Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы арман еткен тәуелсіздік таңын көру біздерге бұйырды, сондықтан да қазіргі ұрпақ өзін бақыттымын деп санауы керек. Шынында бостандықты бағалаудан, азаттықты ардақтаудан, тәуелсіздікке тәу етуден артық ешбір бақыт жоқ. Халқымыз бір жарым ғасырға созылған жоңғар шапқыншылығында, екі жарым ғасырға созылған патшалық отарлауға қарсы ұлт-азаттық көтерілістерде елінің еркіндігі үшін қан төгіп, қайғы жұтса да, тепкі көріп, тентіреп жүрсе де, бір сәт егемендікке деген ұмтылысын ұмытқан емес, рухын жасытқан жоқ.
Қайта тәуелсіздікке деген құштарлық атадан балаға аманат болып қала берді. Еркіндік аңсаған қазақ халқының өршіл мінезі, намысты жаныған жалыны жастардың желтоқсан көтерілісіне әкелді, тарихтың жаңаша жазылуына себепкер болды. Ар-намысы тапталған қыздар мен жігіттеріміздің азулы империя Кеңес Одағының өктемдігіне қарсы ұмтылысы шын мәнінде жойқын оқиғалардың басы болды. СССР құрамындағы 15 республиканың бірі Қазақстан 1991 жылдың 16 желтоқсаны күні өзінің тәуелсіздігін жариялап Қазақ ССР Жоғарғы Советі Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі туралы заң қабылдады. Қазақ елі бостандық алды. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Егемендік алу оңай емес, ал еңсесін тіктеген ел болу одан да қиын. Біздің алдымызда тәуелсіздікті қорғау, татулықты сақтау, тұрақтылықты орнықтыру сияқты аса күрделі тарихи істер тұр», деп айтқан болатын. «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» Жолдауында Президент мемлекетіміздің қалыптасқанын әйгілеп, оның жаңа экономикалық саясатын жариялады. Бұл құжаттың қай бағдарламасы болмасын ел Тәуелсіздігін одан әрі нығайтуға бағытталған.
Иә, тарихи өлшемдегі қысқа 23 жыл ішінде қазақтың кең даласында болашағы бекем, келешегі кемел мемлекет орнады. Осы жылдарда елдің көші аумай, шаңырағы шайқалмай, іргесі бекіп көршілермен шекарасы заңдылық жолымен белгіленіп, мемлекеттік құрылымдары негізделіп, елдік дәстүрлер қайта жаңғыртылды. Сондай-ақ еліміздің Тәуелсіздік нышанын анықтайтын мемлекеттік рәміздері қабылданып, төл ақшамыз - теңге айналымға енді. Жиырма үш жылда ұлтты ұйыстырып, қаймағы бұзылмаған берекелі бірлік орнады, ұлтаралық келісім мен діни түсіністікке негізделген бірегей қоғам қалыптастырылды.
Тағдырдың тәлкегінен әлемге тарыдай шашылып кеткен қандастарымыз құтты қара шаңыраққа қайта жиналуда. Қазақстан әлемнің алпауыт мемлекеттерімен терезесі тең әріптестік қарым-қатынас орнатты.
Тәуелсіздікті нығайта түсу мақсатымызды жүзеге асыру үшін елімізде кең көлемде әлеуметтік, саяси және экономикалық реформалар табанды түрде жүргізілді.
Бұл қайта құруларға бүгінде барша қазақстандықтар куә болып, оң нәтижелерін көруде, тәуелсіздік пен еркіндіктің жемісін татуда. Бүгінгі жетістіктеріміз елімізде қалыптасқан ұлтаралық және конфессиялық татулықтың, халықтар достығы мен ынтымағының арқасы деп білеміз.
Өзінің ашық та бейбіт ұстанымы нәтижесінде еліміз әлемнің төркүл дүнесіне танылып, беделді мүшесіне айналды. Елбасының халықаралық қауымдастық алдында көтеріп жүрген ірі бастамалары ядролық қарудан бас тартуға, өңірлік қауіпсіздік шараларын нығайтуға, G-глобал форматында кеңестер өткізуге, халықаралық терроризмнің алдын алуға бағытталған.
Экономикалық және әскери қауіпсіздігіміздің негізі Қазақстан Президентінің бастамасымен Кеңес Одағы орнында құрылған тәуелсіз мемлекеттер достастығы Кедендік Одақ, Евразиялық экономикалық кеңістік және әскери одақтастық ұйымдары болып табылады.
2011 жылы өткен Қысқы Азиада ойындары, 2012 жылы өткен Лондон олимпиадасы, әлемдік деңгейдегі саяси басқосулар еліміздің беделін асқақтата түсті, ал халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесінің Астанада өтетіндігі соның айғағы болды. Қолымыз жеткен жетістіктердің бәрі азаттық пен еркіндіктің арқасында, ұлттық мемлекетіміздің қолдауына сүйене отырып еткен еңбегіміз бен барлық тетіктердің айқын да үйлесімді жұмыстарының нәтижесі деп білеміз.
Клара НҰРПЕЙІСОВА
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.