Көкпекті ауданында коронавирус індетінің алдын алу бойынша кешенді шаралар қабылдануда. Ауданға кіру және шығу жолдарына полиция қызметкерлерінің қатысуымен тәулік бойы бақылау орнатылды. Әрбір ауылдық округке келіп-кеткен жолаушылар тіркеуге алынуда. Түнгі уақытта кезекшілік ұйымдастырылып, бейсауат жүрген тұрғындарға індеттің қауіптілігі мен оқшауланудың маңыздылығы түсіндірілуде. Аудан әкімі Асхат Смаилов әрбір ауылдағы жағдайды қадағалап, кезекшілік жұмысын жіті бақылауда. Самар ауылындағы кезекшілік жұмысын қадағалау мақсатында күн сайын аудан әкімінің орынбасарлары барып танысып отыр.
Самар ауылындағы Казпошта және Халық Банк бөлімшелері сақтық шараларын қолға алды. Ғимараттар алдында арақашықтықты сақтауға арналған жолақтар сызылып, белгілер орнатылды. 8 сәуірден бастап аудан орталығының тұрғындары да Қазпошта бөлімшесіне келгенде арақашықтық сақтау жолақтарында тұра бастады.
7 сәуір күні кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Наталья Ушакова, «Нұр Отан» партиясы Көкпекті аудандық филиалының қызметкері Шолпан Егежанова, мәслихат депутаты Қажет Жүніспекұлы, Көкпекті ауылдық округінің маманы Қарлығаш Кисина қатысқан жұмыс тобы дүкендерді аралап, баға саясаты туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Басты мақсат елімізде әлеуметтік ма-ңызы бар азық-түлік тауарларының шекті бағасы белгіленгенін кәсіпкерлерге жеткізу. Сауда минис-трлігі, ауыл шаруашылығы және ұлттық экономика министрлігі бірлескен бұйрыққа қол қойды. 4 сәуірден бастап мынадай тауарларға шекті баға белгіленеді: бірінші сортты бидай ұны, бірінші сортты ұннан жасалған бидай наны (пішінді), рожки (өлшеніп салынатын), қарақұмық жармасы (дән, өлшеніп салынатын), тазартылған күріш (домалақ дәнді, өлшеніп салынатын), сиыр еті (сүйекті жауырын-төс бөлігі), тауық жұмыртқасы (I санатты), күнбағыс майы, ас тұзы ("экстрадан" басқа). Бағалар әр аймаққа жеке белгіленеді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының рұқсат етілген шекті бөлшек сауда бағасын қымбаттатқандар 265 100 теңгеден 530 200 теңгеге дейін айыппұл төлейді.
Аудандық аурухананың бас дәрігері Әсем Рахимбаеваның мәліметі бойынша медициналық қызмет дайындық шараларын жүйелі жүргізуде. Covid-19 ауруының жұғу жолы, алдын алу шаралары мен диагностикасы бойынша медицина қызметкерлері арасында 7 рет түсініктеме сабақтары өткізілген. 4 рет жұқпалы індет кезінде киетін костюмнің кию-шешу талаптарын меңгеру бойынша оқу-жаттығу жұмыстары жасалыпты. - Оқу-жаттығу шаралары бойынша аттестация алынды. Қазіргі уақытта арнайы костюмнің тағы 300 данасына қосымша тапсырыс берілді. Сүзгі кабинеті іске қосылып, ыстығы көтерілгендер арнайы кабинеттен өткізілетіндей жағдай жасалды, ол үшін сол кабинет қажетті барлық қорғаныс құралдарымен жабдықталды. Қатынассыз термометрия жасау мақсатында термометр сатып алынды. Өкпені жасанды желдету аппаратымен облыстық денсаулық сақтау басқармасы және облыстық әкімшілік тарапынан қамтамасыз етуге тапсырыс берілді, - дейді Әсем Төлеуғазықызы.
Сондай-ақ төтенше жағдайға байланысты созылмалы дертпен есепте тұратындарға жұқпалы індеттің жұғуын алдын алу мақсатында ауруханаға жоспарлы түрде жатқызылу тоқтатылған. Дегенмен, өміріне қауіп төнген, шұғыл көмекке мұқтаж азаматтарды қабылдап, емдеу жалғаса береді.
Дархан БЕРДІБЕК
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.