Адам өміріндегі ең үлкен бақыт - ұрпақ өсіру, бала тәрбиелеу. Бүгінгі бала елдің ертеңі, болашағы, ұлттың жалғасы. Иә, қай мемлекет болсын, бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлетіні сөзсіз. Өйткені, өскелең ұрпақ елдің ертеңгі тізгінін ұстар азаматтары. Бар жақсылығын балаларына көрсетіп, олардың жан-жақты тәрбиелі саналы болып ержетуіне қамқорлығын аямайтын мемлекеттің болашағы да жарқын.
Жыл он екі айдың жадыраған жаз айы да келіп жетті. Оқушы балалар үшін демалыс күндері бас-талса, ал мектеп бітіруші түлектерді ҰБТ күтіп тұр. Бәрінен де ең қызықтысы сол жаздың бірінші күні- Халықаралық балаларды қорғау күні. Балалық шаққа саяхат мерекесі күні.
Көкпекті ауылының орталық алаңында жаз маусымының бірінші күнімен бірге келген шуақты мереке биылғы жылы ерекше жоғары көңіл күйде өтті. Мерекелік шараға ата-әжелерімен, әке-шешелерімен бірге жиналған кішкентай бүлдіршіндердің қолдарына ұстаған қызылды-жасылды шарлары, бақытты күлкісі мен былдырлаған тәтті үні балаларды қорғау күнінің мәні мен мағынасын тереңдете түскендей.
Алғашқы құттықтау лебізімен мереке шымылдығын ашқан аудан әкімінің орынбасары М.Теміржанов алаңға жиналған болашағы кемел елдің шат көңілді тұрғындарына, яғни көкпектілік балдырғандар мен олардың ата-аналарына ақ тілегін арнады.
– Құрметті аталар, әжелер, ата-аналар және бүлдіршіндер, Халықаралық балаларды қорғау күні құтты болсын! Ел ертеңінің еңсесін көтерер ұрпақтарымыз ақыл-білімді бойына жинаған, жаңашыл, денсаулығы мен рухы мықты, еңбексүйгіш және патриоттық сезімі терең азаматтар мен азаматшалар болып ержетуіне тілектеспін. Әрқашан егемен мемлекетіміздің көпұлтты халқы бейбіт аспан астында береке-бірлікпен, тату-тәтті тіршілік етіп, балаларына толыққанды лайықты тәрбие беріп, әрбір отбасында сәбилердің саны артсын. Баршаларыңызды баланың пәк көңіліндей ашық, жайдары жаздың жарқын мерекесімен құттықтаймын, - деді Марат Қапарұлы.
Балалар мерекесіне арнап аудандық білім және Көкпекті ауылындағы Балалар өнер мектебі ұжымының бірлесіп өткізген ауқымды бағдарламасы жиналғандардың көңілінен шығып, үлкен-кішіні риза еткені рас.
Сахна шымылдығын тартымды музыкалық композициямен мерекелік шеруді Ж.Болғанбаев атындағы мектеп-лицей мен Самар ауылындағы Балалар өнер мектебінің оқушылары бастаса, №1 Самар орта мектебінің оқушылары шеруді аяқтады. Аталмыш мерекелік шеруге қатысқан ауданның 37 білім беру мекемелерінің 2200 жуық балғындары көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Бұл күні алаңның екінші шетінде Балалар өнер мектебінің ұйымдастыруымен өткен сурет көрмесінде балалар қолынан салынған суреттер және «Балаларға базарлық» атты аудандық кітапхана қызметкерлері қойған кітап көрмесі көздің жауын алады. Ал келесі бір жерде БЖСМ жаттықтырушыларының жетекшілігімен спорттық көпсайыстан жарыстар өтіп, өнерлі балалар асфальт бетінде сурет салу байқауында шеберліктерін паш етуде.
Көкпекті ауылындағы Балалар өнер мектебінің ұйымдастыруымен өткен концерттік бағдарлама барысында сахнада би билеген «Батырлар ұраны» (Шуақты шұғыла балабақшасы), «Цыған биі» (Көкпекті орта мектебінің 1 сынып оқушылары), «Ромашка» («Көкпекті-Толағайы»), «Бразилия биі», ( Көкпекті ауылы Балалар өнер мектебі),
кіп-кішкентай балақандардың өнеріне сүйсінбеген жан қалмады. Қызыққа толы думанды әрі әнші-күйшілер «Көроғлы» (Қайырлы Ернұр, Айбибі Фархатқызы), «Тойла», «Сөзіме сен» (қыздар квартеті), «Тәрбиеші апай» («Балерке» балабақшасының бүлдіршіндері), «Мамочка моя» (Даулет қызы Раяна), «Балдырған әні» («Шуақты шұғыла»), «По Дону гуляет казак молодой» (Ыбрайұлы Нұрахмет) «Тәуелсіз қазақтың қызымын» (Ақылбаева Дина),«Туған жер» (Оразкен Арман), «Мен қазақтың ұлымын» (Оразқанов Данияр), «Ніt the Roadjack» (Жеңісова Аида), «Қос бәйтерек»(Талғатбекұлы Бекзат) әндерін орындаушыларды көпшілік қызу қолшапалақпен қолдап тұрды. Бұл күні сахнада өнер көрсетіп, қызықты ойын жарыстарына қатысқан балақайлардың баршасына мақтау грамоталары мен бағалы сый-ойыншықтар тапсырылды. Осылайша, мерекелік шараларға атсалысып мадақталған бала да, оның ата-әжесі де, әкесі мен шешесі де мәз-мейрам.
Балалардың сыңғыр күлкісі мен телегей теңіздей шат көңілі шалқыған мерекелік шараның қорытынды кезеңінде сәби жүректерді толқытқан әдемі сәттің куәсі болдық. Бұл - балғындарға ауданымыздың бетке ұстар жаны жомарт кәсіпкерлер Руслан Ибрагимов және Жанат Сарсенбаеваның демеушіліктерімен Көкпекті ауданының әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы аз қамтылған отбасыдан шыққан барлық балаларға балмұздақтар мен тәттілер таратты. Осындай шараға мұрындық болып жүрген ауыл әкімі Қайрат Алғазыұлы бүлдіршіндерді мерекелерімен құқттықтап жеке кәсіпкерлер мен мекеме басшыларына алғысын білдірді.
Әрине, мұндай ауқымы үлкен шаралар қаржылай демеушілік пен қолдау көрсету аясында өтетіні белгілі. Бүкіл жер шары балалары қуанып, шаттыққа бөленіп жатқан мереке күні біздің аудан балалары да ешкімнен кем қалмай бақытқа бөленді.
Клара ҚАЙЫПЖАНҚЫЗЫ
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.