Ағымдағы жылдың сәрсенбісі күні аудан әкімі Асхат Сайдахметұлы жұмыс сапарымен Үлгілімалшы, Көкжота, Самар ауылдарында болып, әлеуметтік нысандарды аралады. Қысқа дайындық шараларымен танысып, бірқатар хаттамалық тапсырмалар берді.
Бірінші кезекте аудан әкімі Үлгілімалшы ауылында орналасқан Абай атындағы мектеп-балабақша кешенінде болды. Бұл мектептің төбесін жабу жұмысы құрылыс компанияларының салғырттықтарынан осы уақытқа дейін аяқталмауы аудан басшысын қатты қынжылтуда. Сол себепті, құрылыстың жай-жапсарын білу, бүгінгі жұмыс сапарының басты мақсаты еді. Құрылыс басында жұмыс тобын «Еңбек –Өскемен» құрылыс компаниясының мердігері Владислав Туров, прораб Санжар Бокин және ауыл әкімі Мерей Смағұлов, мектеп директорының м.а Санияр Айжақсина қарсы алды.
Осынау сапар барысында құрылыс жұмысы жайында тың мағлұматтарға қаныққан Асхат Сайдахметұлы алдағы атқарылар шараларды межелеп, жоспарлы жұмыстар қатарын нақтылады.
- Құрылыс жұмысы ІІ оқу тоқсанына дейін толық аяқталуы тиіс, мектеп маңындағы тазалық жұмыстары жүргізілсін, - деп қадап айтты аудан басшысы. Сондай-ақ, құрылыс жұмыстарымен танысып болған соң аудан әкімі мектептің жылыту жұмысын да тексеріп, оқушылар үшін жасалған жағдайларға қанықты. Мектеп жанында орналасқан 37 бүлдіршінді тәрбиелеп отырған «Балдырған» балабақшасында болып, білім беру бөліміне бірқатар тапсырмамалар жүктеді. Жұмыс сапары соңында мектеп директорының міндетін атқарушы Санияр Ысқаққызы аудан әкіміне жағдайларын біліп арнайы келгені үшін, мектеп ұжымы атынан ризашылығын білдіре келе, мектеп оқушылары үшін өзекті болып тұрған өтінішін білдірді:
- Мектепте жалпы 136 бала білім алады, соның ішінде 23 баланы Нұра және Сүлеймен ауылдарынан тасымалмен әкелеміз. Біздің мектептің автобусы өте ескі, сына береді. Қытай маркасындағы автобус, бұзылған жағдайда керекті саймандарды алу үшін арнайы Қытайға жіберуіміз керек. Әуре-сарсаңы көп, сондықтан да егер мүмкіндік болса автобус мәселесін шешіп берсеңіз, - деп өз ойын түйіндеді. Бұл мәселені қағазына түртіп алған, аудан әкімі қолдан келгенше көмектесетінін жеткізді.
Келесі кезекте аудан орталығында жуықта ашылған Көкжота ауылындағы жергілікті кәсіпкер жігіт Қанат Бикатовтың «Ұлттық ат спорт» мектебінде болды. Қазіргі таңда мұнда барлығы 12 ат бапталып, 2 адам жұмыспен қамтылған. Мектеп толық дайын болған соң штат бойынша 7 адам еңбек етеді. «Ұлттық ат спорт» мектебін аралап шыққан Асхат Сайдахметұлы аталмыш бағытта жанды жұмыс жүргізу барысында бірқатар тапсырмалар мен міндеттемелер тұрғанына көз жеткізді.
- Ең алдымен кез-келген жұмыстың негізінде тәртіп пен тазалық алдыңғы қатарда тұрады. Сондықтан да, есіктің алдында қардың тазаланбауы, шөптердің тиянақсыз жиналуы бұның бәрі ұсақ-түйек болып көрінгенімен үлкен сын. Сол себепті бәрін уақытша демей, нақты жоспармен жұмыс істеуің керек, - деп нақтылап айтты. Жұмыс сапары соңында ауыл әкімі Айнұр Отаршина мен атбегі жігіт Қанат Бикатовқа бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Түстен кейін аудан басшысы жұмыс сапарын Самар ауылдық округінде жалғастырды. Ең алдымен Самар ауылдық округінің ғимаратында ауыл тұрғындарын жеке мәселерімен қабылдады. Алғашқылардың бірі болып қабылдауға кірген Самар ауылындағы БЖСМ директоры Ержан Нұхаев спорт мектебінің ғимаратын рәсімдеудегі мәселерді шешуге көмектесуін өтінді. Осы мәселені мұқият тыңдаған Асхат Сайдахметұлы тиісті бөлім басшыларымен ақылдаса келе нақты жауап қайтаратынын жеткізді. Қабылдауға екі адам жазылып, заң аясында тиісті жауаптарын алды.
Қабылдау аяқталысымен аудан әкімі БЖСМ мектебінің екінші ғимаратына арнайы барып жұмыстың жай-жапсарымен танысты. Аталмыш спорт мектебінде қазіргі таңда жалпы 420 балалар мен жасөспімдер спортпен айналысуда. Олар үшін 6 секция жұмыс істеп, 19 жаттықтырушы еңбек етеді.
Бұдан соң аудан әкімі Самар ауылындағы ауыл азаматы Оралхан Сеңгербаевтың бастамасымен өз қаражаты есебінде іске асқан «Көкжыра – Бастау» жекеменшік балабақшасының жұмыс барысымен толық танысып шықты. Аталмыш балабақшада 92 бүлдіршін 4 топта тәрбиеленіп, бірқатар жұмыс орындары ашылады. Балабақашаның жұмыс жүйесіне көңілі толған Асхат Сайдахметұлы Оралхан Сайлауұлының жұмысына сәттілік тілеп, өз тарапынан қолдау көрсетінін айтты.
Қорыта айтқанда, аудан әкімі Асхат Сайдахметұлы ауылдық округтерге жасаған осынау сапарымен таяу аралықта жүзеге асырылуы тиіс қысқа мерзімді бірқатар шараларды нақтылады. Бұл тек атқарылар жұмыстардың бір парасы ғана. Ал, тұтастай алғанда ауданның экономикасын еселеп, әлеуетін арттырар мақсатты еңбек Елбасы Жолдауы мен бағдарламалық мақалаларының басымдықтары аясында нақты іске аса береді деп сенеміз.
Клара ҚАЙЫПЖАНҚЫЗЫ
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.