Аудан әкімі Ділдәбек Тәжібайұлын ауылдағы І.Жансүгіров атындағы орта мектепке жиналған Шұғылбай жұртшылығы қарсы алды. Ауылдағы бой көтеріп жатқан клуб үйі әрі қатымхананың құрылыс барысымен танысты. Білім ордасында өткен кездесуде ауылдың үлкендері, шаруа қожалық иелері, тұрғындардың ой-пікірлерін де тыңдады. Тұрғындар бірқатар қордаланған мәселелерді көтерді. Соның бірін ауылдың ақсақалдар кеңесінің төрағасы Өмір Рақымжанов ата қойды.
-Ауылымыз берекелі, тұрмысымыз жақсы тек осы ордалы білім ошағы мектебіміздің шатырын ауыстыруды шешіп берсеңіз - деп өтінішін білдірді. Ауылға таза ауыз су тарту күн тәртібінен түспейтін мәселелер қатарында. Округ әкімінің мәлімдеуінше 2019 жылы 485 млн. теңгеге жобалау-сметалық құжаттамасы жасалған. Сараптамадан өткен. Өкінішке орай конкурсқа берілмеген. Осы мәселе бойынша аудан басшысы орынбасары Жаслан Майкеневке тиісті орындарға хабарласып, биылдан қалтырмай ауыз су мәселесін шешуді тапсырды. Кездесу барысында тұрғындар интернет мәселесін де қозғады. Сондай-ақ мектептің қысқы уақыттағы жай-күйі, жылу беру жүйесі де айтылды. 1991 жылы салынып, пайдануға берілген ғимараттың жылыту жүйесі де уақыт өте келе ескірген, қыста ғимаратта суық. Биылғы жылы ғимараттың жылу жүйесін жөндеу жұмыстарына бюджеттен қаражат қарастырылған. Ол жұмыстар тамыз айында жүргізілетін болады. Ауылдағы әйелдер кеңесінің төрайымы, зейнеткер мұғалім Гүлнар Құнязова көптің көмегімен салынып жатқан қатымхана еденіне төсейтін кафельге аудандық бюджеттен қаржылай көмек көрсетуді сұрады. Сондай-ақ аудан басшысы мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп, жаңадан кәсіп көзін ашу бойынша ауыл шаруашылығына несие алудың жай жапсарын түсіндіретін мамандардың келетінін жеткізді. Жаңадан сайланған аудан әкімінің қызметіне ауыл ақсақалы Өмір ата сәттілік тілеп, батасын берді.
Аудан басшысының бұл күнгі халықпен кездесуі Теректі ауылында жалғасты. Теректінің клуб үйінде ауыл тұрғындарымен кездесіп, өтініш, сауалдарын тыңдады. Округтегі бірқатар мәселелер төңірегінде тұрғындармен ой бөліскен аудан басшысы шешімін таппаған мәселелердің шешу жолдарын сөз етті. Бүгінде ауылдағы халық тіршілік көзін төрт түлік мал өсіруден тапқан. Адал еңбекпен нанын тауып, адал еңбектің шын қадірін ұққан тұрғындар да осы ауылдарда. Кездесу барысында ауыл тұрғыны Шолпан Ерзатқызы егістік алқаптарының ауылға жақын маңда орналасуынан жиі туындайтын мәселені ортаға салды. Егістік қожайыны кешкілік мал өрістен қайтар уақытта күзетші қоюды өтінді. Көп жылдар бойы осы ауылда тұрып, имандылық қызмет жолында жүрген ауыл молдасы мемлекеттен несие алу бойынша сұрағын қойды. Ал ауыл тұрғыны Мейрамбек Тлеукенов «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдармасы бойынша жас маман болып жұмысқа орналасқан келінінің мемлекеттен төленетін көтерме ақысын осы уақытқа дейін ала алмай жүргенін айтып, шағымданды. Аудан әкімі тиісті бөлім басшысына және ауылдық округ әкімі Талғат Шаймардановқа айтылған мәселелердің шешілу жолдарын қарастыруды тапсырды. Аудан басшысы Ділдәбек Оразбаев ауылдағы Кеңес Одағының батыры Қойгелді Аухадиевтің есімі берілген білім ошағының бүгінгі таңдағы атқарып жатқан жұмыстарымен танысып, мектеп директорына бірқатар тапсырмалар берді. Мемлекеттік «Балапан» бағдарламасы бойынша ашылған жеке меншік «Ерке-нұр» балабақшасына барды. Мектепке дейінгі мекеменің алдағы уақыттағы жоспары бойынша балабақша директоры Индира Сарсембаеваның ой – пікірін тыңдап, жұмысына сәттілік тіледі.
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.