Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Шұғылбай ауылдық округіне қарасты Мелитополь елді мекенінде орналасқан "Қажымұқан" шаруа қожалығы 2001 жылы ашылған. 3900 гектар жерді өңдеп отырған қожалық асыл тұқымды ірі қара, жылқы өсірумен қатар арпа, бидай және күнбағыс егумен айналысады. Шаруа қожалығындағы 9 трактор мен 1 комбайн жүйелі жұмыс істеп тұру үшін механизатордың шебер қолы қажет. Осы істі қожалық ашылғалы бері «техникалың құлағында ойнайтын» Айдаров Қадылбек Қапсейітұлы адал атқарып келеді.
Қадылбек Қапсейітұлының биылғы зейнетке шығуына орай Көкпекті ауданы әкімінің орынбасары Сүйесінов Мақсат Сайлауғазыұлы арнайы барып, аудан әкімі Әділет Қожанбаевтың құттықтауы мен алғыс хатын және еңбегімен еленген тұлғаларға берілетін «Еңбек ардагері» медалін табыс етті. «Ауыл тұрғындарының әл-ахуалын жақсарту ісіне белсене араласа отырып, ауданның әлеуметтік, саяси-экономикалық дамуын сақтаудағы игілікті істе қанатыңыз талмасын, Мерейлі мерекеңізде Сізге әрқашан өмірдің белестерінен қайыспай өтіп, әрдайым мәртебеңіз биік болып, еңбегіңіздің жемісін көруіңізге тілектеспін!» - деп жазды аудан әкімі өзінің құттықтау хатында. Сондай-ақ Шұғылбай ауылдық округінің әкімі Нұрлан Назарханов өз атынан Алғыс хат табыс етіп, туған күн иесін құттықтады. "Қажымұқан" шаруа қожалығының басшысы Жәлел Байназаров өз кезегінде аудандық мәслихат депутаты ретінде құттықтау хатын табыс етіп, шаруа қожалығы атынан Қадылбек Қапсейітұлына су жаңа JAC J7 автокөлігін сыйға берді. «Қадылбек Қапсейітұлы техниканы шебер меңгерген жан, сонымен қатар жұмысқа өте үлкен жауапкершілікпен қарайтын адал азамат. Біздің шаруа қожалығы бүгінгі деңгейге бір күнде келе салған жоқ, қаншама қиындықтар бастан өтті. Сол қиындықтардың барлығында Қадылбек ағам жанымнан табылып, менімен бірге талай ауыртпалықты белі қайыспай көтеріп шықты»,- деді Жәлел Қажымұқанұлы туған күн иесіне айтқан лебізінде.
Қадылбек Қапсейітұлы Айдаров 1962 жылы 20 қаңтарда Самар ауданы Қойтас ауылында туған. Мелитопольда тұрып, қожалықта қызмет атқарғанына 20 жылдан асты. Мамандығы механизатор, ғұмыр бойы атқарған қызметі – комбайн және трактор жүргізу. Қадылбек Қапсейітұлынан атқарған қызметі жайлы сұрағанымызда: «Мен негізінен комбайншымын. Бұрын Қойтаста да, кейіннен осында да комбайн жүргіземін. Бірақ басқа тракторшылар болмай қалғанда трактор да жүргізе беремін. Комбайн, трактор, К 700, погрузщик – қандай техника болса да жөндей беремін. Техниканы жөндеу, жүргізу бұл менің сүйікті ісім. Ал «Қажымұқан» шаруа қожалығында әлі бір жыл істеймін деген ниетім бар»,- деп жауап берді еңбекқор азамат.
Бүгінде Қадылбек Қапсейітұлы бақытты әке, немере сүйген асқар таудай ата. Жұбайы Мәншүк Әшімғалиқызымен бірге екі қыз, бір ұл тәрбиелеп өсіріп, бүгінде 7 немере сүйіп отыр. Газетіміздің редакциясы атынан туған күн иесін Зейнет тойымен құттықтап, деніне саулық, еңбегіне табыс, отбасына шаттық тілейміз.
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.