Шағын ғана Подгорное ауылы ауданымыздың табиғаты әсем жерінде орналасқан. Шатқалды тау сілемдері созылған жоталарда мәңгі жасыл арша, шырша, қарағай, сұлу да сымбатты қайың, тік өскен теректермен жарыса долана, шәңгішінің жемісі төгіліп, күздің осы күнін ерекше бір күйге бөлегендей. Жартастарды жарып өсіп тұрған қарағайлардың қайсарлығына таң қаласың. Дәл осындай қайсар қарағайлар өскен жердің ұлдары да батыл, қайсар, қаһарман болуы керек сияқты. Оны осыдан жетпіс жыл бұрын дәл осы ауылдың тумалары Сергей Седнев, Иван Яроцкий, Николай Фонов дәлелдеді. Бүкіл адамзат баласына аз қасірет әкелмеген фашистік басқыншылықтың бетін тойтарып, түп-тамырымен құртқан соғыста бір ауылдың үш бірдей ұлы Кеңес Одағының Батыры атанды. Қараштықтар ғана емес, бүкіл аудан оны мақтан тұтады. Сол себептен де Ұлы Жеңіс мерейтойына арналған шаралардың түйіні осы ауылға келіп тіреледі. Биылғы «Өшпес ерлікке тағзым» керуені де 17 қазан күні Подгорное ауылында жұмысын аяқтады. Тақырыбы Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойына арналған бұл шараның патриоттық маңызы аса зор.
-Дәл осындай бір ауылдан үш бірдей батыр шыққаны біздің ұлан-байтақ елімізде жоқ. Сондықтан да біз оны мақтан тұта тұрып, соған лайықты бола білуіміз керек. Бүгінгі керуеннің мақсаты да өскелең ұрпақ санасында алдыңғы буын ағаларының, аталарының ерлігін қастерлеп, Батыр бабаларының есімін мәңгі жадында сақтауға, дәл солардай елін, жерін қорғауға баулу болып отыр. Біз жылдағы дәстүр бойынша ұйымдастырылған керуенді биыл алдағы осы ұлы мерекенің мерейтойына арнадық. Оның ең соңғы нүктесінің Подгорное ауылында қойылуы да тегін емес,-дей келе аудан әкімі Д.Мусин жиналған жұртшылықты бүгінгі мейрамдарымен құттықтады. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Әбенов те бұл патриоттық шараның аясында қаншама игілікті істер атқарылып жатқанын. Оған мектеп оқушыларымен қатар ауыл тұрғындарының да белсене қатысып өз үлестерін қосып отырғанын айтты.
Бұл керуенге Палатцы, Сарыбел және Миролюбовка ауылдық округтерінің өкілдері қатысып отыр. Подгорное негізгі мектебінің алдында біздің көпұлтты еліміздің достығын паш ететін «Бір шаңырақ астында» атты театрландырылған көрініс көрсетіліп, оған Қарақол, Подгорное негізгі және Сарыбел мен Миролюбовка орта мектептерінің оқушылары белсене қатысты. Ал Самар және Қ.Алтынбаев атындағы аудандық мәдениет үйінің әртістері патриоттық әндерден құралған тамаша концерт ұсынды.
Мектеп кабинеттерінде соғыс ардагері П.Я.Балахоновпен ерлік сабағы, «Толеранттық және біз» атты тренинг, «Ұлы Жеңіске тағзым және халықтар достығы» атты үгіт бригадасының жұмысы жүргізілді. Бұл күні мектеп мұражайының есігі айқара ашылып, сонымен бірге дәлізде оқуышардың қолөнерінен көрме ұйымдастырылды. Бұл көрме шағын ғана ЕXSPO-17 дерсің. Ескі күйтабақтан жасалған сағат, дискілерден жасалған шам, тағы сол сияқты толып жатқан бала қиялы болса да адамзат өміріне қажетті қолдан жасалған заттар таңқалдырады және олардың барлығы да жұмыс істеп тұр. Ұлттық нақыштағы қолөнер туындылары да қаншама. Ал балалардың салған суреттері кәсіби деңгейде орындалған, соған қарап тұрып, біздің шалғай ауылдардағы мектептердегі осындай таланттар көзге түспей қалмаса екен деп ойлайсың. Танктер жосылып, пулеметтер мен ауыр артиллериядан оқ қарша борайды. Ұрыс жүріп жатқан айнала орман-тоғайлы, жасыл шөпті жауған снаряд қопарып тастаған. Майдан даласы айнала қазылған орлар мен бекіністер, міне автоматшы жауынгер окоптан шыға уралап барады. Қазір жайды тықсыра қуамыз. Бұл оқушылардың соғыс тақырыбына жасаған композициясынан туған көрініс. Дәл бір қазір барлығына жан бітетіндей, бәрі шынайы, сол көрініс ішіне өзің де кіріп кеткендей боласың.
Ауыл тұрғындары медициналық пунктке барып, дәрігерлерге қаралып жатыр. Мұнда педиатр Жұмаділда Әлия мен терапевт З.Қалқашева қабылдау жасап, сәбилердің денсаулығын тексеріп, ауыл тұрғындарының қан қысымын өлшеп, есепте тұратындарының дәрігердің нұсқаулықтарын орындап жүргендіктерін, дәрі-дәрмектерінің түгел бар екендігін біліп, қолдарынан келген көмектерін жасады. Осының барлығы бүгінгі керуеннің сәнін келтіріп, оның маңыздылығын арттыра түседі.
Керуеннің тағы бір маңызды бөлігі - ауылшаруашылығы өнімдерінің күздік жәрмеңкесі. Жәрмеңкеге ауылдық округтердің барлығынан өнімдер әкелініп, бұл ұлан – асыр сауда орнына айналар деген үміт ақталмады. Айналдырасы екі-үш шатырды алып тұрған сатушылар жәрмеңкеге келгендерге мол дүние ұсына алмады. Самар ауылдық округі әкелген 20 келіден астам балық фаршы, азын-аулақ күнбағыс майы жылдам өтіп кетті. Палатцы ауылдық округінен Л.Островская 18 бройлер тауығын сойып, үйтіп, тазалап әкеліпті, құс еті әп-сәтте өтіп кетті. Ол ұсынған тауықтың келісі 600 теңгеден, бір тауықтың салмағы 2,0-2,5 кг тартады екен. Семіз тауық еті жетпей қалғандар өкініп қалды. Тұрғындар осы ауылдық округтен келген көк болса да қызанақты алып қойды. Бүгінгі жәрмеңкеге неге аста-төк сәбіз, қызанақ әкелінбеді. Біздің атақты көкөніс өсірушілеріміз қайда? Жұрттың тағы бір іздегені мал еті болды. Ет те жоқ. Екі бірдей округте егіс алқаптары бар, екі округтің жерін пайдаланып отырған іргелі шарыушылық иесі В.Батраков айналдырасы 5 центнер жем жеткізген, сонымен бірге жәрмеңке соңына қарай кішірек доңыз етін әкелді. Оның тез арада өтіп кеткенін сезіп отырған боларсыздар. Үш бірдей округ аумағында өтіп жатқан жәрмеңкеге бір бас ірі қара сойып сататын адам табылмағаны ма?
Біздің жәрмеңкеге басқа ауылдық округтерден неге ештеңе жеткізілмеген, округ әкмдері хабарсыз ба еді деген сауалымызға аудандық ауылшаруашылығы бөлімі мен кәсіпкерлік бөлімінің жауапты адамдары : округ әкімдеріне айтылған, әкімдер бүгін қонаққа келген сыңайлы деді, біздің де ойымыз сондай болатын. Ал енді өздерінше бір топ болып тұрған әкімдердің жауабын айтайық. Преображенка - пима, Көкпекті - кәуап, Бастаушы – көкөніс, Белое – қой әкелуі тиіс екен. Біраздан соң сөреге «Жұмыспен қамту -2030» бағдарламасының қатысушысы Т.Құсайыновтың цехында бастырылған пималар қойылды. Ал кәуәп та, көкөніс те, қой да бұл жәрмеңке бетін көрмеді. Пияз бен сәбіз әкеледі деп тогсып отырған әжелер де шаршаған болу керек, өзара күңкілдесіп, концерт аяқталған соң үйлеріне қайтып бара жатты.
Мәртебелі мерейтойдың қарсаңында ауданның ауылдарындағы Ұлы Отан соғысы жауынгерлеріне арналған ескерткіштерді қалпына келтіру бойынша аудан әкімінің арнайы тапсырмасы жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Сол жұмыстың ең бастысы Батырлар ауылы – Подгорное ауылында атқарылуда. ««Ұлы Жеңіс мерекесінің 70 жылдық мерейтойын біз осы ауылда өткізетін боламыз. Оған қаншама қонақтар шақырамыз. Батырлардың туыстары да келеді. Біз артта өсіп келе жатқан ұрпақтардың санасында Батыр аталарына деген құрмет пен тағзым ете білуді тәрбиелеу және аталарымыздың туған Отанды қорғаудағы ерлігін мәңгілік есте сақтауды жүзеге асыру үшін ең алдымен ескерткіштерді түзетуіміз керек. Оны көре отырып, балаларымыз аталарының атын оқып, патриоттық сезімнің осыдан бастау алатынын түсінетін дәрежеге жеткіземіз»,- деген аудан басшысының тапсырмасы бойынша осы ауылда Батырлар аллеясы жасалып, үш Батырдың бюсті орнатылған биіктігі он метр стелла орнатылуда. Соынмен бірге ауылдық клубқа жөндеу жұмысы жүргізіліп, мектеп те жөндеуден өткізілмекші. Бұл жұмыстарды атқарып жатқан «Ашим-С» ЖШС басшысы Т.Сағатов аудан әкімі мен бүгінгі керуен қонақтарына атқарылып жатқан жұмыстарды көрсетті.
-Ауылымызда осындай игі істер қолға алынып жатқаны қуанышты-ақ. Көшелерді жарықтандыру жұмысы да басталатын сияқты. Біз Яроцкидің атындағы көшеде тұрамыз. Бұл көше Батырдың атына лайықты көшеболары сөзсіз, өйкені мұнда тыл арадагерлері, ауғандық жауынгер тұрады,-дейді ауыл тұрғыны Л.Дүйсенова.
Ауылдық округ ардагерлері кеңесінің төрағасы А.Лебеденко, Қараш ауылының тұрғыны Қ.Қамзин Палатцы ауылынан келген әжелер С.Мәкиленова, М.Қожагелдинова керуен жұмысының маңызын атай отырып, алдағы ұлы тойға дайындықты күшейту керек. Ол тек әкімшілік қызметкерлерінің жұмысы емес, бүкіл халық болып атсалысулары керек деген пікір айтты. «Сол үшін біз ауылдастарымызды осы игі бастаманы қолдауға шақырамыз»,-десті бір ауыздан олар.
Біз де жайбарақаттыққа салынбай, бүгінгідей бір-біріне сілтеушілік орын алмайтындай шара ұйымдастырылар деп Батырлар ауылынан аттандық.
Клара НҰРПЕЙІСОВА
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.