Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Көптеген кәсіптің арасынан бүгін біздің әңгімемізге арқау еткелі отырған ерекше құрметке ие құрылысшы мамандығы. Олар қыстың қақаған сары аязы мен шіліңгір шілденің аптап ыстығын да, сары ала күздің сылбыр жауыны мен даланың жазғытұрым соғатын дауылды желін де елеместен, бар ынтасымен жұмысын сапалы жасауға ұмтылады. Осындай іскерлігімен, ер мінезділігімен ерекшеленетін жандардың бірі Көкпекті ауданының жол жөндеу құрылысына белсене араласып, осы салада жемісті еңбек етіп жүрген «ДЭУ - 29», «Қазавтожол» РММ басшысы Гүлрайхан Закариянқызы Мұхамадиева. Ол «темір тұлпар үстінде» азаматтармен қатар ел тізгінін ұстап жүр. Жүрегі жылулыққа толы абзал ана, немерелерінің сүйікті апасы Гүлрайхан Закариянқызының ауданымыздың өркендеуіне қосқан үлесі жайлы сөз етпекпіз.
Жалпақ жұртқа сыйлы Гүлрайхан апай өз еңбек жолын қатардағы қарапайым жұмысшыдан бастап, жол маманы, мекеме басшысы болып, жауапты қызметтерді абыроймен атқаруда. Гүлрайхан Закариянқызы «Әкеге тартып туса игі, әке жолын қуса игі» дегендей, әкесі Закария ақсақал баласының адал, еңбекқор болып өсуін қадағалап, соған сай тәрбиеледі.
Ел мен жерге еңбек сіңіріп келе жатқан үлкен әулеттің бүгінгі өкілі Гүлрайхан апай әке өсиетін мінсіз орындап, аманатын адал атқара білді. Жастайынан турашыл, ісіне мығым ол әке атына кір келтірмеді. Кішкентайынан 5 ағаның соңынан ерген, қайсар мінезі мен алған бетінен қайтпайтын қызынан әкесі үлкен үміт күтетін.
Қызығынан гөрі қиындығы басым құрылысшы мамандығының қыр-сырын меңгере отырып, кәсібіне төселіп, біраз жылдар жол құрылысы шебері, прораб, жол жұмыстары қоры бойынша инженер міндеттерін атқарды. Ал 2011 жылдан бастап «ДЭУ - 29» «Қазавтожол» РММ басшысы дәрежесіне дейін көтерілді.


«Сүйген істің сүйініші көп» дейді дана халқымыз. Өзге жылдарды айтпағанда соңғы жылдары Гүлрайхан апайдың еңбегі еленіп, өзінің оң бағасын алды. 2014 жылы «Самұрық-Қазына» Компаниясынан «Құрметті жолшы» медалін алса, 2015 жылы Елбасының атынан берілген «Ерен еңбегі үшін» медалі көп жылдық жемісті және адал еңбегі үшін берілді. Республика, облыс, аудан көлеміндегі алғыс хаттары мен марапаттары да баршылық. Бұл күнде зейнет жасына шықса да әлі еңбек майданындағы Гүлрайхан апай – өнегелі отбасының ұйытқысы. Айнұр, Мира, Раушан сынды қыздарынан өрбіген жиендерінің қызығына тоймаған әже болып, бақыт базарында күн кешуде.
Гүлрайхан Закриянқызы табысты басшылық етіп отырған "Жол пайдалану учаскесі – 29" мекемесі республикалық маңыздағы жолдарда қызмет атқарады. Аталмыш учаскеге Жарма ауданына қарасты Кеңтарлау ауылынан бастап Боғас бекетіне дейінгі 162 шақырым республикалық маңыздағы жол жатады. Гүлрайхан Закариянқызы осы салада 1979 жылдан бастап табанды қызмет атқарып келеді. Ұжымның алдында беделді, елге абыройлы жерлесіміз - Көкпекті ауданының Құрметті азаматы.
Қыста қарлы боранмен алысып, жолда қалған жолаушыға жәрдем бере жүріп қауырт жұмыс істейтін ұжым жаз уақытында да қол қусырып отырмайды. Күн жылынып, көктем келе жолды қалыпқа келтіру бағытындағы тынымсыз еңбек басталады. Білікті басшысымен елге үлгі болып отырған еңбекқор ұжымға тек қана жеміс тілейміз!
Абырой бастауы болған адал еңбектің нәтижесінде ел мақтанышына айналған Гүлрайхан Закарияқызы өз өнегесі мен өмір жолы арқылы көпке үлгі. Бар білімі мен білігін ауданымыздың алға басуы жолында сарп еткен сала маманының атсалысуымен жүзеге асқан жарқын істер ел игілігіне кәдеге асуда. Асқақ абыройға кенеліп, бедел биігінен көріну бақыты деген осы болса керек.
Тынышбек Рахимжанов, Зайсан қаласы, таксист:
- Қазақ халқының тарихында ерлігі ермен теңесетін батыр да ақылды ару қыздарының есімі де ойып тұрып орын алатыны белгілі. Ал бүгінгінің батыр әйелі деп осы Гүлрайхан Закариянқызын атар едім. Қысты қыс, боранды боран демей, жол қатынасының қауіпсіздігімен қамтамасыз ету жолында қызмет ету кез-келген жанның қолынан келе бермейтіні ақиқат. Сондықтан ол кісіге шексіз алғыс айта отырып, алдағы жұмысына береке, зор денсаулық, отбасына амандық тілеймін.
Жанәділ Атаев, Өскемен қаласы, «Керуен-Шығыс» автобус паркінің басшысы:
- Гүлрайхан Закариянқызының еңбегін ер азаматтардан кем деп айта алмас едім. Ел үшін атқарып жүрген әр жұмысы ерлікке пара пар. Қыс мезгілінде күндіз түн демей көлік үстінен түспейтін Гүлрайханды танымайтын жолаушы, көлік жүргізушілері кемде кем. Әр адам осы кісідей жұмыс ететін болса, көлік қатынасына еш қолайсыздық та болмайтын еді, қазақтың әр қыз-ұлы суыққа тоңбай, жолда қалмай үйлеріне аман-есен жететін еді деп ойлаймын.

Клара ҚАЙЫПЖАНҚЫЗЫ 

Пікір:

Редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов. 

 

 

Күнтізбе

<< < Наурыз 2020 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
            1
3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз