыратын осы сұрақ.Елбасының «Нұр Отан» партиясының XV съезінде «Қазақ тілін білу азаматтық парызды ғана емес, ұлтқа деген құрметті де білдіреді. Отан отбасындағы өнегелі тәрбиеден бастау алады. Осыны әрбір азамат есінде сақтауы тиіс» деген қанатты сөздері бүгінгі күні менің өмірлік қағидаларымның бірі болып қалыптасқан. Осы мемлекеттік тіл, оның дамуы тағы басқа деп тіл төңірегінде әр түрлі сөздерді ұрандап жүргенімізге, міне, 20 жылдан астам уақыт өтті. Бірақ, әлі күнге дейін мемлекеттік тіл мәртебесіндегі қазақ тілінің орны төрде емес, босағада жыламсырап тұрғанның себебі неде деп ойлайсыздар? Неліктен қазақ тілін білу жаппай сәнге айналмай отыр? Ең бірінші, мемлекеттік тілді білу, сөйлеу қажеттілікке айналу керек, - дей келе, патриот қыз қарапайым мысал да келтіріп, өз ұсыныстарын ортаға салды.
И.Шнайдер, Тассай ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің мүшесі:
-Менің ұлтым неміс болса да, қазақ халқын қадір тұтқан, қазақ ананың өз ұлымен емшектес баласымын. Жат елден келген тілі басқа, түрі бөлек көптеген ұлтты жатырқамай бауырына басқан, қонақжай, кеңпейіл қазақ халқына айтар алғысым шексіз. Осындай ақ көңіл де бауырмал жұрттың дәм-тұзын татып отырып, тілін білмеуді өз басым ар санадым. Қай халық болсын тұрған жерінің мемлекеттік тілін білуі, оның заңын, елдігін құрметтеуі азаматтық парызы деп білемін. Құрметті жерлестер! Қазақ тілін білейік, білмесек үйренейік, құрметтейік.
Еркін микрофонда Ж.Шайжүнісов мектебінің мұғалімі Н.Айжақсина, Үлкенбөкен ауылының әкімі Н.Назарханов, Көкжайық орта мектебінің тәрбие ісі меңгерушісі Е.Нұрлан, туберкулезге қарсы аурухана меңгерушісінің орынбасары А.Алдажұманова өз пікірлерімен, ұсыныстарымен бөлісіп, көп назарына толғандырар ой салды.
Осы жиналыста мемлекеттік тіл төңірегінде айтылған келелі мәселелер әрбіреуіміздің қажеттілігімізге ғана емес, барлығымыздың ар-намысымыздың айнасына айналса екен деген тілек айтқымыз келеді.
Бақыт МҮЛІКОВА
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.