Қазан айының 31 күні жуықта пайдалануға берілген аудандық ардагерлер үйінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша қазақ фольклорын зерттеу экспедициясы жобасының негізінде кездесу болып өтті. Жұмыс тобының құрамында жоба жетекшісі, сазгер-ақын, Қазақстан Республикасының мәдениет ісінің үздігі, қаламгер Бағдат Оразбайқызы және баспасөз-хатшы Айзада Әділбаева болды. Аталмыш іс-шара аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен, әңгіме түрінде өрбіді. Оған ауыл ақсақалдары, аудандық тарихи-өлкетану мұражайының қор сақтаушысы Клара Смаилова, жергілікті ақын Фархад Маратұлы, аудандық мәдениет үйінің әншілері қатысты.
Кездесу барысында келген қонақтар өздерін таныстырып өтті. Бағдат Есдәулетова 1952 жылы Зайсан ауданының Үлкен Қаратал ауылында, өнерді сүйіп, қадір тұтатын мұғалімдер отбасында дүниеге келіпті. Жиырма жылдан аса Зайсан балалар музыка мектебінде музыка теориясынан сабақ берген. Сол жылдары Бағдат Оразбайқызы музыка пәні бойынша әдістемелік авторлық бағдарлама жасаған, балаларға арналған әндері де бар. Бағдат Оразбайқызы осы келелі жиында бас қосқан қауымға өзінің алғашқы көлемді еңбегі – «Шәкәрімнің үш анығы – бақытқа апарар үш баспалдақ» атты орыс тілінде жазған кітабымен таныстырды.
- Кітаптың мақсаты Шәкәрім Құдайберді-ұлының адамзат тәрбиесінің маңызы туралы философиялық ойлары өзінің көп жылғы зерттеулерімнің негізінде көпшілікке жеткізу. – дейді автор.
- «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша үлкен жоба өтіп жатыр. Облыс әкімі Даниял Ахметовтың тапсырмасымен Шығыс Қазақстанын да жобасын жүргізуге нұсқау берілген болатын. Жоба бес жылға жоспарланған. Аудандардан ауыз әдебиеті үлгілерін, ән дәстүрін зерттеп, жинақтап жүрміз. – деді өз сөзінде. Бағдат Оразбайқызы кездесуге қатысушыларды ауыл білгірлерінен жарыққа шықпаған ауыз әдебиетінің үлгілерін жинауға шақырады. Жиында сөз алған Үленбөкен ауылдық округінің әкімі, ақын Нұрлан Назарханов пен жергілікті ақын Фархад Маратұлы келген қонақтарға алғыстарын айтып, зерттеу экспедициясы аясында алдағы уақытта бірігіп жұмыс жасауға шақырды. Ал, Бағдат Оразбайқызы Көкпекті аудандық тарихи-өлкетану мұражайына кітабын естелікке сыйға тартты.
Шолпан АСЫЛБЕКҚЫЗЫ
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.