Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д.Ахметовтың аграрлық саланың алдына қойып отырған міндетінің бірі – сүт өндірісін жолға қою болып табылады. Бұл міндетті біздің ауданда жүзеге асыру үшін қажетті факторлардың барлығы бар. Қазірдің өзінде ауыл тұрғындарының арасында сүтті бағыттағы мал басын өсіру жұмысы қолға алынған.
Самар ауылдық округіне қарастыПантелеймоновка ауылының тұрғыны Ержан Қылышбаев 2013 жылы сауынды сиыр сатып алу үшін «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы негізінде 2 млн. теңге несие алды. Сол кезде алған 10 бас сиыр қазір 18 бас сауынды сиырға жетті. Олардан осынша төл алып өсіріп отыр. Қазіргі күні мұнда екі сауыншы, екі малшы жұмыс істеуде.
-Өз күшімізбен мал қорасын салдық. Сиыр сауатын аппарат та бар. Самар май зауытымен келісімшартқа отырып, мамыр айынан бастап сүтті сонда тапсыра бастадық,-дейді Ержан Шынтайұлы. Сүт өндірудің тиімділігіне жыл қорытындысын шығарғанда көз жеткізді. –Менің есептеулерім бойынша, жаздай өткізген сүттен тапқан табыс, бір бұзауды екі жасқа дейін жеткізгенше шығатын шығынмен тең екен,-дейді ол.
Отбасымен мал шаруашылығын дамытуға бет бұрған Ержан ауыл ортасынан дүкен де ашып қойды. Енді ауылдық округ әкімінің ұйғаруымен тұрғындардан сүт қабылдауды ұйымдастыруды қолға алмақшы. Сүт-тауарлы фермасын ашуға талпыныс та бар. Ол үшін кәсібін кеңейтуге қаржы керек. Сауынды сиырдың басын 60-қа жеткізсе, тағы да жұмыс орнын ашады. –«Сиырдың сүті-тілінде»,-деген. Мен үшін қиналатын тұс – мал азығы. Сиыр сүті құнарлы, майлылығы жоғары болуы үшін азығы да құнарлы болуы керек. Ол үшін сүрлем даярлау аса маңызды. Шабындық пен егістік жер көлемін ұлғайтсам жақсы-ақ болар еді. Облыс әкімінің сүт өндірісін дамыту бойынша тапсырмасы негізінде біз сияқтыларға ол жағынан көмек болар деп үміттенемін,-дейді Е.Қылышбаев. Ержан табында асыл тұқымды бұқа жоқтығын да айтып өтті.
Мемлекеттік бағдарламалар негізінде асыл тұқымды бұқа алатын болса, субсидия төленетінін және де басқа да мал өсіруге қаржыландыру мен жеңілдіктер қарастырылатын «Жайлау», «Құлан», «Сыбаға», «Алтын асық» сияқты бағдарламалар барын жас кәсіпкер әлі жете біліңкіремесе керек. Сондықтан да ауылдық округ әкімшілігі мен ауылшаруашылығы бөлімінің мамандары осындай талабы бар адамдарға кеңес беріп, қолдау көрсетсе болар еді. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Р.Сағындықов өзінің сүт бағытындағы мал басын көбейту тақырыбына берген сұхбатында да, аудандық әкімшіліктің жиындарында да тиісті салаларға берген тапсырмасында осы жағын баса айтқан болатын. Ендеше Е.Қылышбаевтың ойға алған ісіне даңғыл жол ашылады деп үміттенеміз. Облыс әкімінің тапсырмасын орындау барысында бұл істен ауданға да бір ұпай келері анық.
Клара НҰРПЕЙІСОВА
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.