Көкпекті ауданының әкімі Асхат Сайдахметұлы Смаилов Құлынжон, Аққала, Үлгілімалшы, Көкжайық және Қ.Аухадиев атындағы ауылдық округтерінде тұрғындар алдында есеп берді. Оған аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары және ауыл тұрғындары қатысты.
26 қаңтарда Құлынжон ауылдық округінде аудан әкімі А.Смаилов тұрғындармен өзінің кезекті есеп беру кездесуін өткізді. Кездесуді Құлынжон ауылдық округінің әкімі С.Құнафин өзінің 2018 жылы атқарған жұмысы туралы есеп беру баяндамасымен ашты. Одан кейін аудан әкімі Асхат Сайдахметұлы тұрғындар алдында өзінің 2018 жылғы атқарған жұмысы туралы есеп берді. Құлынжон ауылдық округінің акт залында есеп берген аудан әкімі өз баяндамасында өткен жылға ғана емес, аудан әкімі қызметіне тағайындалғалы бергі атқарылған істер турасында сөз қозғады.
- Ауданымыз – аграрлы өңір. 2018 жылы Көкпекті ауданы әкімдігінің жұмысы экономикалық даму қарқынын қамтамасыз етуге, сондай-ақ орнықты әлеуметтік кепілді құруға бағытталды. Өткен жылда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерінің оңды серпіні байқалады.
Аудан бойынша тау-кен өндіру өнеркәсібімен «Сәтпаев кен-байыту кәсіпорны» ЖШС («СКБК» ЖШС) металл кендерін өндірумен (ильменит концентратын өңдеумен) айналысады. Өңдеу өнеркәсібімен «Рыбпром» ЖШС балық өңдеу және консервілеумен (филе (сүбе), сүйек ұны) айналысады. 2018 жылы шығарылатын өнім көлемі 1018,4 млн.теңгені немесе 2017 жылдан 163,3 % құрады». Осы және басқа да жетістіктерді сөз еткен аудан әкімі ауданымыздың ауылдарын абаттандырудың маңызына ерекше тоқталды. «Ауыл да ауданның айнасы іспетті» – деді өз сөзінде Асхат Сайдахметұлы.
Өзге де жетістіктерге тоқталған аудан әкімінің есебінен кейін ауыл тұрғындары, округтегі халықты толғандырып жүрген мәселелерін айтып, өз сауалдарын қойды. Жер мәселесі, ауруханаға қаралатын жолдамалардың берілу тәртібі, интернет желісі сияқты ауыл халқы өз ұсыныстары мен сұрақтарын айтты. Ауыл тұрғындарының мәселесі шешімін таба қоймаса да көкейлерінде жүрген сауалдарын аудан әкіміне жеткізіп, тұщымды жауап ала алды.
Аудан басшысы бұл ұсыныстар бойынша жұмыс жүйелі жүргізілетіндігін жеткізді. Аудан әкімі және ауылдық округ әкімінің есебі тұрғындар тарапынан қанағаттанарлық деп танылды.
Жиын соңында «Көкжыра сүт» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің басшысы Асқар Қажығалиев, зейнеткер ұстаз Дәулетхан Қасымжанов жарыс сөзге шығып аудан әкіміне, ауыл әкіміне өз ризашылықтарын білдіріп, алғыс айтты.
Ары қарай аудан әкімінің есеп беру жиыны Аққала ауылдық округінде өз жалғасын тапты. Аққала ауылында өткен жиынға аудандық мәслихат хатшысы Талғат Манапұлы Сарманов төрағалық етіп, күн тәртібімен таныстырды. Күн тәртібі бойынша алғашқы сөз алған Аққала ауылдық округінің әкімі Мұхтар Жаңкебаев тұрғындар алдында өзінің 2018 жылғы атқарған жұмысы туралы есеп берді. Округ әкімінен кейін аудан әкімі Асхат Сайдахметұлы өзінің есеп беру баяндамасын ұсынды. Ары қарай тұрғындар аудан әкіміне, ауылдық округ әкіміне өз сауалдарын жолдады.
Дәрігерлік амбулаторияға жедел жәрдем машинасының қажеттілігі, малдарды егу жұмыстары жай орындалатыны, Самар және Көкпекті ауылдарының ауруханаларындағы халыққа ақылы қызмет көрсетудегі айырмашылықтар, интернет жүйесінің жоқтығы, үлкен жолдарға жол белгілерін қою және қаңғып жүрген иттерді жою, ауыл шетіндегі қоқыс төгілетін жердің мәселесі де назардан тыс қалмады. Осылайша Аққала ауылында өткен жиын халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелердің шешімін табуға себепші болды.
Атқарылған істер сараланып, үстіміздегі жылға мақсаттар айқындалып маңызды міндеттер қойылды. Халық пен биліктің арасындағы ашық диалог ел арасында қордаланып қалған мәселелердің шешімін тауып, жергілікті биліктің халық алдындағы беделін көтеріп, сенімін ақтайды деген ойдамыз.
Менсара Қанғашева, Казнаковка орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
- Жыл сайынғы есептік кездесулер халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналғаны қуанышты. Көпшілік көптен күтетін науқан. Есептік баяндамадан мемлекеттік бағдарламалардың аудан дамуына қосқан орасан әсерін анық байқауға болады. Өңірлік бағдарламалардың сәтті жүзеге асырылуы халықтың әл-ауқатын арттыруға тікелей әсер етеді.
Елбасының тапсырмасына сәйкес бірнеше жылдан бері барлық деңгейдегі әкімдердің халық алдындағы есеп беру жиындары өткізіліп келеді. Осынау маңызды саяси шара билік пен халық арасындағы байланыстың дәнекеріне айналды. Келелі басқосулар жергілікті жерлердегі әлеуметтік түйіндердің дер кезінде шешілуіне ықпал жасады. Біздің округ те алға қарай қадам басып, жаңа қарқында дамып келеді.
Уазира Хабайқызы, Аққала ауылының тұрғыны, ФАП қызметкері:
- Бүгінгідей кезекті есеп беруге жыл сайын қатысып тұрамын. Ауыл әкімі жұмысына оң баға беремін. Қыста жолымыз уақытында тазаланып, тұрғындарға жағдай жасалып тұрады. Аудан әкімінің де жыл бойғы атқарған жұмыстары көңілге қонымды, мақтауға тұрарлық.
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.