Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Әкімдердің халыққа есеп беру кестесіне сәйкес, Көкпекті ауданының әкімі Асхат Сайдахметұлы Смаилов Теректі, Шұғылбай, Қ.Аухадиев атындағы ауылдық округ тұрғындары алдында өткен жылдың жүзеге асырылған жұмыстары туралы есеп беріп, биылғы жоспарларын ортаға салды. Мұнан кейін аудан әкімі ауданда атқарылған жұмыстарды және алдағы міндеттерді егжей-тегжейлі баяндады.

Сонымен, көкпектіліктер үшін доңыз жылы табысты да берекелі, әрі ырысты жыл болды. Оны аудан әкімі А.Смаиловтың аудандық газеттің 2020 жылдың қаңтар айындағы басылымында жарық көрген есебінен оқып, білген боларсыздар. Сондықтан аудан басшысының және ауыл әкімдерінің есебіне толық тоқталуды жөн көрмедік. Ауылдық округ әкімдері де жергілікті басылымдарда өз есептерін жариялаған болатын. Осыған орай, өңірдің тыныс-тіршілігімен таныс болу үшін газеттің әрбір санын жібермей оқып отыратын оқырмандар назарына кездесуде көтерілген өзекті мәселелерді ғана ұсынбақпыз.
Жылдағы дәстүрге сай, биыл да жылдың басында, яғни қаңтар айының 14 күні аудан әкімі 2019 жылы атқарған жұмыстарының есебін беруді бастады. Бұл күні Теректі, Шұғылбай, Қ.Аухадиев елді мекендерінің халқымен кездесу ұйымдастырылды. Алғашқы есеп Теректі ауылдық округінде басталды. Әуелі ауыл әкімі Қайрат Айыпқазиев өзінің есепті баяндамасын жасады.
Ауыл әкімі Қайрат Айыпқазыұлы атқарылған жұмыстар барысын баяндап, келер жылғы жоспарымен бөлісті.
- Теректі ауылының экономикалық даму жағдайы тұрақты. Ауылда мал шаруашылығы қарқынды дамып отыр. 2019 жылы округ бойынша: ірі-қара мал саны – 4560 бас, ұсақ мал саны - 5658 бас, жылқы малы – 1595 бас және 4544 құс тіркелген. Округте ветеринария саласында бруцеллез ауруына тексерілуге берілген 4211 бас ірі-қара малдың 293 басынан індет жұқтырғаны анықталды, аурушаңдығы 6,9%. Ұсақ малдың 7820 басынан 4 бас, аурушаңдығы 0.05%. Соған қарамастан мал басын көбейту мақсатында ауылымыздың 5 тұрғыны «Бастау- Бизнес» бағдарламасы аясында оқып сертификат алып, қайтарымсыз 505 мың теңге көлемінде берілген несиеге 6 бас ірі-қара, 30 бас ұсақ мал алды. Әр бесінші үйде кем дегенде 8-10 бас-тан мал бордақылауды кәсіпке айналдырған. Сонымен қатар, биыл егін де бітік шығып, ауыл халқының әлеуеті жақсара түсті. Әрбір гектар жерден арпа өнімі - 15-тен, бидай өнімі – 13-тен, күнбағыс 9-10-нан алынып шаруа қожалықтарының қамбасы астыққа толды, - дей келе жаңа 2020 жылға жоспарымен бөлісті:
- ҰОС жеңісінің 75 жылдығы қарсаңында қоршалған орталық алаң жұмыстарын жалғастыру (шырша өскіндерін отырғызу, абаттандыру, брусчатка салу, монумент орнату т.б). Ауылды абаттандыру. Бірлік көшесін жарықтандыру жұмыстарын орындаймыз, - деді Қайрат Айыпқазыұлы.
Жиын барысында ауыл ақсақалы Шаймұрат Баяхметов ауданда кардиолог, уролог дәрігерлерінің қажет екенін сұрады. Ақсақалдың сұрағына аудан басшысы жас дәрігер мамандарды ауылға тарту бойынша жұмыстар атқарылып жатқанын айтты. Ауыл тұрғыны Жәнібек Дайырбеков, су мәселесі шешіліп, ауылда ауыз судың келгеніне аудан басшысына, ауыл әкіміне ризашылығын білдіріп, «Судың да сұрауы бар» екенін ескеріп, су ақысын 1 жыл уақыт болды, қайда қашан төлеу керек деген мәселені көтерді. Бұл сұраққа аудан әкімі «Көкпекті» коммуналдық шаруашылықтың жұмысының салғырттығын тілге тиек етіп, жуық арада шешімін табатынын айтты. Ал жер мәселесі бойынша сауалын ауыл тұрғыны Талғат Темірбеков: - Кезінде мектептің меншігіне берілген 20 гектар жер болған, сол жерді мектеп ұжымы мен оқушылармен бірігіп игерсек деген жоспарымыз бар соны шешіп беруіңізді сұраймын, - деп өтінішін білдірді. Аудан басшысы бұл мәселеге қолдау білдіріп, Заң аясында тиісті бөлім басшыларына жауап беруін тапсырды.
Сондай-ақ, есеп беру кездесулерінің соңында әрбір сала басшысы ауыл тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Алайда, негізгі мақсаты халыққа қызмет көрсету болып табылатын Қазпошта, Қазақтелеком, Аймақтық электр желісі басшылары тұрғындармен кездесіп, мұң-мұқтажына құлақ түруді қажет деп таппаған сыңайлы. Сонда халыққа қызмет көрсету арқылы жұмысын жүргізіп отырған аталмыш ұйым басшылары өздерін сол халықтан жоғары санағаны ма?

Ал жарыссөзге шыққан «Қарақас» ШҚ басшысы Мұрат Булкенев пен зейнеткер Лязат Бибосынова тарапынан аудан әкімінің өткен жылғы жұмыс нәтижесі оң бағаланды. Жиын соңында, ұсыныс-пікірлерін айтқан ауыл тұрғындары алға қойған міндеттердің нәтижелі болып, ауылдың одан әрі дами беруіне тілектестік білдірді.
Келесі есеп беру Шұғылбай ауылындағы Ілияс Жансүгіров атындағы білім ордасында жалғасын тапты. Жиынға ауыл ақсақалдары, аудандық мәслихат хатшысы, аудандық ардагер кеңесінің төрағасы, ауыл тұрғындары, ұстаздар және барлық дербес бөлім басшылары, әкімшілік қызметкерлері, ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Есеп беру жиынын Аудандық мәслихат хатшысы Талғат Сарманов жүргізді. Күн тәртібі бойынша алғашқы сөзді ауыл әкімі Ерлан Ниязбаев алып, бір жылда атқарылған жұмыстарға егжей-тегжейлі тоқталды.
- Құрметті жерлестер, келген жаңа 2020 жыл әрбір отбасына амандық, береке-бірлік, елімізге тыныштық әкелсін. Жаңа жыл жақсы жаңалықтар мен толайым жетістіктерге толы, несібелі жыл болсын!
Ауданымыздың өсіп-өнуіне өзіндік үлесін қосып отырған Шұғылбай ауылдық округі өзінің алдына қойған мақсаты мен міндеттерін абыроймен өткеріп, өткен жылды табысты аяқтады. Округ тұрғындары мен шаруашылық басшылары әрбір ұйымдастырылған іс-шараға атсалысып өзінің береке-бірлігін, халық пен билік арасындағы ауызбіршіліктің сақталғанын тағы бір дәлелдеді.
2020 жыл жалпы облыс, аудан үшін үлкен оқиғаларға толы жыл болмақ. Ұлы дана Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы, ауданымыздың 90 жылдығы және оның аясында өткерілетін басқа да көптеген іс-шараларға бәріміз бір кісідей қолдау білдіріп, береке-бірлігімізді көрсетуіміз керек.
Жалпы жұмыстың негізгі мақсаты төмендегі бағыттар бойынша жеке жоспарлармен ұйымдастырылатын болады.
1. 2020 жылы атқарылатын барлық іс-шараларды ауданымыздың 90 жылдық мерейтойын атап өтуге бағыттау;
2. Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін көтеру үшін ет-сүт өнімдерін мейілінше мол өндіріп, оны жәрмеңкелерге шығару, әсіресе сүт тапсыруға қолдау көрсету, мал басының санын одан әрі арттыру;
3. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған ауыл тұрғындарын мемлекеттік бағдарламаларға қатыстыра отырып, жеке кәсіпкерлікті дамыту;
4. Халықтың санын шеттен қоныстанушыларды ша-қыру арқылы арттыру;
5. Елді мекендерді көріктендіру, көгалдандыру жұмыс-тарына тұрғындарды жаппай қатыстыруды ұйымдас-тыру. Ағаштар отырғызу, жеке тұрғын үйлерді абаттандыру, - деді округ әкімі.
Ал күн тәртібі бойынша кезекті сөз аудан әкімі Асхат Сайдахметұлына берілді. Аудан басшысы 2019 жылы ауданда атқарылған жұмыстар жөнінде саралай келе алдағы уақытта көзделген міндеттерге тоқталып, тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Өз сөзінде Асхат Сайдахметұлы Мемлекет басшысының биылғы халыққа жолдаған Жолдауына сәйкес халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған жаңа міндеттерді атап өтіп, аудандағы барлық салалар бойынша атқарылған жетістіктерді саралап берді.
Баяндаманы талқылау үшін жарыс-сөзге шыққан ауыл тұрғындары өз сауалдарын қойып тиісті жауаптарын алды. Алғашқы болып өз сауалын жолдаған «Салтанат» ШҚ басшысы Төлеухан Ахмадиев, жанар жағар май сатып алу бойынша, ауыл балалары үшін шағын футбол алаңын салып беру туралы өтінішін білдірді. Төлеухан ағаның өтінішін мұқият тыңдаған аудан басшысы бірінші сауалы бойынша бөлім басшыларына тапсырма берді. Ал, шағын футбол алаңы бойынша «Қаржы көзін тауып жатсақ, бір шешімін табамыз», - деп жауап берді. Жер дауы бойынша наразылығын білдірген Айтқали Мұқашев, қағаз жүзінде жердің иелері бар, бірақ жерді игеріп атқарылып жатқан жұмыстар жоқтығы туралы айтты. Бұл мәселе қордаланып қалғаны тілге тиек еткен аудан басшысы Асхат Сайдахметұлы жер бөлімі басшысына арнайы комиссия құрып, бірқатар тапсырма берді.
Жарыссөзге шыққан мектеп директоры Жұмабек Ерботин, «Берік» ШҚ басшысы Әсет Айдарбеков, ауыл тұрғыны Болат Тоқтамысов, ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы, зейнеткер Өмір Рақымжанов аудан әкімінің Көкпекті жері үшін жасалып жатқан игі істеріне ризашылығын білдірді.
Жалпы алғанда былтырғы жылы ауданда іргелі істер мен ірі жобалар іске асырылып, көптеген жұмыстар қолға алынды. Аудан, округ әкімдерінің бір жыл бойы атқарған жұмысына округ тұрғындары қанағаттанарлық деген бағасын берді.
Аудан әкімінің халық алдындағы есеп беру кездесуі Қ.Аухадиев атындағы ауылдық округінде жалғасын тапты. Жиналысты аудандық мәслихат хатшысы Талғат Сарманов ашып, күн тәртібімен таныстырды. Қорытынды есепте аудан әкімі мен округ әкімінің міндетін атқарушы Гүлжан Сатыбалдина баяндама жасады.
- Халықтың негізгі күнкөрісі мал және егін шаруа-шылығы жылдан жылға өркендеп келеді деп айтуға болады. 2019 жылы халықтың шаруашылықтары ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірді: ет - 187,9 тонна; сүт - 978,8 тонна; жұмыртқа - 466,5 мың дана. Ауылдық округімізде «Өрнек» ЖШС және 10 шаруа қожалығы бар.
Бұл кәсіпкерлердің барлығы ауылымыздың гүл-денуіне зор үлестерін қосып келеді. Ауылдық округіміздегі бетке ұстар, мақтан тұтар үлкен кәсіпорын - «Өрнек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Мақтан тұтатынымыз - біздің ауылымызда бірқатар іс-шаралардың басын қайырып, үнемі қол ұшын беріп отырады. Округтің даму деңгейінің бір көрсеткіші инвестиция тарту. Шаруашылықтардың алған техникалары мен асыл тұқымды малдары арқылы биылғы жылы округке 181 млн.тг инвестиция тартылды. Оны «Өрнек» ЖШС 2 комбайн және тағы басқа да ауыл шаруашылық құралдармен кіргізіп отыр. Сонымен қатар, «Қызыл-Ту» шаруа қожалығы 100 бас асыл тұқымды мал әкеліп, шаруашылығын кеңейтті. Бақылауда тұрған үлкен ауқымды жұмыс - бюджетке түсетін салықтың кіріс бөлігінің бір түрі - қосымша салық мөлшерін ұлғайту. 2019 жылы жергілікті өзін-өзі басқару бойынша салықтық түсімдер 5 310 500 теңгені құрады. Оның ішінде жеке табыс салығы - 1 353 800 теңге, мүлік салығы - 52 200 теңге, жер салығы - 618 000 теңге; көлік салығы салығы 3 286 400 теңге. Бұл қаражат округімізде атқарылған жұмыстарға, атап айтқанда көшелерді жарықтандыруға, ауылды көріктендіру, орталық тас жол бойындағы үйлердің қашаларын бояу, жолдарды қардан тазартуға, қоқыстарды тазартуға, баннерлер жасауға жұмсалды, - деді өз сөзінде Гүлжан Сатыбалдықызы.
Одан соң, аудан әкімі Асхат Сайдахметұлы ауыл тұрғындарына есеп беріп, алдағы ауқымды істердің жоспарымен бөлісті. 2020 жылға таудай талап қойып, толағай тірліктер атқарылатынын және ауданның 90 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтілетіндігін жеткізді. Ауылда отбасылар шағын кәсіппен айналысу керектігін, оған тиісті көмек, қолдау жасалу қажеттігін білдірді. Сонымен қатар, ауылдың тазалығына ден қойып, көше бойын, есік ауласын тазалығына әрбір тұрғын жауапты екенін баса айтты.
Есепті жиын соңында ауыл тұрғындарының көкейкесті мәселелері тыңдалып, назарға алынды. Сөзімізді нақтылар болса, көтерілген мәселенің көшін ауылдың зейнеткерлері Стнаислав Сергейенко, Екатерина Моразова көктем кезіндегі судың кесірінен зират басына бара алмайтынын және ауылда малды егуге арнайы орындардың жоқтығын айтты. Ал «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша өз ісін бастаған жас кәсіпкер Арман Калибасов шабындық жер сұрап өтінішін білдірді. Барлық сауалдар бақылауға алынып, тиісті сала мамандарына тапсырмалар берілді.
Ауыл әкіміне және аудан әкімінің есебіне зейнеткер ұстаз, Таисия Шнайдер оң бағасын берді. Бұл күнгі соңғы кездесу батыр бабамыздың ауылында қорытындыланды.

Пікір:

Редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов. 

 

 

Күнтізбе

<< < Қаңтар 2020 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз