Жақында Қ.Алтынбаев атындағы орталық мәдениет үйінде аудан әкімі Д.Мусиннің төрағалығымен өткен жұмыс кеңесінде аудандық Кәсіпкерлер палатасының директоры Ә.Мұқашева шаруа қожалықтары басшыларын, кәсіпкерлерді, жалпы аудан жұртшылығын бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне бағыттап, тұрмысы төмен отбасылар мен көмекке мұқтаж жандарға кеңпейілділік көрсетуге үндеген болатын.
Бүгінгі таңда қоғам назарын жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға аудару мақсатында елімізде сан түрлі шаралар жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Осындай жарқын істер Көкпекті ауданында жақсы жолға қойылған. Оған қайырымдылық шаралары барысында жомарттық танытатын азаматтардың көбейіп келе жатқаны куә. Аудан орталығындағы Қ.Раев атындағы балалар үйіндегі жетім және асыраушысынан айырылған балалар мемлекет қамқорлығында. Дегенмен, ата-ана мейіріміне сусаған балдырғандарға жан жылуын сыйлау, қайырымдылық пен қамқорлық жасау ешқашан көптік етпейді. Осы орайда 28 тамыз күні Әлия Орынбекқызының туысқаны, үржарлық кәсіпкер ?????? оның үндеуін қолдап, балаларға Үржардың бал татыған ала қарбызын тарту етіп, мерейін тасытқанын айтпасқа болмас.
Осы қуанышты екі еселендірген 29 жастағы ауыл кәсіпкері, «Алға, қазақ!» шаштаразының иесі Қабдуали Бақтай да бұл күні балаларға өзінің сый-сияпатын ұсынды. Ол 6 балаға ішінде қағаз-қарындаштары бар оқушы сөмкелері мен бір ер баланың мектеп формасын әкеліп, балалардың ризашылығына бөленді.
-2012 жылы тарихи Отаныма оралдым. Отбасымда екі балам бар. Оның біреуі Көкжайықта тұрғанда қайғылы жағдайға душар болып, мүгедектік арбасына таңылды. Кәсіпкерлікпен шұғылданған 12 жыл ішінде үнемі қолдан келген жақсылығымды жасап, арасында тегін шаш қиямын. Қайырымдылық жасау бала кезімнен бойға сіңген қасиет. Өзімнің хореограф мамандығымның арқасында өткен жылы Көкжайықта қазақтың «Қара жорға» биімен 150-дей оқушыны билетіп шығардым. Қазіргі таңда аудан орталығында аудан әкімінің қолдауымен шаштараз аштым. Ол жерде мен тек шаш қиюмен емес, аяқ-қол тырнақтарын әсемдеймін, әдемі шаш үлгілерін жасаймын. Алдымда жоспарларым көп. Мәселен, ұлттық той киімдерін жалға беретін «Назерке» және киім таңдауда қиналатын жандар үшін «Семіздер әлемі» атты дүкендерін ашпақпын. Осыған орай, екі адамды жұмыспен қамтуды да көздеп отырмын. Отаныма келгеннен бері, тынысым кеңіп, сүйікті кәсібіммен айналысуға мүмкіндік туғызған ел, облыс, аудан басшыларына ризалығым шексіз, - дейді жас кәсіпкер Қабдуали.
Оның бұл бастамашылдығы мен ерік-жігерінің күштілігі, тамшыдай болса да қамкөңіл балаларға қамқолық жасауы мақтауға, үлгі етуге тұрарлық іс.
Балалар үйінің оқу ісінің меңгерушісі Х.Құсайыновтың айтуынша, ауыз толтырып атарлықтай қайырымдылық шаралар легі мұнымен шектеліп қалмаған екен. Осыдан бір күн бұрын аудандағы белді омарташы А.Шаров жаз бойы қонақта болып, өзіне қолғабыс жасаған 4 баланы барлық сый-сияпатымен, аман-сау әкеліп тапсырыпты. Балалар жазғы демалыстарының пайдалы да табысты өткеніне дән риза. Тағы бір айта кетерлігі, Үлкенбөкен ауылының тұрғыны жеке шаруашылығын дамытып отырған Нұрғалиев Мұхиттың отбасы атынан құны 150 мың теңгенің көлемінде қыз балалар мен ер балалардың мектеп формаларын әкеліп сыйға тартуы. Мұхиттың айтуынша, ол қайырымдылық акциясы туралы аудандық басылым беттеріндегі жазылған мақалаларды оқып, осындай шешімге келген.
Жетімдерге қамқор болу, сөзімен де, ісімен де жәрдем беру – әр азаматтың міндеті. Қайырымдылық қанат жайып, сүйіспеншілік салтанат құрған елдің ғана болашағы баянды. Көңілі дархан даладай, кең пейілді қазақ – қашанда жетімін жылатпаған халық. Елбасы Н.Назарбаев: «Қазақтың Мәңгілік Ғұмыры ұрпақтың Мәңгілік Болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ – Мәңгілік Қазақтың Перзенті. Қазақ Елінің Ұлттық Идеясы – Мәңгілік Ел!» деген-ді. Ендеше, Мәңгілік Елдің ұрпақтары тұғырдан таймай, тек биікте самғай берсін, жүрегі мейірімге толы қайырымды жандар қатары көбейе берсін дейміз.
Бақыт ҒАББАСҚЫЗЫ
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.