Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Қарттар күнін мерекелеу аясында Көкпекті ауданының орталығында Ардагерлер үйі ашылды. «Рухани Жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында аудан әкімі
Асхат Смаиловтың бастамасымен, жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен қысқа мерзімде жүзеге асқан игілікті жоба салтанатты жағдайда ашылды. Ауылдық округ әкімшілігінің ғимаратында орналасқан Ардагерлер үйі 24 қазанда пайдалануға берілді. Толық жөндеуден өткізілген ғимаратта қарттардың бас қосып, түрлі жиын өткізулеріне, шығармашылықпен айналысуы үшін барлық жағдайлар жасалған. Сондай-ақ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сләмбек Мұқашевтың жұмыс бөлмесі де осында. Мұнда қазыналы қариялар бірлесіп жұмыс істеп, түрлі бастамаларды жүзеге асыратын болады.

 

Салтанатты жағдайда ашылған Ардагерлер үйі әдемі, оның ішінде қариялармен жұмыс істейтін тұлғаларға арналған кабинеттер жабдықталған. Ардагерлер үйінің салтанатты ашылуына аудан әкімі Асхат Сайдахметұлы және ауылдық округтерден келген құрметті қариялар қатысты. Алғашқы лента қию рәсімін тыл ардагері, көп балалы ана Бағила Тыныбаева, Көкпекті ауданының құрметті азаматы Қуан Түсіпбеков және Қ.Аухадиев атындағы ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрайымы Таисия Шнайдер кесіп, ақ әжелер шашу шашты.
Іші кең, терезелерінен жарық төгілген ғимаратта қариялар үшін барлық жағдай жасалған. Демалатын жұмсақ жиһаздар, теледидар, шахмат, дойбы ойнайтын, газет-журналдар оқитын үстелдер қойылған. Қабырғаларына қазақтың үш биі мен үш алыбы, ауданнан шыққан Ұлы Отан соғысы батырларының, ардагерлер ұйымының жұмысынан сыр шертетін фотосуреттер ілінген. Аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының жұмыс бөлмесі де осында орналасты.
Аға буын өкілдері бас қосқан шарада аудан әкімі Асхат Сайдахметұлы жиналған қауымды орталықтың ашылуымен құттықтады.
- Осындай тамаша сәтте сіздермен бас қосқаныма қуаныштымын. Кешегі күнін қадірін білмесек, ертеңгі күнге жол жоқ. Сіздердің ерен еңбектеріңіздің арқасында бүгінгі күнге жетік. Ардагерлер үйінің ашылуымен жиналған қонақтарды құттықтай келе, аз уақыттың ішінде осы ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізіп, кәсіпкерлердің басын біріктіріп, жұмысты ұйымдастырған азаматтарға алғысын білдірді.
Келесі сөз кезегі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сләмбек Насырбайұлына берілді.
- Құрметті ардагерлер! Сіздерді біріншіден, мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Дендеріңізге саулық ,жанұяларыңызға береке-бірлік тілеймін. Көкейімізде жүрген бір іс ардагерлер үйін ашу болатын - ол күн де келіп жетті. Жұмыла көтерген жүк жеңіл, Бірлік бар жерде тірлік бар дегендей, бір адамдай жұмылып, бөлім қызметкерлері мен кәсіпкерлер ардагерлер үшін барлығы көмектесті - дей кел, Сләмбек Насырбайұлы аудан әкіміне барлық ардагерлер атынан қолдап, осындай сый-құрмет көрсеткені үшін рахмет айтты. - Ауданымыз өркендеп өсе берсін, халқымыз аман болсын, – деп сөзін түйіндеді. Сол сияқты Тассай ауылдық округінің құрметті азаматы Қуан Түсіпбекұлы, «KÓKPEKTI» журналы ақылдастар алқасының мүшесі Ратбек Арынұлы, Бастаушы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шахарбек Ғабитовтар «Мұндай ардагерлер үйі ауданымызда тұңғыш рет ашылып отыр», - деп жиналғандарға ақ тілегін арнады. Құттықтау сөз сөйлеген қариялар өздеріне арнап демалып, бас қосатын үйді ашуды қолға алған аудан басшысына алғыстарын айтты. Ал, Шұғылбай ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауыл имамы Өмір Рақымжанов ақ батасын берді.

Алдағы уақытта осы ардагерлер үйінде бас қосқан жиындар еліміздің болашағына, жас ұрпақтың тәрбиесіне үлкен септігін тигізеді деген сеніммен жұмысына сәттілік тілейміз. Ардагерлер үйінің салтанатты ашылуынан кейін мерекелік іс шара аудандық мәдениет үйінде өткен концертке ұласты.
Ортамызда жүрген қарияларымыздың бір кезде елі, халқы, келешек ұрпағы үшін жасаған игі істері ерекше орын алады. Қазіргі кезде біздің мемлекетімізде қарттарды қолдауға үлкен мән беріліп, көңіл аударылып, үкімет тарапынан жан-жақты қамқорлық жасалуда. Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, еліміздің бейбітшілікте тыныш өмір кешуіне өз үлестерін қосқан осы ардақты да аяулы қарттарымыздың арқасы. Саналы ғұмырларын Отан деп, тынымсыз еңбектерімен мемлекетіміздің негізін салуға жол ашқан алдыңғы буын аға-апаларымыздың өмір жолдары бүгінгі ұрпаққа табылмас қазына.
Мерекелік шарада сөз алған аудан әкімі Асхат Смаилов аудандағы барша қарттарды мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Ауданымыздың көркеюіне, гүлденуіне, дамуына ұзақ жылдар бойы еңбек сіңіріп, бүгінде зейнеткерлікке шыққан азаматтарды мерекеге орай марапаттады.
Қойгелді Аухадиев атындағы ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрайымы, білім беру саласының ардагері Таисия Васильевна Шнайдер - «Көкпекті ауданының құрметті азаматы» атағымен, Виталий Ефимович Лихомяжев, Виктор Николаевич Лопаткин, Клара Рафикқызы Смаилова сынды ардагерлер - «Көкпекті ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына сіңірген еңбегі үшін» медалімен, Бағила Тыныбаева, Құмар Құнапияұлы Құнапиянов, Ратбек Смағұлұлы Аринов, Нүриля Әскерқызы Шалова, Алтынғазы Мұқатайұлы Оразаев, Жақыпжан Садуақасов сынды қариялар - «Еңбек ардагері» төсбелгісімен, Өмір Рақымжанов, Қадір Сембаев, Вера Домме, Шахарбек Ғабитов, Сайлямхан Чалова, Эмма Степанова, Әбен Багадиев, Стефанида Виничук, Ғалия Жакупова, Зоя Бойковалар - «Ауыл еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Қалихан Алтынбаев атындағы аудандық мәдениет үйінің әншілері, балалар өнер мектебінің оқушылары қадірменді қонақтарға өз өнерлерін көрсетті. Ал, «Елге сәлем» әнімен шыққан «Інжу-маржан» әжелер ансамблі көрерменге шашу шашты. Жастардың өнеріне тәнтті болған ата-әжелеріміз бір серпіліп қалды.
Сондай-ақ, шара барысында «Хофнунг» этно-мәдени орталығының белсенді мүшесі Эмма Степанова қарттарға құттықтау лебізін, ризашылығын жеткізді.Ауданның жастары атынан жастар орталығының директоры Азамат Халықов құттықтау тілегін білдірді:
- Армысыздар елінде өсиет, жерінде қасиет бар ұлдары ұлықты, қыздары қылықты Көкпекті ауданының тұрғындары. Армысыздар, аса қадірменді ардагерлер. Сіздерді жылы, шуақты мерекемен өскелең ұрпақ жастар атынан құттықтауға рұқсат етіңіздер. Аса құрметті ардагерлер, жыл сайын қазан айын жылы және жүрекжарды мереке ретінде қабылдаймыз. Сіздерге баянды бақыт, зор денсаулық, амандық тілейміз. Жақындарыңыздың өздеріңізге деген сарқылмас сүйіспеншілігі мен мақтанышы арта берсін.
Қарттарым жүректерің неткен дархан,
Көтерген тұрмыс жүгін сенің арқаң.
Жолыңды жүріп өткен қарасам мен,
Оқитын келешекте бір-бір дастан.
Таң атып, күн де шыққан өздеріңмен,
Жалындап жұлдыз жанған көздеріңмен.
Тербедің көктем бағын самал болып,
Өсиет жастарға айтқан сөздеріңмен. - деді жастар көшбасшысы.
Әйгілі айтыскер ақын Фархат Маратұлы «Мейрамын құтты болсын қариялар» деп жырдан шашу арнады. Жиылған жұрттың жүрегіне қуаныш сыйлаған шара ақ дастархан басындағы мағыналы отырыспен жалғасты.
Міне, бүгін де игі дәстүр ізімен аға буын өкілдеріне сый-сияпат көрсетілді. Айтулы шараға көмек жасап, қол ұшын берген Александр Шынтеміров, Ержан Қойгелдин, Қайрат Баймолдин, Қайрат Дүйсенбаев, Болат Бекбердинов, Жұмабек Күшікпаев, Владимир Виничук, Александр Бойков, Халел Фахрутдинов, Мұрат Жакупов сынды жомарт азаматтарға елдің алғысы шексіз. Бұл күні барлық жанның көңілдеріне жылулық сезімін ұялатқан әдемі бір кештің куәсі болдық.
Фарида Әкімханқызы Тоқтарова, Мариногорка ауылдық округінің тұрғыны, ардагер ұстаз:
- Ауданда тұңғыш рет ардагерлер үйінің ашылғанына өте қуаныштымын. Бұл ғимарат енді ақсақалдары мен ел басшылары ғана емес, ауданнан тысқары елді мекендердің де зиялы азаматтары бас қосуға келіп, өз ойларын ортаға салатын орын болмақ. Биік адамгершілік пен салт-дәстүрді бойына сіңіріп өскен бұл ардагерлердің желкілдеп өсіп келе жатқан жасөспірімдерге айтары да, көрсетер үлгі-өнегесі де көп.
Бағила Тыныбаева, Көкпекті ауылдық округінің тұрғыны, зейнеткер, тыл ардагері:
- Бүгінгі салтанатты түрде тұсауы кесіліп, пайдалануға беріліп жатқан ардагерлер үйінің ашылуының басты қонағы болдым. Аудан басшылығы жасымды сыйлап, құрметтеп лентаны қиғызғаны үшін аналық алғысымызды айтамын. Барлық замандастарымды бүгінгі мерекемен құттықтай отыра, үлкендерді ұлықтаған балаларыма батамды беремін. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын.

Шолпан АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

Пікір:

Редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов. 

 

 

Күнтізбе

<< < Қазан 2018 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
30 31        

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз